Қожанасыр: аңыз-ертегілер

Oinet.kz 23-03-2020 4470

image.png

Қожа көшеде адасып жүрген бір қойды ұстап, сойып алады. Оны бір жолдасына сыр ғып айтады. Жолдасы:

— Қияметке барғанда не деп жауап бересің? — дейді.

— Танамын, мен жеген жоқпын деймін.

— Жоқ, тана алмайсың, қойдың өзі келіп куә болады.

— Онда тіпті жақсы, ұстап алып, иесіне қайтарып беремін, — депті Қожекең.

***

Қожекең басына сәлдесін орап, көшеде келе жатады. 

Біреу аптыға жүгіріп келіп:

— Мына хатты оқып беріңізші! — деп өтініпті.

— Мен хат танымаймын.

— Ендеше неге басыңызға сәлде орайсыз?

— Е, мәселе сәлде де болса, мә, басыңы ора да, хатыңды оқып ала ғой, — депті оған Қожекең.

***

Хан Қожанасырды шақырып алып, алдына ақша қойыпты да былай депті;

— Қожеке, мынау бір сом мен бір тиын. Осының қайсысы көп, соны айтшы?

Қожа ойланып тұрып:

— Әрине, бір тиын көп, — депті. Таң қалған хан:

— Неге бір тиынды көп дейсің? Себебін айтшы?

— Себебі, бір сом дегенде алты әріп бар. Ал бір тиын дегенде жеті әріп бар. Өзіңіз айтыңызшы, алты көп пе, жеті көп пе?..

***

Қожекең бірде бояу шеберханасын ашады. Шеберханаға келіп-кетіп жатқандардың бірі Қожекеңді мұқатпақ болып:

— Қожеке, мына бір затты ешкім естімеген, ешкім көрмеген яғни, қара да емес, ақ та емес, көк те емес, қызыл да емес, сары да емес, жасыл да емес, қоңыр да емес, сұр да емес, бір түске бояп берші, — дейді.

Қожанасыр оның кекесінін түсіне қояды:

— Жарайды, айтқаның болсын, тастап кет.

— Қашан келейін? — дейді анау, қулығын асырдым деп мәз болып.

— Қашан келсең де өз еркің. Бірақ сен келетін күн дүйсенбі де, сейсенбі де, сәрсенбі де, бейсенбі де, жұма да, сенбі де, жексенбі де болмасын, — дейді сонда Қожанасыр.

***

— Мен жақында есік алдына өрік шыбығын отырғыздым. Жеміс берген кезінде бәріңді өрікке сылқитып бір тойғызбақшымын, — дейді Қожа жолдастарымен отырғанда. 

— Ой, рахмет, Қожеке. Осы тәтті лебізіңнің өзіне өрік жегендей тойып қалдық, — деген олардың сөзін естіген Қожа:

— Өрікке тойып қалсаңдар, отырғызған шыбықтарымды жұлып тастап, алма ағашын отырғызайын. Бұған да мерзімінен бұрын әлгіндей тойып қалсаңдар мені тер төгіп еңбектенуден құтқарар едіңдер, — дейді.

***

— Соңғы күндері сені әлдебір ой меңдеп алған тәрізді. Нендей ой екенін мағанда айтсаңшы, бәлкім жәрдемім тиер,- депті Қожаға кемпірі. Сонда жарықтық терең күрсініп:

— Жаман айтпай жақсы жоқ. Қатын, әбден қартайыпсың. Екеуміз отау құрғанымызға да қырық жылдан асыпты. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген. Танысып қоялықшы, осы сенің атың кім? — деген екен.

***

— Теңіздің суы неге ащы? — деп сұрапты біреу Қожанасырдан.

— Теңіздің суы қозғалыссыз бір жерде тұрады, сондықтан ашып кеткен ғой, — депті Қожанасыр.

***

Әпенді мен Алдаркөсе Ыстықкөл жағалауын айналып жүр екен. Алдаркөсе Әпендіден:

— Қожеке, мына көлдің суы неше шелек шығар екен? — деп сұрапты.

Әпенді ойланбастан:

— Осы көлдей шелек тапсаң, бір-ақ шелек шығады, — деген екен.

***

Қожанасырдың қолында өте әдемі жүзікті көрген саудагер досы Қожанасырға былай депті:

- Қожеке екеуміз бұрыннан доспыз. Жақында қажылыққа барамын, сізді қатты сағынатын боламын. Сондықтан жүзігіңізді маған сыйға берсеңіз, сізді сағынған кезімде жүзікке қарап сізді көргендей болар едім.

- Мен де сізді сағынатынға ұқсаймын. Ең дұрысы жүзік өзімде қалсын. Жүзікке қараған кезімде, досым сұрағанда бермеп едім деп сізді еске алып.

***

Бірде Қожанасыр өзінің мініп жүрген есегін жоғалтып алады. Онысын өзі жаяулатып іздеп жүреді. Бір кезде ашық тұрған қораны көреді де, солай қарай тарта жөнеледі. Қораға кіріп, ішін аралап жүргенде, бір қыз бен жігіттің сүйісіп тұрғанын байқап қалады. Жігіт өзінің қызына:

- Мөлдіреген көздеріңнен дүние көрінеді! – дейді. Сол уақытта Қожа атып шығып:

- Қарай салшы, менің есегім көрінбей ме? – депті.

***

Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» - деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауғам айға ілініп қалған екен ғой», - деп, Қожа жұлып тартып қалғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:

- Не болса, о болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! - депті.

***

Баяғыда біреу той жасапты, тойға көп кісі жиналыпты, Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман екен. Қожанасырды ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш», - демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді, ет келгенде:

- Қожеке, алыңыз, алыңыз! - деп, қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:

- Же, шапаным, же! - деп, отыра береді.

Үй иесі:

- Сіздің бұ не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? - дейді.

Сонда Қожа:

- Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным! - деп, жауап береді.

***

Қожанасыр бір мейрамхананың алдына тауарларын жайып қойып сауда жасап жатқанында, мейрамхананың иесі Қожанасырға:

- Қожеке, әр күні мейрамхананың алдында тамақтардың иісінен пайдаланасыз, мұның ақшасын төлеуіңіз керек!- дейді.

- Тамақтың иісіне де ақша төлене ме?

- Иә, менің тек қана палау мен мантыларыма ғана емес, олардың иістеріне де ақша төлейсіз, әйтпесе қазыға барып сөйлесеміз.

Екеуі бірге қазыға барады. Қазы:

- Ал Қожеке, бұған не айтасыз?-дейді.

- Дұрыс, депті Қожа. Тамақтардың иісінен аузымның суы құритыны рас, бірақ әр күні санаған ақшамның дауысын естіген бұл кісінің ойына ақша келетіні де рас. Ендеше тамақтың иісіне ақшаның дауысымен төлеп, бұл есепті жабайық...

***

Бір күні Қожанасыр түнде шөлдеп құдыққа барып су ішейін депті. Құдықтың түбіне қараса айдың бейнесі суға түсіп тұр екен. Ол ай құдыққа түсіп кеткен екен деп шелекті құдықтан қатты тартқаны соншалық тіпті өзі шалқасынан түсіпті. Аспанға қараса ай тұр екен. Сонда Қожанасыр қуанып "Айды аспанға бір шығардым ау" депті.

***

Қожанасыр жолда келе жатып жаңғақ ағашының астына көлеңкелеп отырады. Ағаштың маңында асқабақ бақшасы бар еді. Қожа: «Мына табиғаттың қызығын-ай асқабақтың сабағы кіп-кішкентай бірақ жемісі менің қапшығымдай үп-үлкен. Ал мына діңгегі қалың еңгезердей ағаштың жемісі болса есектің көзінен де кіп-кішкентай» деп іштей ойлайды. Ол осылай ойлап отырғанында басына тарс етіп бір жаңғақ түседі. Шекесі қызарып қалған қожа жаңғаққа бір, асқабаққа бір қарап: «Тәубә, сөзімді кері алдым. Астында отырған мына ағаш асқабақ ағашы болғанда қайтер едім» деген екен.

***

Қожанасыр бір танысының үйіне қонаққа барады. Үйдің иесі тұрып қалған нан мен бір табақ бал алып келеді. Қожанасыр қатқан нанға тісі өтпегеннен кейін, балды қасықпен алып жей бастайды. Оны көрген сараң үй иесінің көзі шыға жаздап:

- Ойбай, абайлаңыз! Бал нансыз желінетін болса адамның ішін күйдіріп жібереді, - дейді.

Қожанасыр балды жеп бітірген соң:

- Кімнің іші күйіп жатқанын бір құдай біледі, - деген екен.

***

Қожанасыр қыстың күні арықтағы суға мысығын жуып отыр екен. Оны көрген көршісі, күн суықта жуғаның не өледі ғой депті. Көршісі бір айналып келсе Қожанасыр мысығым өліп қалды деп жылап отыр екен. Айттымғой саған күн суықта жусаң өледі деп дейді. Сонда Қожанасыр мен оны жуғаннан кейін тірі болатын сыққанда өлді депті.

***

Қожа керілдесіп тұрған екі жігіттің үстінен шығып қалып, арашаға түсіп, бірін жетектеп ол жерден алып кетеді.

Ызадан қалшылдап келе жатқан жігіт былай шыға бере:

- Қожеке, сен арашаламағанда әлгінің жағын айырып жіберетін едім, - дейді кіжіне сөйлеп.

- Пайданы білмейді екенсің, - деп ұрсыпты Қожа сонда әлгі жігітке, - оның жағын жұдырығыңды ауыртып айырғанмен ол саған бір теңге де бермейді. Сен одан да менің отынымды жарып, балтамен-ақ айырып бер. Шайлық ақша таппағаныңды көрейін.

***

Суық шай

Қожанасыр бір күні шайханаға келіп «суық шай бар ма?» дейді. Шайханашы таңырқап қарап «жоқ» дейді. Қожекең екінші күні тағы келіп «суық шай бар ма?» деп сұрайды. Шайханашы «жоқ әрине, бізде үнемі шай ысып тұрады» дейді. Үшінші күні шайханашы Қожекеңнің келетінін ойлап, оған арнайы шай суытып қояды. Қожекең келіп «суық шай бар ма?» дегенінде, шайханашы «бар, сізге арнайы дайындап қойдым» дейді. Сонда Қожекең «Онда ысытып әкел, шай ішейік» деген екен.

***

Қожанасыр етікшіге барып, етік тіктіріпті. Дайын болғанында етікші Қожанасырға «бір аптадай аздап қысып жүруі мүмкін, одан кейін түсіп кетеді» дейді. Қожанасыр үйіне келіп, етікті әйеліне береді де: «Мынаны бір жерге сақтап қой, бір аптадан кейін бересің, әйтпесе аяғымды қысады екен» депті.

***

Бір тәкаппар адам жамағаттың арасында аяғын созып, керіліп отырған еді. Мұны көрген Қожанасыр да оған қарай аяғын созып алады. Бұған тәкаппар адам ашуланып, айғайлай бастайды:

- Өй, сен маған құрметсіздік жасадың ғой, сен және есектің арасында қандай айырмашылық бар өзі?- дейді.

Сонда Қожанасыр дереу өзімен әлгі адамның арасындағы қашықтықты өлшеп:

- Есек пен менің арамдағы айырмашылық 3 метр, - деп жауап берген екен. )))

***

Өлген қазан

Қожанасыр қонақ шақыратын болып көршісінен үлкен қазанын сұрап алыпты. Ертеңіне қазанын әкетуге келген көршісі жуулы қазанының қасында өзінікіне ұқсаған кіші қазанның да тұрғанын көреді. Қожанасыр қалжыңдап: «Түнде толғатып қазаның босанды» дейді. Көршісі еш кідірместен: «Ә бәрекелді, жақсы болған екен» деп екеуін де алып кетеді. Келесі жолы қонақ шақырғанында Қожанасыр әлгі көршісінің қазанын тағы сұрап алады. Бұл жолы қазанын әкетуге келген көршісіне Қожекең: «Қазаның жоқ, қазаның түнде толғатып жатып өліп қалды» дейді. Көршісі ашуланып: «Қазан өлуші ме еді, басымды қатырма, қазанымды бер» дейді. Сонда Қожекең: «Толғатып тағы бір қазан туғанына сенген адам, өлгеніне де сенуі тиіс» деген екен.

***

Қожанасыр бір күні кілтін жоғалтып алады. Бақшада іздеп жүргенінде әйелі:

– Кілтті қай жерге түсіріп алған едіңіз?-деп сұрайды. Қожа:

– Қай жерге түсіргенімді білсем іздеп жүрер медім?- депті.


Алдар көсе мен бай (ІІ – нұсқа)
Қазақстанның таулары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу