Теке сақал, қырма мұрт - елдің түбіне сол жетер

Oinet.kz 16-08-2024 2800

Дін - десе шайтан көргендей үркіп кететін қазаққа соншалық не көрінді, бабалар ұстанған асыл дініміз қоғамға неге сыймай барады ?! Сөзді сағызға айналдырмай тура айталық қазақтың сескенетіні - әсіре діншілдік. Қазақ әу бастан әсіре діншіл болған емес , тіпті оған аса қауіппен қарағаны тарихтан мәлім.

Screenshot_2.jpg

Қажы Шәкәрімнің:

Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,

Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,

Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.

Дiн адамды бiр бауыр қылмақ едi,

Оны бөлiп, дұспандық қару жасар.

Iнжiл, Құран – бәрi айтып тұрса-дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

Сүйтiп бұзып, бүлдiрiп есiл дiндi,

Дiн десе бiлiмдiлер тұра қашар.

Ешбiр дiн үйтiп дұспан бол демейдi,

Қанеки, бұл сөзiме кiм таласар? - деп жай айтпаса керек.

Мәшһүр Жүсіптің:

Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар да, мұрты жоқ.

Теке сақал, қырма мұрт,

Елдің түбіне сол жетер... - дегені көргендік болса керек.

«Мұсылман белгісі» кітабын жазған Ыбырай Алтынсарин:

Біз надан боп өсірдік,

Иектегі сақалды.

"Өнер-жігіт көркі" деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен, достарым,

Сіздерге бердім батамды , - депті.

Алаш төресі Әлихан Бөкейхан:

Молдалар қазақ баласына тарих оқымаңдар, құран оқыңдар, тарихта пайғамбар жайлы ешбір сөз айтылмайды деп үгіттейтін көрінеді. Бұл өте қате ұғым.

Сабақтай отыра әсіре діншілдікке қатысты қазақта бұрындары солақай көзқарас болғанын көреміз. Орыс патшасы Екатерина - 2 қазақ әсіре діншіл еместігін біле том - том құран бастырып қазақ даласына таратқаны бар. Міне, бұл дінді саясатқа араластырып қазақты уландырудың, жоюдың, адастырудың бір тәсілі еді.

Кеңес үкіметінің тұсында рушылдық пен діншілдік жойылып қазақ дінсіз өмірге бет алды. Ақыр аяғында коммунистік идеологияның жемісі қазақ араққа салынып адамның нағыз надандық көрінісін көрсетті.

90 жылдың басында кеңес үкіметі құлап дінге есік ашылды. Баласының арақ ішпей намазға жығылғанын көріп қазақ өлердей қуанды. Мешіттер көбейіп ішіне жұрт сыймай кетті. Әсіресе жастар легі қуантты. Арақ ішу тыйылып қазақтың беті бері қарайды дегенде қазақ оңбай шатасқанын білген жоқ. Сөйтсе діннің ішінде дін барын әу баста ешкім сезбей қалды, анығы сездірмей жіберген дұрыс болар . Бұл да қазақ қоғамын бөлудің бір тәсілі екенін әлі күнге шейін бірі түсінсе, бірі түсінбей қалған. Айтқандай бұл жолғы жау алыстан емес, іштен шыққанын білуіміз бек керек. Жағдайдың өршіп кеткені сондай өзі аз қазақ араб елдеріндегі соғысқа қашты. Қаншама қазақ ата - анасының көз жасы ағылды, мыңдаған бұзылған тағдыр қайран кетті. Әлгінің кесірінен қазақтың қанша тепсе темір үзетін жігіттері түрмеде отыр.

Бір сөзбен 2000 жылдан бастап қазақ даласындағы дін бөлінді. Мұртын қырып сақал өсіргіш, балақ кескіш жастар әбден тұрақталды. Билікке ұмтылды, діни ұйымдар ашылды. Шолпы таққан қазақ қыздары қара жамылды. Балаларының есімдері еврей мен араб аттарынан болды. Кешегі кеңестік заманда қарама - қарсы отырып әке мен бала , аға пен іні арақ ішіп төбелессе , енді намаз оқымайсың кәпірсің деп қырық пышақ болды. Діншілдер мен дінсіздерге бөлініп арада шекара орнады. Ақылға сыймайтын уағыздар легі тарап кетті.

Енді қараңыз әсіре діншілдер арасында басының жартысымен ғана кіріп кеткендер бар. Олар біздің арамызда , олар біздің әріптестер, олар бапкер, олар қоғамның әр сатысында орын алған. Ең қиын кезең осыларда болса керек. Қоғам қабылдай қоймағасын өздері бір төбе болып іс қылады, бірге жиналады, кейде пікір таласады. Ол бауырларымыз осы кеткенімен енді кеткен. Олардың балалары да ата - ана жолын қууға тура келеді , өйткені оларда таңдау құқығы жоқ. Қазақ қоғамының бір бұрышы болып қаланып жатыр . Ең сорақысы ешқашан біз оларды, олар бізді түсінбей кетеді. Негізгі саясат бойынша қазақ қоғамының ең болмаса үштен бір бөлігі әсіре діншіл болу керек-тін. Қуанышымызға орай әсіре діншілдік табиғатымызда жоқ болғасын олар аз. Дейтұра белді босатуға болмайды.

Орыс патшалары қазақты дінмен улап құртқысы келді.

Кеңес үкіметі бұдан пайда жоқ екендігін көріп керсінше дінсіздікке тығып қазақты надан қылғысы келді.

Енді өзіміздің билік қоғамға діннің небіріне жол ашып , қазақты бөліп билегісі келеді.

Бір сөзбен дінді қару ретінде пайдалану саясаты әлі жүріп жатыр. Алда не күтіп тұрғанын Аллаһ біледі.

ДАСТАН Әбдірахманұлы

Спортшылар қазақты бүкіл әлемге салафит, діни фанатик ретінде танытты
Омар Хайямның 10 нақылы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу