Пойызда кемпірді өлтірмек болған алпамсадай жігіт елді таң қалдырды..

Oinet.kz 24-02-2024 1375

15938422314ggef_1000x768.jpg

2004 жылдың тамыз айы. Жазғы демалыс бітіп, түстікке қарай бет алған достар Ташкент-Мәскеу пойызына билет алдық. Аптап ыстықтан терлеп-тепшіп, вагонға мінгеніміз сол еді, біз жайғасқан орынның төменгі бөлігінде отырған орыс ұлтының өкілі бізге тыжырына қарады. Әдетте жа­йымыз жоғарыда екенін айтып, төмендегі сапарластармен әңгіме-дүкен құрып, жолды қысқартып баратынбыз. Байқауымызша, бұл тәтей бізге ондай мүмкіндік жасамайтын сияқты.

Анық аңғарыппыз. Әлгі жолаушы бізге ғана емес, өткен-кеткеннің бәріне тиісумен болды. Оған билет тексерген жолсерік те, ақ жаймалар таратқан жолсерік көмекшісі, ары-бері шай тасыған адамдар, балық сатқан саудагерлер, жылаған балалар да ұнамайтын болып шықты. Әрқайсысына әйтеуір бір себеп тауып, тұқыртумен болды.

Арада бір сағат өткенде ортамызға ақша айырбас­таушы келді. Біздің «көрші» шақырып алып, айырбас жасайтынын айтты. Біраздан соң оралатынын айтқан валютчик келіншекке өзін «әжей» емес, «қыз» деп айту керектігін ескертті.

Оңаша купе де емес, жалпы орында адам жүрмей тұрмайды. Көпке көңілі тарылып отырған серігіміздің ісі санаға салмақ салмай қоймады. Бәріміз бір-бірімізге қарап, іштей наразылығымызды білдірген болып келеміз. Бірақ бірімізде үн жоқ.

Бір кезде ол пойыз терезесінен далаға қарап, жанында отырған әйел адамға орыс тілінде: «Қарашы, қазақтың жері сондай адам тұрғысыз. Дала бостан-босқа жатыр. Мен тұратын Өзбекстанда бәрі жолға қойылған. Қазақтардың жалқаулығынан уақыттары босқа өтетіні байқалады. Біздің елде экономикаға бетбұрыс дұрыс. Экспортқа «Тико» көлігін шығарады», – дей бергені сол еді, қарсы беттегі жоғарғы орында манадан үнсіз жатқан Сайт есімді азамат басын көтерді. Әңгіме айтылып жатқан жерге жақындап: «Ей, кемпір, өшір үніңді. Енді бірдеңе десең, терезеден далаға лақтырып жіберемін. Мүрдеңді адам таба алмайды. Қазақтың жерінен өтіп жатсың ба, сені құрметтеген жұртқа сен де ілтипат көрсет. Олай ете алмасаң, менен де жақсылық күтпе», – деді қазақ тілінде қызына дауыстап.

Алпамсадай ірі денелі ағайдың қатқылдана айтқан сөзі мен әрекетіне біз де тосылып қалдық. Біраз уақыттан кейін ағадан: «Шынымен солай жасайсыз ба?» – дегенімде күліп: «Қатты айтып, қорқыныш әкелдім бе? Қайдағы, мен адам өлтірушіге ұқсаймын ба? Бірақ қызба мінезім ұлтым жайлы ерсі әңгімелерді естігенде қайнап кетті. Қазаққа тілі, кесірі тигендерді жөнге салмай тұра алмаймын», – деді жүзі жайраң қағып.

Қытымыр апайымыз біз түскенше ләм-мим деген жоқ.

Үйге жетемін дегенше «ешкімге тиіспей жай жатқан ел» азаматының туған жерге, елге деген адалдығы мен намысқойлығына сүйсініп, ұзақ уақыт ол әсерден арыла алмай жүрдім.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

Арам оймен келген жігітті терлетіп жіберген жесір келіншек...
Шындыққа құштарлық Һәм Қабдеш
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу