Арам оймен келген жігітті терлетіп жіберген жесір келіншек...
Баяғыда бір есерсоқтау жігіт ауылдағы бір жесір әйелдің үйіне барыпты. Өзі есерсоқ болса, өзі жесір әйелдің үйіне барса, не мақсатпен барғаны белгілі ғой. Келген қонаққа кет демейтін қазақы тәрбиемен өскен әйел, жігіттің меселін қайтармайын деп, бұйымтайын сұраған екен.
Жігітіміз езуі ыржиып, есекдәмесі қозып, "Ой, жеңеше, бір терлесем бе деп келдім" деген екен. Әйел де әңгіменің мәнісін түсінген сыңай танытып, "Қайыным-ау, ер жігіттің тері шыққаны жақсы ғой, қимылдап терлейсің бе, қимылдамай терлейсің бе?" дейді.
Ойының іске асарына әбден көзі жеткен жігіт, одан бетер шәниіп, "Пәлі, кескен теректей қимылсыз жатқаннан, қимылдап терлегенге не жетсін, шіркін?!" депті. "А, ол ойың да дұрыс екен, ендеше, терлесек, терлейік" - деген келіншек жігітті қораға қарай бастай жөнеледі.
Келіншектің кетәрі емес екенін, өзі бастап қораға жетелегеніне емексіген жігіт артынан ере жөнеліпті. Келіншек жігітті ертіп келіп, қиы ойылып, енді шығаруды күтіп тұрған қораға кіргізіп жібереді. 3-4 сағат қи шығарып, борша-боршасы шыққан жігіт, "Жеңеше-ай, бүйткенше қимылдатпай-ақ терлете берсеңіз де болғандай екен..." дейді күмілжіп.
Сол сәтте әйел, "Жарайды, қайыным, олай болса, қимылдамай-ақ терлейік, үйге жүр" деп, үйге қарай ерте жөнеледі. "Ее, Құдай-ай, ақыры көксегенімді қолыма ұстататын болдың-ау" деген жігіт сүмеңдеп жесір әйелдің соңынан ереді. Үйге келген соң жақсылап отырып бір шәйнек шайды ішкен жігіттің самайынан тер сорғалайды. Соны көрген әйел, "Ал, қайыным, қимылдап бір, қимылдамай екі терледің, енді қайт, күн кешкіріп қалды" деп аттандырып жіберген екен.