Шындыққа құштарлық Һәм Қабдеш

Oinet.kz 02-05-2024 2113

image_l.jpeg

Әр заманның өз ақиқаты бар, ал оның ақ-қарасын безбендеп  қасиетті қалам сиясымен келешек сүйегіне  сіңіру тағдыр өзі таңдап, талабына тас жұтқызған жаны сірі, қаны мұқалмас жігерге толы жанға  ғана серт  болса керек. Жазмышына жалғанды  кезек айналған жақсылық пен жамандықтың аражігін саралап жақұт сөзбен айшықтауды жазған жазушы қауымын осы қатарға қосуға әбден болады.  

Әдебиет – ардың ісі. Десек те, ойлы кеудеге он жетісінде от түскен көкөрім кезден кешеге дейін киелі қаламын қолынан тастамай қалың елі – қазағының қамын жеген қаламгер, қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың сөз өнеріндегі жұлдызы өзге қатарластарынан   әлдеқайда оқшау, әлдеқайда биік тұрғанын мойындауға тиіспіз.  Тар маңдайға жазған тағдыр талқысы оны осылай шыңдап, осылай қалыптастырды. Ол қандай тағдыр еді?

Ол – Қабдештің ғана емес, қарапайым ғана тіршілік кешсе де қадір-қасиетін маңдайына басып, намысын қолдан бермеген, маңғаз жатқан маң даладан мағына өріп, сүйегіне сіңірген асау мінез, бұла күш айдарынан жел естіріп, тірі жанға басын имеген тарбағатайлықтардың тауанына жазылып, тастай ширықтырған тарихтың қиянаты еді.

Тоғыз таңбалы тайпа Найман елінің Бөрітуылдарының бір тобы екі араны шекара сызығы бөліп тастағанда бергі Зайсан, Марқакөл жағында қалды да, екінші жағы түстіктегі Шәуешекке қарап қалған. Мемлекеттік зорлықшыл саясаттың салдарынан екіге қақ жарылған Бөртуылдың Ақбарақ деген тармағынан шығамыз дейді жазушы. Әкесі Жұмаділ 1903 жылы туылған. Анасы одан бір жасы ғана кіші. «Он үште отау иесі» дегенді берік ұстанып бас қосқан екеуінің жасы шаңырақ құрғанда жастары он бес-он алтыда екен. Бұл кез көшпенділердің қаймағы бұзыла қоймаған, таза, асау да арда кезі.

Рас, балалық шағына шағымы жоқ, шағын да болса шаруасы шалқыған шаңырақта таршылықты сезінбей өсті. Би тұқымы, бабалары Күдері зәңгіден бері жалғасқан дәулет дәреметі босағадан ұзамай ұзын-арқау кең тұсаумен күн өткізген әкесінің құла жорғасы болды. Бай – балпаң өмір кешіп, өзінен артылғанды арқа тұтқан ағайынмен бөлісуді олжа көрген әкесі 48 жасында қайтыс болды. Соған дейін ұрпағына берген тәрбиесібұған өмірлік азық болып қалды. Ата-анасы Қабдешті алты жасында Құсни ұстаздың қолына беріп, иманшарт пен әптиекті меңгерді. Он жасында Құранға түсті. Екеуі қатар тұрып намаз оқығанда ұдайы оң жақта имам болып келген әкесі сол күні бұған орнын ұсынды. «Енді мен сенің сол жағыңа шығамын. Ілімің артты, оң жақта тұрып сен имам боласың» деді.  Шәуешек қаласында гимназияда білім алып жүрген. Қызыл қытайлар келіп, қалыпты жүйе бұзылды. Елді ерекше тәртіп-талап жаулады.  Мектепте дінтану пәні қысқарды. «Сендерге көп нәрсе айтпаймын. Дәріс енді тоқтатылды. Үкімет дінді апиын дейді.  Түбі ненің апиын екенін уақыт көрсетер. Тек жүректеріңде Алланы ұмытпаңдар» деді Құсни ұстаздары.

Қабдеш гимназияны өте жақсыға тәмамдап, Қазақстанға келіп, мемлекеттік университетке оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған жерге оралған. Көп кідірмеді, саяси көзқарасы күмәнді танылып, қырағы қадағалауға алынған соң қауіптеніп бас аманында Қазақстанға келуді жөн көрді.

Қаламгердің алғашқы шығармаларының бірі – «Соңғы көш». Шығыс Түркістан жайында жазылған шынайы шығарма еді. Көш деп аталуының себебі, қандастардың алпыс екінші жылы елге көш түзеген тарихына ғана байланысты емес, бұл жалпы қазақ дәуренінің соңғы көшін – соңғы бай-бағлан, сал-сері, сәукелелі ару, тіпті ел көшкенде еркінситін қыз-бозбала, барымташы, тентек-телінің төл табиғатымен соңғы рет қош айтысқан заман қасіретін таңбалаған туынды екенімен түсіндіріледі.

Романдағы бас кейіпкерлер – Естай жазушының өзі, Қанағат- әкесі, Жанғабыл, Нұрбек және оның айналасындағылар да түп-түгел өзі көрген, зар-мұңын жанымен сезген ағайын-дос, құрбы-құрдас, алдыңғы толқын – ағалар мен соңғы буын – кілкін жастар еді. Олардың әрбірінің ішкі құса, зар-нала, арман-дертіне ортақтасуға жан-жүрегімен бейіл жазушы бұқараны Қазақстанға қоныс аударуға үгіттеді. Қарға тамырлы қазақ бір-бірін ешуақытта сыртқа теппеген. Бауырға басып жанынан орын берген. Алпыс екінші жылғы көште арғы бетте қалған ағайынның сорпа бетіне шығар жақсыларынан 200 мыңға жуық қандас елген келіп қоныстанды.

Қабдеш Жұмаділовтың тағы бір романы – «Көкейтесті» шығармасының сюжеті жиырма жастағы Жәнібектің айналасындағы оқиғалармен  өріліп көп көкейіне сырлы ой тастар өте бір  тартымды дүние болып шығады.Романда бас кейіпкердің Тарбағатай даласын көктей тіліп келе жатқан пойыз терезесі алдында кең жазыққа тесіле көз суарып ойға шоматын кезі бар. Сонда ғой атағы жер жарып тұрған «Адамға табын, жер енді» деген ақын өлеңі туралы: «Апырай, осы ожар белсенділік қой, түбімізге жететін» деп ызалы ойға шоматыны. Алпысыншы жылдары осындай ой айту кімнің ойына келді?  Ғылымның алдын ілгері болжап, баға беру жай адамға бұйырған ба? Ал осыны тани білу өз алдына, ашық пікірін бүгіп қалу қанына жат мінезбен ақиқатты жасырып-жаппай кейіпкерініің аузына салып отырған жас жазушының батылдығы сол кездің өзінде-ақ талайға үлгі болса керек-ті.

Ол кездері прозаға қойылатын теориялық талап –типтік бейне жасау. Мұны автордың «Атамекенге кеп көп типтер таптым» деген сөзінен аңғаруға болады. Соның бірі – Базар ата мен оның ақиық қыраны. «Қарадауылдың тұсында Тарбағатайдың бір биік жотасына шығып, бүркітті түзге қоя бердім, Биікке көтеріліп, көзден бұлдырап көрінбей кеткенше қарап тұрдым. Ол енді Алтайға кетіп қайтып келмейді» дейді Базар қарт.

Бұл жердегі қыран – қаламгердің өзі. Ол туған жерге неге қайтып келмейді? Еркін ойлы, елді соңына ерте аларлықтай ерік-жігері мол жастың жанын жасытқан жағдайлар – Қытай билігінің өр кеуделі халықты қойдай жуасытуға ұмтылған пыйғылы, әділетсіз әрекеттері еді. Алғаш осы қаны сорғалаған осы ақиқатты хатқа түзіп, «Соңғы көш» романында түп-түгел баяндап, нүктесін қойған күні баспа есігін қақты. Бірақ, мұндай ауыр саяси тақырыпты арқалаған қолжазбаға сапатама жасауға ешкімнің батылы бармады. ҰҚК – нің нұсқауы бойынша мұндай жазбаны Мәскеудегі Қиыр Шығыс университететінің арнаулы бөлімі қарап, рұқсат бере алады екен.

Мұны естіген сол кездегі Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Әнуар Әлімжанов тездетіп орыс тіліне жүйрік екі жігітке қолжазбаны орыс тіліне аудартады да, Мәскеуге жолдайды. Екі-үш айда жауап келеді. Керемет жауап. Роман өте маңызды мәселені көтеріп отыр, аз ұлттардың көрген зәбірін баяндаған құнды туындыны кедергісіз жарыққа шығару керектігі айтылыпты. Міне, осыдан соң қаламгерқолжазбаны «Жұлдыз» журналына әкеліп, басылымның 10,11,12 үш санында бірдей жарық көреді. Осы сәттен Қабдеш Жұмаділовтың даңқы бірден көкке көтеріліп қазақ даласына кең тарап кетеді.

Қабдеш Жұмаділұлы 1989 жылы Шыңжанға барған сапарында Қажығұмар Шабдан туралы мақала жазды. Ақсақалдың төте жазумен жазған романын кириллацаға көшіртіп, баспаханаға табыстауды жөн көрді. Көп еңбектенуден соң баспада басылып шыққан шыққан алты томдық «Қылмыс» романын кейін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған.

Комиссияда он жеті адам екен, жетеуі қолдап, он адам қарсы шығыпты. Мұны естіп білген Қабдештің комиссияның алдына кіріп барып, әлгі қолдамаған адамдарға қарата саусағын кезеп «ит екенсіңдер» дегенін комиссия құрамында болған Бексұлтан Нұржеке айтып беріпті. Олқылықтың орнын толтыруға ұмтылған «Жасалаштықтар» қалталыларға сауын айтып жүріп, қаржы жинап, қаламгерге «Ұлт рухы» деген сыйлық тағайындап ұсынған екен. Бұл да құр қойғаннан жақсы жанашырлық болыпты.

Жазушы еңбегінде «Шәуешекке баратын жол қарақақпаға келіп тіреледі» деген сөйлемді жиі кездестіреміз. Бұл өз құқын қорғауға ұмтылған қазақ бауырларымыздың көбінің түрмеге қамалып, қиянат шеккенін айғақтайтын жолдар еді.

Жазушының жарық ғұмырында 8 роман, 5 повесть,  10 әңгімелер мен мақалалар жинағы жарық көрді. Нақтылап тоқталсақ, «Көкейкесті» романы 1969 жылы, «Соңғы көш» 1974 жылы, екінші кітабы 1981 жылы, «Тағдыр» 1981 жылы, «Дарабоз» 1994 жылы, «Таңғажайып дүние» 1998 жылы, «Дарабоз» 1994 жылы, «Қалың елім, қазағым» публицистикалық мақалалары 2000 жылы жарық көрді.

Қабдештің қай шығармасын алып қарасақ та  жүрекке жақын. Олай болатын себебі, оның тілдік құнарының тазалығы, халықтың ежелгі заманнан көнермей келе жатқан көркем тілін мөлдіретіп әр кейіпкерінің мінез-болмысына сай аузына салып отыру арқылы иесінің шыеайы характерін жарқыратып ашып көрсетеді.

Осындай ерекшеліктерімен Қабдеш шығармалары бүгіннің ғана емес болашақтың да алтын қорында биікте тұратын болады.

Қазақстанның халық жазушысы атағын алған тұлғалар бізде көп емес. Саусақпен санарлық қана.  Алды тоқсаннан асты, арты жетпіс бесте, ең жасы Мұхтар Шаханов болып отыр. Міне, осы атақтың иегері Қабдеш ағамыз мұнан басқа «Мемлекеттік сыйлықтың», «Тарлан», Мұхтар Әуезов  атындағы сыйлықтың да иегері.

Бірақ қаламгер соның бәрінен де өз оқырманын қымбат санайтынын жасырмайды. Сексен жылдық шығармашылық кешінде Мәдениет сарайына сыймай, лоджия, балконда сіресіп тұрған халық, солырдың қошеметіне көңілі шалқып-тасып кеткенін жасырмай жазды да.

Қабдештің публицистикасы бүгінгі күн тақырыбына арналып жазылған.  Ал оның басым көпшілігі қаламгердің өз саяси көзқарасынан туындап жатады. «Ұлтшыл деген атағымды бәрінен биік қоямын деп жазады ол бір мақаласында.

«Халық берген, өкімет берген біраз атақтарым бар, бірақ соның ішінде тағы бір атағым бар, оны бір кезде Қытай империясы берген. Ол – «ұлтшыл» деген атақ. Оны қай кезде алдым? Оны алғанымда бар болғаны жиырма екі жаста едім. Қытай деген халық бірнәрсені айтса біліпі айтады, мен сірә, ұлтшыл болсам керек. Мен ұлтшыл деген атақтан бас тартпаймын. Кейінгі кездері біреулер ұлтшыл дегенді айтудан сақсынып ұлтжанды дегенді ойлап шығарды.Бұл онша орынды теңеу емес. «Жанды» деген тіркес үш-төрт-ақ ұғымға жалғанады: байжанды, қатынжанды, малжанды, итжанжы деп жатады. Ал ұлт деген сөзге бұл тіркесті қосарлап үлкен ұғымды қор етудің қажеті жоқ!» дейді.

Соңғы кезде әлеумет алғы буын ағаларға сын айтуды көбейтті. Бастыларына тоқталсақ, олар неге алдыңғы сапта қасқайып жүрмейді. Руханиятты неге құлдыратып алдық? Қаламгер жұртшылықтың осы сынын орынды санайды. «Сын орынды. Біз ондай рөлден айрылып қалдық. 700 жазушыны басқарып жүрген Жазушылар одағы үкіметтің бір бөлімі сияқты боп қалды қазір. Бір кезде кеңестер одағы тұсында Жазушылар армиясы құрылмаған ұлттық партия сияқты еді. Жұрт арыз-арманын жазушылар одағына келіп айтушы еді.  Ол кезде басшылары қандай еді: Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжановтар. Билік олармен санасты. Қазір керісінше жікке бөлініп кеттік. Жоғары билік өзінің сөзін сөйлейіндерді маңайына топтады. Жақсы атақ соларда, марапат соларда.  Екінші бір топ бар, олар халықтың алдында жүр. Жазушы шындықты айтуға тиіс. Бірақ шындықты айтқан оппозизицияға айналатыны бар. Әлімсахтан солай. Бірақ мұндайлар шөміштен қағылады. Мен де елдегі 7 Халық жазушысының бірімін. Стипендиядан кесілгенмін» деген ақиқатты жасырмайды.

Қабдеш Жұмаділов диаспора тақырыбын әдебиетке алып келген тұлға. 1962 жылы елге қарай бет түзеген көштің басында өзі тұрды. 200 мың қандас бергі бетке босып өтті сол жолы.

Тәуелсіздік туралы ең алғаш сүйіншіленгенде пора-пора жылаған. Сыртта жүрген қандастардың елге келуіне жол ашылды деп.  Әлі содан алты миллион халық сыртта жүр.  Бір миллинның о жақ, бұ жағында елге оралған қандаспен санымыз толықты. Басында жап-жақсы болды, өкіметтен оралмандарға жеткілікті квота бөлінді, алғашқы жылдары 20 мың қазақ елге оралды. Ол деген сөз 100 мың қазақ қой. Сол көш тоқтап қалды. Мораторий деген дарияланды. Жазушы осы мәселені талай рет көтерді. Көш деген киелі тақырып бұл кісінің негізгі тақырыбы. Ол өзі де көш бастап келген адам. 1962 жылы 10 апрельден 1 майға дейін Тарбағатай өлкесіне 200 мың қазақ босып өтті. Ол кеңес үкіметінің келісімі бойынша болды. Ол кезде Қазақстанның астанасы - Алматыдан оқып барған жігіт. Жалын жүрек әмірімен Кремльге хат та жазған тұлға. Міне, сондықтан да жұрт маңайына топтасты. Бұл оның  азаматтық қызметінің ең шыңы еді деп бағалауымызға болады. Міне, аяулы тұлға өмір бойы осы міндетіне  немқұрайлы қарамай, басты кредосы тұтып өтті.  «Шіркін- ай, әлі алты милиион қазақ сыртта жүр. Соның жартысын көшіріп алсақ ұлттық мәселенің көбі өзінен-өзі шешілер еді» деген арман асыл жанның ішінде кетті. 

  Бір өзі – бір кітапхана

  Қабдеш аға осы атауға лайық романист жазушы.

Ол кісі ешқашан өз басынан қорқып, уайымға берілмеген жан. Қаншама қатерлі сәттер өтті, бірақ бар уайым-қайғысы – халқының жайы еді.   Жазушы қаламынан 10 роман, 21 повесть, 70 -тен астам әңгіме туған екен. Ал қамтыған уақыты - төрт ғасырды қамтиды. 18 ғасыр Дарабоз, 19 ғасыр Тағдыр, 20 ғасыр Соңғы көш, «Атамекен»,  21 ғасыр Прометей алауы. Кейіпкерлері: Абылай хан, Әбілқайыр хан, Кеңесары хан, Барақ сұлтан. Ресейдің патшайымдары, Қытайдың императрицасы, Жоңғардың қоңтайшысы -  Қалдан серіден Әмірсанаға дейін. Қоқанның  бектері, Қырғыздың манаптары. Қабанбай, Бөгенбайдан бастап Наурызбай, Оспан батырға дейін. Билер: Төлеби, Қазбек, Әйтеке, Ақтайлақ би, осылай кете береді.

Тариха тақырыптарды жазғанда  неғұрлым бұрмаланып кеткен тұстарды төңкерді.. Сондықтан да ол кісінің еңбектері өміршең. Есімі де өлмейді.

Пушкин: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес, ел ізі оған салған суи бермес. Асқақтап Александр мұнарасынан, Жоғары  оқшауырақ  тұр ол дербес» десе, Белинский  «Пушкин сарқылмай тұрып өлді» дейді. Қабдеш аға да солай, айтары, жазары сарқылмай кеткен тұлға деп сеніммен айта аламыз. 

Қабдеш аға өзінің публицистикасында ұлттық идеология туралы барынша талдып жазды.

    «Бізге ұлттық идеология керек» деп жазды ол. 

Ұлттық идея санадағы құлдық психологияны  кетіру үшін қажет. Құлдық сана бәріміздің бойымызда бар. Бірақ оны байқамаймыз. Орыстың отары болдық дегенді айтпайтын болдық. Ешкімге бодан болмаған сияқтымыз. Осыны жасырмай, одан азат болуды ойлауымыз керек. Ұлттық сана сонда азат болады. Бодандық сана еттен өтіп сүйекке жеткен. Қазір құлдық сананың екінші сорты шықты. Ол  жағыну, бағыну. Өзінен бір саты жоғары адамға бағыну. Оның сөзі сөз. «Я начальник – ты дурак, ты начальник, я дурак» деген орыс мәтелі бар ғой. Басшы адам әулие, соның айтқаны ғана заң» деп жазады.

Ал тіл туралы: «Қазіргі қазақ тілін ойлағанда менің көз алдыма көп жылдар жауыр қылған құйрық-жалы қиылған, әбден қанжілік боп төрт аяғынан тұралаған тұлпар елестейді»  деп жазады.

Десек те қаламгер қазақ тілінің  айы оңынан туып сүрлеуге түседі дегеннен үмітін үзбейді.

Неге десек, қазақ тілінің құнары бай,  бойындағы потенциал қуаты мол екенін айтады. Сондықтан  әлгі жүдеген тұлпар шын бапкердің қолына түссе ол қайта түлеуі мүмкін., Тұнық суға баптаса қайта түлеп шыға келеді. Деген сенімін жасырмайды.

Қаламгер кезінде үштұғырлы тіл дегенге қарсы шығып, хатқа қол қойғандардың қатырында болған кісі еді. Шынында да бүлдіршінді бірдей  үш тілде оқыту деген мыйға қонбайды. Баланың миы шіриді. Үш тілде бірдей қабылдай алмайды. Жапондар бастауыш сыныпта  тілді тек ана тілінде оқытатынын айта келе, он бір жасқа дейін бала ана тілінде  оқу керектігін айтады. Біздегі  оқу-ағарту жүйесіндегі кемшілік неде?  Соңғы кезде  он сегіз министр ауысқанда әрқайсысы бір реформаны енгізіпті.   

Жазушы тілге қарсы болуды ұлтқа қарсылық деп түсінеді  деген сөз. Тілге қарсы заң жобасын қабылдаған депуттарды қалай халық қалаулысы дерсің?  Қазір ең жақсы депутат – үндемеген депутат дегенді де жасырмай айтады.

  Жазушы өзінің шығармашылық деңгейі туралы не дейді?

Қаржы, уақыт. шығармашылдық. Осы үш таған туралы былай дейді: «кеңес кезінде еңбекқорлық бағаланды. Еңбегіне қарай өнбегі. Газетке алақандай мақаласы шыққан сырттағы тілшіліерге де қаламаұы берілді.  Қай қоғам жақсы? Еңбекке ақы төлеген қоғам жақсы Ол капитализм бе,  социализм бе? Маған измі маңызды емес»

  Қаламгер ақиқаты бұрмаларнған тарих туралы да ой тербейді.

Джавахрал Неру: «Отар елдің тарихын отарлаушы жазады» деген екен.  Қазақ халқы өз тарихымызды жаза алдық па? Деген сұраққа жауап іздейді.

Джавахарлал Неру саясаттан тыс тарихқа әдейілеп барған. Түрмеде жатып қызына хат түрінде дүниежүзі тарихы жөнінде үш том хат жазған. Қайраткер тарихқа неге барып отыр?

  Қаламгер басты миссиясын осы бағытта түсіндіреді.

Жазушы неге он сегізші ғасырға түсіп, Дарабозды, Абылайды жаздым? Өйткені әсіресе жалғандықтың баттасып  тұрған жері – он егізінші ғасыр еді. ОЛ осы кезеңдегі басты тұлғаны іздеді.  Басты тұлға кім? Қазақ халқын Ресейге қосқан, бодан болуға ерікті  болған жандар ол. Басты тарих –  Қазақстанның Ресейге қосылуы. Анығынды басты қаһармандар  – жоғңғарлар қайда?. Қазақ жерінің бар аймағын жаулап алған жоңғарлардан бабабалар мекенін  кім азат етті? Маңайына қазақ батырларын топтасыра отырып жоңғардан азат еткен басты тұлғалар кімдер? Осыларды жазу керек қой. Солардың бірі – Қабанбайды жазайын деп Қазақ  Совет  энциклопедиясын ақтарсын. Қабанбайды жоңғарға қарсы  соғыстың батыры деген де қойған. Оның қасында қабан деген хайуанға көп анықтама берілген. Міне, сол кездегі идеология. Қабдеш аға осы жоқтың орнын түгендеген тұлға дер едік.

Қай бір жылдары «ЖасАлаш»  газетінде  Несіпбек Айтұлымен хат  жазысты. Бұл Қабдешке жасалған қиянат болды.

Ру жағынан екеуі туысқан, Несіпбекті оқуға түсірген өзі екен. Алпыс екінші жылы көште тайға мініп келген баланың біреулердің айтағына үріп өзіне қарсы шыққанын қаламгер ренішін жасырмаған. 

Қабдеш аға Семей даласын аралап жүріп Дулаттың кесенесін тапқан екен.  Қалың қарғанның ішінде жатқан батар бейітін ауылда тұратын кәрі бір кісінің нұсқауымен іздеп тапқанын айтады. Жанында жеті-сегіз кісі болып орнын белгілеп қайтады.. «Биыл батырдың  200 жылдығы, соған дейін қалың қарағанды шиырқып, айналасын тазалап,  жол ашыңдар» деп тапсырма беріп кетеді. Бір күні теледидарда хабар беріліп жатыр. Қараса, таныс жер.  Өткенде өздері тапқан тас бейіт. Айналасындағы қалың қарағанды жаппай өртеп тастаған.  Тас бейіттің жанында Несіпбек сөз сөйлеп тұр. Кейін біліп қараса, ауылға барып не жаңалық бар деп сұраған құсайды. Жұрт Қабдеш келіп, бейітті тауып кетті, Ақтайлақ романына материал жинап жүріп Дулатты тапты демей ме? Таспаға түсірді ме дейді. Жоқ. Содан өзі телеарна шақыртып, бейітті түсіртіп жаңалық қып щығарып тұрғаны екен бұл. Қалай күйінбесін? Бәрінен бұрын бензин шашып қарағанды өртегені несі? Қарағанмен бірге әруақтың сай-сүйегі сырқырап жалын отқа күймеді ме екен деп  жаны күйзелді. 2002 жылы маусымда Дулат Бабатайұлының бейіті табылған тариха сәт  қуанышты жағдай осылай түйінделді. Хатта осы мәселелер қозғалған. Мұны өзі  жазушылар арасындағы айқас деп есептемейді, пендеуи тартыс қой кәдімгі. Осындай жайлардың үлкен жүректі күйзелткені оқырман үшін де өкініш боп қалды.

Қаламгер Жәркен Бөдеш: «Қабдеш Жұмаділов Алашқа аты мәлім бар қаламгер ғана емес, өзінің мұратынан адаспаған күрескер» дейді. Бұл ақиқат айтылған сөз. Сондықтан жазушы еңбектерін бағалау аз, ол ұрпаққа кең түрде  насихатталу керек.

Тағы бір айта кететін мәселе, жазушы Қазақстан ұлттар достығының лабараториясы деген ұранды гуманизмнің  шыңы деп санамайды. Ол былай дейді: «Ол ұранды ұлттар достығының лабораториясы деп империя көтеріп отыр. Қазақ ұлтын ассимиляцияға айналдырып, шұрайлы жерін алып отыр. Халық санын кемітіп, қазақтың санын 25 процентке түсірген кім? Ашаршылық, отыз жетінші жылғы ату, асу, осылай қазақ жерін босатып  ен далаға бүкіл Еуропадан, Ресейден, Украинадан миллиондаған адамды әкеп төкті. Ұлттар достығының лабораториясы деген -  біріктіру, бір қазанға сап қайнату, қазақ сонда жұтылып кетеді. Сол саясаттың салқыны әлі жүріп келеді.

Қаламгерді қозғайтын күш – шындықты айтуға құштарлық. Қабдеш ағаға қуат беріп келген де осы құдірет болса керек.

Автор: Шайын Шайыхмурат

 Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы,

Креативті индустрия, 1 курс магистранты

Жетекшісі: Сұлтанбаева Гульмира

Пойызда кемпірді өлтірмек болған алпамсадай жігіт елді таң қалдырды..
Күйеуін көңілдесінен айламен қайтып тартып алған әйелдің әңгімесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу