Қолы жоқ күейуіне протез қол салып беруге қарсы болған әйел

Oinet.kz 27-03-2023 1333

Бұл отбасын көптен білемін. Отағасының есімі – Мұрат, ал жұбайы – Айгүл. Кезінде отағасы ел қатарлы әлеуеті жігіттердің бірі болған екен. Қызметі ауылдағы жалғыз электрик. Бірақ өкінішке орай, басына түскен бейнет, оның тағдырына жазылыпты. Қуатты тоққа түсіп, екі қолы күйіп қалған соң, амал жоқ иығының тұсынан дәрігерлер кесіп тастаған.

Screenshot_19.jpg

Дәл қазір осы отбасы мүгедектерге арналған азғана жәрдемақы мен ауылдың ұсақ тірлектерін істеп, өлместің күнін кешуде.

Бірде осы үйдің иелерімен бірге қонақта, дастарқандас болдым. Өзі мүгедек отағасы мен оның күтімінен қолы босамайтын әйелі екеуінің іс-әрекетіне мән берсем, өмірдегі ең бақытты адамдар осылар сияқты. Отағасы әңгімесінің арасында: «Аллаға мыңда бір шүкір» деп, үнемі айтып отырды.

Екі қолы иығынан жоқ, мүгедек пенденің бұл шүкіріне өз басым қатты таң қалып, одан: «Сіз қандай мағынада бұл сөзді айтып отырсыз, өзіңізге қарасам екі қолы жоқ кемтар адамсыз, табысыңыз да шамалы…» деп сұрадым. Бәлкім ол қателесіп басқа мағына да шүкір айтқан шығар деген, ой болды менде.

Менің сөзімді мұқият тыңдаған ол кісі: «Сіз қызық екенсіз, бұл өмірде қаншама көзі көрмейтін пенделер бар, олардың арманы мына жарық дүниені бір көру, тамаша табиғатқа бір рет тамсанып қарау, олар соған зәру, ал мен қанша қарағым келсе, сонша қараймын, ләззәт аламын, әрине мен олардан артықпын ғой» деді. Бұл сөз шынында мені қатты ойландырып тастады.

Одан кейін тағы да маған оқталып: – Бауырым, қаншама құлағы естимейтін жандар бар, олар адамдардың сөздеріне ынтық, бір рет естуге зәру, ал мен болсам барлық адамдардың дауысын, сөздерін, балаларымның жылағанын, қуанғанын, күлгенін естимін, жауап қайтарамын, біле-білсең бұдан асқан нығмет бар ма, менен бақытты кім бар, – деді. Мен сасқанымнан «әлбетте» деп жауап бердім.

Әйелі күйеуінің аузына мәпелеп тамақ салып беріп отыр. Күйеуі әйеліне нені жегісі келетінін білдіріп, көзбен ғана ептеп ым тастайды. Әбден дағдыланған әйел әуелі күйеуін тамақтандырады екен. Балапан сияқты аузына апарады, сосын соңында өзі тамақтанады. Сол сияқты шайды да қолымен ұстап отырып ішкізеді. Басқасы-басқа күйеуі әжетханаға барғанда бірге еріп барып, жас баладай отырғызады, шалбарын түзейді, қолма-қол өзі дәреттендіреді.

Кіп-кішкентай құртақандай ғана әйел. Жүзінен бақыт шуағы есіп тұр. Е, Жаратқан Алла пендесінің жүрегіне осындай да шаттықты салып қояды екен-ау. Ешкімге, еш жанға мұңын шақпайды. Күйеуінің атын да атамайды «Біздің батырымыз» дейді. Ептеп себебін сұрадым. Жауабы: «Бұл отағасы мені және балаларын асыраймын деп жүріп, тоққа түсті ғой, бұл адам біз үшін «Батыр» емей немене» деп, шаттанғанда дүние де бұл әйелдің кемтар күйеуінен артық адам жоқ.

Құдайым-ай дені сап-сау, әп-әдемі күйеуіне күніне бір рет «Саған тиіп қор болдым, саған келгелі жақсылық көрмедім» деп, зар еңірейтін әйелдер барын бір сәт ойлағанда, мына әйелді әулие шығар деп қаласыз. Баршылықта бәрі жақсы, адамның кім екені жоқшылықта ғой. Өмірде мынадай әйел бар деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.

Содан шын көңіліммен әйелге айттым: «Күйеуіңізге протез қол салып беретіндей адамдар іздеп тапсам қалай қарайсыз?». Құйтақандай әйелдің екі көзі жасауырып, маған ұзақ қарады. Келісетін шығар деп мен тұрмын. Әлден соң әйел: «Рахмет бауырым, өмір мәңгілік емес ғой, ақырына дейін шыдаймын, күйеуіме жасанды қол салып берсеңдер, мен сауабымнан айырылып қалмаймын ба, мені сауабымнан айырмашы қалқам» деді. Осы сөзді естігенде еріксіз жанарыма жас келді. Бұл әйелдің бар мұңы сауаптан айырылмау...

Желіден алынды

Қызын кедейге бермеу үшін, тракторшы жігітті жазықсыз қаматып жіберген қатыгез әкенің тағдыры
Базарда ұлы жатқан бесікті сатпақ болған әйелді, құдай қалай жарылқады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу