Аборт жасатпақ болған жалғыз ұлды аман алып қалған құрбы

Oinet.kz 17-01-2023 658

СәуСәуле мектепте мұғалім болып істейді. Күйеуі Жолдас өрт сөндіру қызметінде. Олардың көп қабатты үйдің үшінші этажында тұрғанына он жыл болды. Екінші этаждағы көршісі жалғызбасты Валя деген орыс әйел. Валя үйінде ит асырайды. Жалғызтұрған соң иті өзіне серік.

Screenshot_41.jpg

Жолдас пен Сәуленің үйі кеш болса, думанға айнала бастайды. Алты қызы асыр салып ойнап, кішкентайлары қыршақтарын бөпе етіп орап алып, олай да, бұлай да жүгіріп жүргені. Олардың тарс-тұрс етіп жүгіргені, шулағаны Валяға жақпайды. Батереяны ұрғылап "тынышталыңдар" деп күніге белгі береді. Кейде ерінбей келіп, есікті қағып, ұрысып кетеді. Үлкен қыздар кішкентайларды "Валя келе жатыр" деп қорқытатын болған.

Валя аулада Сәулені көрсе қарадай тыжырынып:

-Неменеге көп туа бергенсің. Оларды қалай асырайсыңдар? - дейді.

- Алты бала қазақ үшін көп емес. Менің анам да, енем де он баладан туған. Батыр аналар. Әрбір бала өз несібесімен туылады ғой. Құдайға шүкір, бізге бәрі жетеді. Құдай берсе, тағы төрт ұл туар едім,- дейді Сәуле

- Ой, тағы төртеу? Не үшін керек ол сендерге? О,Құдайым-ай, ол кезде мен үйімнен безіп кетермін. Қойшы,тумашы. Керегі жоқ қой, көп баланың. Мен бір-ақ ұл тудым. Ол қазір Мәскеуде тұрады. Өзімен-өзі. Тек жылына бір-ақ рет көрісеміз. Екі немерем бар, менің миымды ашытпайды. Өздерімен-өздері. Осылай өзің үшін өмір сүру керек қой.

- Жалғыздықтың несі жақсы? Біз баланың көп балғанын қалаймыз. Әттең алты қыздан кейін көтермей қалдым. Құдай берсе, ұл туар едім. Қыз жатжұрттық. Ертең-ақ бойжетіп бәрі кетіп қалады ғой. Сол кезде Жолдас екеуміз ғана қаламыз ба деп қорқамын,- дейді оған Сәуле.

- Кейде сендерді аяп кетемін. Жолдас екеуің жұмыстан шаршап келсеңдер, балаларың шулап, миларыңды ашытады. Сонша балаға тамақты қалай жеткізесіңдер? Маған рахат, қалағанымды жеймін де, қалғанын итіме беремін. Тузик сондай ақылды. Көзіме қарап, бәрін түсініп тұрады. Өткенде ауырып қалып, мені жаман қорқытты. Укол салдырып ем, жақсы болып қалды. Қой, мен итімді алып шығып серуендейін, кеш болып қалыпты ғой,- деген Валя үйіне кіруге асықты.

Сәуле есік алдындағы орындықта отыр. Үлкен қызы балабақшадағы сіңлілерін әкелуге кеткен. Көп сөйлейтін Валямен көршісі болған соң амалсыз араласады. 

"Өзі қызық әйел. Қай-қайдағыны айтады да жүреді.Орыспысың деген. Баладан итті артық көретіні несі екен осылардың?

Шіркін-ай, Құдай маған ұл берсе ғой. Жолдас та атадан жалғыз едім, ұлым жоқ деп миын жеп жүргелі қашан? Ұл туу тура әйелінің қолында тұрғандай. "Енді қыз тума, маған тек ұл керек" деп ішіп алса жерді тоқпақтайтынын қайтерсің? Құдай бермесе, мен қалай туамын,-дейді Сәуле.

Бірде демалыс күнгі басқосуға өңкей қыз туған келіншектер жиналып қалыпты. Сонда бәрі іштеріндегі шерін айтып,

бір ақтарылып алған.

- Менің күйеуім үшінші қызымды туғанғанымда перзентханаға келмей қойған. Қазір сол сары қызын мойнынан түсірмейді. Қатты жақсы көреді, ұл сияқты тәрбиелеп жүр. Сол үшін екеуміз ұрысамыз. Қызымның қылықтары тура ұлдан аумай қалған,-деді Майра деген келіншек. 

- Ал біздікі жетінші қызды туғанымда, ұл туатын әйел аламын деп қиғылық салған. Қазір жеті қызын асыраймын деп, Корея асып кетті ғой. Ұл туып бер деп те айтпайды. Өзімнің де денсаулығым жоқ. Құдай соларға өмір берсін. Қыз болса да өз перзентің. Қайта ұлдан гөрі қыз ата-анасына мейірімді болмай ма?-деді Нұргүл есімді әйел.

- Рас айтасың, Нұргүл, ата-анаға ұлдан гөрі қыз жақын болады. Менің үш ағам бар, бәрі әйелдерінің айтқанынан шықпайды. Әке-шешемізді шипажайға жіберіп демалдыратын да, тойда алтын тағып, жақсы киімдер әперетін де үш қызбыз. Ал аға-жеңгелерімізге бәрібір.  Қыздар бар, әкеледі ғой,- дейді де отыра береді, -деді Құндыз.

- Күйеуім төрт қызын өте жақсы көреді. Бірақ менің ұлым жоқ, қубас қалатын болдым деп арақ ішіп зарлағанда үйден безіп кетеміз. Туайын десем, тағы да қыз туамын ба деп қорқып, көтергім келмей жүр,-деді Сүмбілшаш деген әйел.

- Екеуміздің қорқынышымыз бір екен ғой, мен де тағы қыз туамын ба қатты қорқамын. Оның үстіне, үш жылдан бері көтере алмай жүрмін. Күйеуім маған тек ұл керек деп қоймайды. Сондай кездері оған "айналайын, жас әйел ал да жыл сайын тудыра берші"деп айта жаздап, тілімді тістеп қаламын. Ол кетіп қалса, алты қызыммен кімге керекпін?- деп мұңайған еді сонда Сәуле.

Соңғы күндері Сәуленің мазасы қаша бастады. Өзіндегі өзгерісті біле сала жүрегінде бір үрей пайда болды.

- Япыр-ай,мен көтеріп қойып, тағы да қыз тумаймын ба? Күйеуі қыз тумайсың деп, үзілді-кесілді қарсы болып жүргені анау. Сәуле жұмада мектептегі сабағы аяқтала салысымен таныс гинекологқа барған. Ол алғашқы тексеруден-ақ Сәуленің жүкті екенін анықтады.

- Енді не істеймін? Ұл-қыз екенін есептеп бересіз бе? Күйеуім қыз тууыма мүлдем қарсы. Қыз болса алдыртып тастап, ұл болса қалдырайын...

- Менің есебім бойынша сіздікі - қыз.

Шешім өзіңізден. Бірақ аборт жасатуға кеңес бермес едім. Денсаулығыңызға зиян. Әлі де ойланыңыз,- деген дәрігер Сәулені шығарып салды.

Сәуле екі қыз туғаннан кейін әрбір жүктілігінде үмітпен ұл күтетін еді. УЗИ-ге түскен соң қыз екенін біліп, жылап-жылап алса да жүрегінің астындағы құйтақандай тіршілік иесіне өмір сыйлау керекпін деп шешетін.

Енді ойламаған жерден аяғы ауырлап, құрсағындағы тағы да қыз екенін естіген Сәуленің  көңіл-күйі тіптен түсіп кетті. Күйеуінің жанын ауыртатын сөздерін де естігісі келмеді.

Үйіне барғысы келмей, өзі ерекше жақсы көретін досы Айшаны көргісі келген. 

Айша Сәулені қуана қарсы алды. Шәй үстінде досының кіреукеленген көңіліне алаңдаған Айша не болғанын сұрады.

- Көтеріп қойыппын. Ешқандай ем-домсыз Алланың бергені ғой, ұл болса екен деген тілеумен дәрігерге барып көрінсем, есептеп көріп, қыз болады,- деді. Мерзімі әлі кішкентай болған соң, УДЗ жынысын көрсетпейді. 

Жолдас "енді ұл тумасаң, тумайсың" деп шегелеп айтқан. Енді не істеймін,- деген Айша жылап жіберді.

- Қызық-ей, осы еркектер. Қыз туу ,ұл туу сенің қолыңда тұр ма екен? Көрер ем, өздері әйел болып жаратылса? Сосын несіне жылайсың? Кейде дәрігерлер де есептен жаңылысады. Мүмкін дұрыс емес шығар. Сәл күтсей, УЗИ анықтап айтады. Тіпті ол да шатасып, қыз дегендері ұл болып туылып жатқан жоқ па? 

- Айша-ау,оған дейін уақыт өтіп кетеді ғой. Мерзімі үлкейіп кетсе аборт жасамайды. Маған дәрігер бір аптаның ішінде шешім қабылдаңыз...

Әйтпесе мерзімі өтіп кетіп, баланы алдыртып тастауға болмайды деген.

- Қойшы, алдыртуды айтпашы. Тіпті Жолдас керек жоқ десе, маған берші. Менің қызым жоқ қой. Қыздары бар адамдарға қатты қызығамын. 

- Білмеймін, тіпті туғым келіп тұрған жоқ. Ұл болмаған соң... Сәуле тағы да көз жасына ерік берді. Құрбысы оны жуатып әлек.

- Көтергенімді Жолдас мүлдем білмей-ақ қойсыншы. Алғашқы екі қызда үндемеді де,кейінгі төрт қызда қашан туғанша миымды жеді ғой. Анау Ақсаяшымның аурушаң болып туылғаны да сол жүйкемнің жұқарып кеткендігінен емес пе? Әр қызымды дүниеге әкелген сайын өмір мен өліммен арпалыстым. Күйеуім соның бірін де білген жоқ. Қыздан басқа тумайсың деп, ұрысқанын сен көрген жоқсың .Сыртым - бүтін, ішім - түтін болып жүрмін. Жолдас сырт көзге ғана жақсы, ал оның мінезін сен білмейсің ғой...

- Енді не істесек екен? Саған қалай көмек көрсетерімді білмей қалдым ғой.

Екі әйел біраз үнсіз мұңайып отырып қалды.

-Үйге қайтайын. Қыздарым мені іздеп жатқан шығар.Көрермін. Жұмыстан сұрана да алмаймын. Келесі аптаның сейсенбісінде сабағым аз еді. Дәрігерге сол күні барармын. Қолың бос болса, менімен бірге барарсың,- деді Сәуле Айшамен қоштасып тұрып.

- Осылай шештің бе, ақыры? Қап, менің қолымнан ешнәрсе келмей тұрғаны-ай! Күйеуіңмен сөйлесіп көрейін бе?  Қызды неге жек көреді? Жақсылықты қыздан көре ме, ұлдан көре ме, адам білмейді ғой... 

Дүйсенбіден бастап, мені облыс орталығына оқуға жіберді. Қалада болмаймын, - деген Айша құрбысын шығарып салды.

Содан үш күн бойы Сәуле есінен кетпеді. Тіпті облыс орталығына келе жатқан жолда да автобуста отырып, құрбысының құрсағындағы шарананы ойлады. 

Ертең алдыртып тастайды-ау,бекер істеп жатыр ғой, егер осы перзенті ұл болса ше? Өмір бойы өкініп өтер... 

Айша бірінші күні әдемі киініп, оқуына келді. Жан-жақтан білімін жетілдіруге келгендер көп екен. Біразымен танысып-білісіп алды. Қасында жататын Күләш есімді келіншек қалаға жақын маңнан екенін айтқан. Екеуі тез тіл табысты. Мінезі ашық-жарқын Күләш сабақтан соң қала аралап қайтайық деген ұсыныс айтты.

Айша екеуі бір кафеден тамақ ішіп, Абай саябағына келіп, бос орындықтардың біріне жайғасқан. Сөйлеуші Күләш та, тыңдаушы Айша. 

Ал Айшаның бар ойы - ертең дәрігерге баратын Сәуле құрбысында. Күләштің бір сөзін естісе, бір сөзін естімейді. Бір кезде Айшаның өзін онша тыңдамай,бір нәрсеге қатты алаңдап отырғанын аңғарған Күләш:

- Сенде бір сыр бар сияқты. Көрген сәтте байқадым. Қайта-қайта қалың ойға түсіп кете бересің. Не болған?- деп сұрады. Айша құрбысының басындағы жағдайын айтты.

- Қиын болған екен. Менің де бір әпкем бес қыздан кейін екі ұл туды ғой. Алтыншысын көтергенде ол да көп ойланып... Тіпті қалай көтергенін білмей қалған. Ең кішкентай қызы қатты ауырып, бір ай бойы ауруханада жатады. Өздері біреудің пәтерін жалдап тұратын. Жездем жұмыссыз. Қатты қиналып жүрген кездері-тұғын. 

Содан әпкемнің аяғы ауыр екенін білген соң мен де, жеңгем де оған" алдыртып тастай салшы, әбіржіп кеттің ғой. Бастарыңда баспана да жоқ. Күйеуің табыс тауып жатса мейлі. Азып-тозып жүрісің мынау" деп өзімізше ақыл айтқанбыз. Сондағым, бауырымның жайын ойлағаным ғой. Ертерек етек-жеңін жинаса, бес қызын дұрыстап киіндіріп, жақсы тамақ беріп асыраса деген ой еді біздікі. Ақыры сол әпкемді қызымен ауруханадан шыққан соң таныс дәрігерге алып бардым. Әпкем шарананы алдыртуға қимай, жылап жеңгеме "туа салайыншы, қыз болса сізге беремін, бауырыңызға басып өсіресіз"деген екен. Жеңгем асырай алмаймын, алдырта салсаңшы,- депті.

Содан әпкем ішке кіріп кетті, мен сыртта күтіп тұрдым. Бір кезде әпкем іштен қуанып шықты."Балаға үш ай болып қалған екен, дәрігер мұндай үлкен мерзімде аборт жасай алмаймын"деді. Өзім де бүртүрлі болып, жаным ашып тұр еді. "Құтты болсын,аман-есен туып ал енді "дедім.

Содан арада апта өткенде мазасы болмай, бір емшіге көрінуге барған екен"ұл туып ,ұлан -асыр той жасайындеп тұрсың ғой "деп қуантып тастапты.

Содан әпкеміз ұл туды. Екі жылдан кейін тағы да бір ұл туып алды.Қазір сол екі ұлы азамат болған. Қыздары тұрмыста. Анау қимай, туып алған ұлын көрсең ғой, сондай мейірімді, өте ақылды. Бәрімізді жақсы көріп, құрметтеп тұрады. Оның адамгершілік қасиеттерін көрген сайын жеңгем екеуміз қатты қысылып қаламыз. Баяғыда айтқан"алдыртып таста"деген сөздеріміз еске түседі. Жалпы,ешкімнің ,әсіресе Алланың берген перзентінің тағдырына араласуға болмайды екен.Құдіретті күшті Алла бәрін өзі ойластырып,шешіп қояды екен ғой. Қазір әпкем сол ұлын үйлендіріп, немере сүйіп, бақытты әже болып отыр. Ұлы анасын қатты жақсы көріп, бар қажетін орындайды. Биыл әпкемді Меккеге апарамын деп ниеттеніп отыр. Немерелері де шетінен өнерлі. Соларға қарап отырып, әпкем баяғыда осы ұлын алдыртып тастағанда қазіргідей бақытты болар ма екен деп ойлаймын...

- Туу, денем шымырлап кетті ғой. Бақытты болсыншы! Менің Сәуле құрбыма да Алла ұл берсе екен. Айтпақшы ,әпкең барып көрінген емші-көріпкел бар ма? Маған мекен-жайын сұрап әперші. Сәуле туралы сұрағым келіп тұр. Шаранасын алдыртып, бір қиын жағдайға ұшырамап қалмаса екен.

- Онда кешке әпкемнен телефонын сұрайын. Ертең сабақтан соң ,мүмкін бірге барармыз.

-Сөйтші, Күләш, жаным тынбай жатыр. Жүр, жатақханаға қайталық. Шаршағыным енді білініп жатыр,- деген Айша орнынан көтерілді.

Түнге қарай Күләш әпкесімен сөйлесіп, емшінің телефонын алды. Онымен хабарласқанда "ертең сағат 12-ге келіңдер. Таңертең бос емеспін"депті. Мұны естіген Айша түні бойы ұйықтамады. Тезірек таң атып, сағаттың он екі болуын асыға күтті. 

Бұл түні Сәуле де ұйықтай алмады. Көзі бақырайып,алаңсыз ұйықтап жатқан күйеуінің бетіне қарап,біраз жатты. Ертең түс қайта аборт жасататынын өзегі өртене ойлап, құрсағын қайта-қайта сипап,жанарынан жас сорғалады. 

-Алла кешірші мені. Амалсыз осы қадамға бара жатырмын. Серігім қызды жақсы көрмейді. Алты қызыма ұзақ өмір берсең болды, артық ешнәрсе тілемеймін,- деп іштей күбірлеп, таң атқанша аунақшып шықты. 

Таңды ұйқысыз атырған Айша орнынан тұрып,тез-тез жуынып, Күләшті оятты. Бүгінгі сабақтары түске дейін-ақ екен. Соңғысынан екеуі сұранып кететін болып келісті. Екеуі дәл он екіде емшінің алдында отырды. Айша құрбысының бар жағдайын айтты. 

-Құрбың Алладан  үміт үзбеуі керек . Сүйінші хабар Көп жыл зарыға күтіп жүрген тілегін Алла қабыл етіпті ғой. Басқа уайымдама,-деген емші-көріпкелдің сөзін басында Айша түсінбеді.

-Сәуленің қазір аяғы ауыр. Құрсағындағы ұл ма, қыз ба? Соны айтыңызшы. Айша емшіге сұраулы жүзбен қарады. 

-Ұл туады құрбың. Маған ұл көрініп тұр -деген көріпкелдің сөзін естігенде Айша жылап жібере жаздады.

Ниеттеніп әкелген 1000 теңгесін емшінің көрпешесінің астына қоя салып, рахметін айтып, орнынан тұра беріп еді:

- Отыр,батамды берейін,-деді емші. 

Емші бата берісімен Айша далаға шығып, Сәулеге телефон соқты.Қас қылғандай ,құрбысы телефонды алмады. Тағы бір таныс әріптесіне телефон соғып еді,ол Сәуленің сабақ беріп жатқанын айтты.

-Күләш,саған ризамын! Сәуле телефон алмайды. Ол бүгін түс қайта дәрігерге барамын деген. Мен тез оған жетейін. Шаранасын алдырмасын. Ұл екенін дәрігер неге білмеген? Мерзімі кішкентай болған соң шығар. Мені бүгін ешкім іздемес. Таңертең үлгеруге тырысамын. Мен автовокзалдан такси ұстайын,-деген Айша көшеге қарай жүгіре жөнелді. 

Екі сағатта діттеген жеріне жеткен ол дереу Сәулеге телефон шалды. Жауап жоқ. Құдай-ай, аборт жасатып қойған жоқ па екен деген қатты алаңдаған Айша дереу емханаға тартты. Гинеколог дәрігердің алдында ешкім жоқ екен, асығыс кіріп, құрбысының келген-келмегенін сұрады. 

- Сәуле құрбыңыз ба, жаңа ғана тексерістен өтіп, өзі шешім қабылдағанын айтқан. Қазір ең соңғы 26-шы бөлмеде болар, 

деген дәрігер мұның бетіне таңдана қараған.

- Айша дәлізде ары-бері жүрген адамдарды қаға-маға соңғы бөлмеге қарай жүгірді. Әй-шәйға қарамай,есікті ашып қалып "Сәуле,Сәуле,бас тарт! Аборт жасатпа! Сенің құрсағыңдағы ұл.Ұл туасың, ұлды боласың! -деген Айша креслода жатқан құрбысын көрді. Оған енді ғана наркоз бергелі жатқан дәрігердің щпириці қолынан сусып еденге түсіп кетіп, сынып қалды.

Сәуле өң мен түс көргендей болып"не дейсің Айша? Сен қайдан келіп қалдың? Ұл дей ме"деп орнынан тұруға әрекет жасады.Екі дәрігер ешнәрсе демей, бөлмеден шығып кетті. Құрбысының киінуіне көмектескен Айша ағыл-тегіл жылап жүр. Сәуле де солығын баса алар емес... 

... Арада тоғыз ай өткенде Сәуле шекесі торсықтай ұл тапты. "Бұл ұлымның атын жан досым Айша қояды.Әрі өкіл анасы болады,- деді Сәуле. Ешкім бұл шешімге қарсы болған жоқ.

... Аборттан аман қалған ұл да бүгінде 

ержетіп келеді. Үйдегі алты қыз бір төбе де, Арман бір төбе. 

Кейде ұлының көзіне көзі түскен Сәуленің жүрегі дір етіп, қорқып кетеді де Алладан кешірім  сұрайды.

Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ

Тауық жұмыртқасының қабығын үгітіп жейді екен
Қызының бақытсыздығына себепкер болған ананың өкініші
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу