Шет елге шығып келген қазақ қызының айтқаны

Oinet.kz 06-01-2023 11940

Құрбымның қызы шет елде оқиды. Қызының келу құрметіне ата- анасы дастархан жайды. Бардық. Аппақ маңдайын ашып, толқынды мойыл шашын артқа тарап ұшына шашбау қадап қойыпты. Жо-оқ, шашы ұзын емес, тіпті, беліне де жетпейді. Десе де, шашбауына көзім түсіп, ішім жылыды.

Screenshot_15.jpg

Фото альбомын көріп отырмыз. Шет елдің бір шамасында болыпты. Аңғарғаным, қай жерде, қай елде, кіммен суретке түспесін ашық-шашық суреті жоқ екен.  Бүркеніп араб болмаған, ашылып европа болмаған. Сәнді заманауи киімдері тал бойына жарасып тұр. Тағы аңғарғаным, сол киімдерінің өңін ашатындай етіп, әдемі талғаммен ұлтымыздың әшекей бұйымдары: сырға,сақина, білезік, шекелік, омыраубастырғыш, шолпы, алқа тағынады екен. Көз қуантады. Сән әлемінің сұлуларындай. Ойымды жанымдағылармен бөлісіп, қызды сөзге тарттым.

- Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апайдың бір әңгімесін желіден естіп едім,- деді ол.

"Қыз үйінде жүргенде әкесінің қызы. Мүлт кетсе, әкесіне тіл тиеді. Одан қала берді, тұрып жатқан ауыл, қаласының қызы. Жаман аты шықса, 

"пәленше ауылдың" қызы деп, ауылға жаман ат тағылады" деп еді. 

Мен шет елде жүрмін, әпке. Мен онда қазақ деген елдің қызымын. Жалтыраған сан, ашық кеуде, жалаңаш иықты екінің бірі киеді. Мен көптің бірі емеспін, мен қазақтың қызымын. Мен ерекшемін. Өйткені, өзіндік қалпымен, салт- санасымен елім ерекше.

Адам үйлестіре білсе, заманауи киім мен ұлттық коллоритті тіндестіруге болады. Мысалы, мына той кешіне киген көйлегіме қараңызшы, кәдімгі қос етек. Енді мынаған қараңыз, бұл- сырт киім, жеңіл пальто. Байқасаңыз, қазақтың шапаны, тек заманауи үлгіде. Етігіме, сумкама, бас киімдеріме қараңыз. 

- Мұның бәрін қалай, қайдан...

- Елге келгенде тіккіземін, сатып аламын. Ал шет елдік киім алсам, элементтерін өзім үйлестіремін. Қазір дүкенде не жоқ, бәрі бар, тігемін, жапсырамын, әшекейлеймін, яғни ұлттық үлгіге келтіріп өңдеймін,- деп  риза кейіппен күлімсіреді.

Сосын тағы сөзін жалғап:

- Жанымдағы шет елдік достарым, таныстарым таң қалады, қызығады. Қазақстаннан тапсырыспен алдыртады, - деді.

Шынында, керемет! Қандай талғам, қандай үйлесім, қандай ұлтжандылық!

Түйін: Үлкеннің ұлағатын ұққан, жаман әдеттің ұйығына жұтылмай, алпауыт ортада жүрсе де, кішкентай жүрегіне ұлтының ұлылығын жинаған МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

Ойланыңыздар.

Аймаханның Сақыпжаны

69000 теңгемен жағынан бір персең...
Бір кездері дүркіреп тұрған досымды қайдағы бір қытай жер қылыпты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу