Бір кездері дүркіреп тұрған досымды қайдағы бір қытай жер қылыпты

Oinet.kz 06-01-2023 2863

Асқар досымның үйінде шәй ішіп отырмыз. Еліміздің ең керемет қалаларының бірі Талдықорған емес па? Жаздың кеші. Үйдің ішінде қапырық болғандықтан далаға шығып, қалың көк майса шөп пен иісі аңқыған гүлдердің арасында отырмыз. Төбемізде қызара пісіп тұрған алма мен алмұрт. Ызыңдаған самауырдың шәйіне не жетсін? Қолдың майы, жаңа ғана пісірілген ыстық нан, қою кілегей. Рахат!

Screenshot_16.jpg

Әңгімеден әңгіме өрбіп, досым өткен өмірін айта бастады. 

- Қираған 90-шы жылдар, бірдеңе қылып күн көріс керек. Жігіттермен қосылып алып-сатумен айналысатын болдық. Сол кезде алғашқы болып Қытаймен қарым-қатынасты жасай бастаған біз едік. Жинап тергенімізді қосып, сол жаққа бет бұрдық. Ол заманда бізбен олардың айрымашылығы білінбейтін. Бізде ақша бар, оларда зат бар, керегімізді сатып алып, елге келіп оптом өткізетінбіз. Барахолка екінші үйіміз болып кетті. Аптасына екі-үш рейс жасайтынбыз. Телевизор, спутникті антенна, жиһаз, арақ-шарап – қысқасы не керек, бәрін вагон-вагонмен алып келе бастадық. Ол заманды білсеңіз барлығын бандиттер реттейтін. Рыжий, черный, лысый деген сияқты. Солардың біреуінің қол астында жүрдік.

Ақша көбейді. Сол жылдарда Қытайға барсаң қалтаңда бір мың доллар болса бәрі алдыңда құрдай жорғалайтын. Моншаларын жағып, арағыңды құйып; арқаңды уқалап дегендей. Әй, не істемедік десеңші! Оларды адам құрлы көрмедік қой. Тырнаққа дейін алғызып, қалғанын былай қойғанда.

Ол жақта Вася деген қытайым бар еді. Олар аттарын солай бізге лайықтап қоятын. Сол Васяма звондап бара беретінмін. Әрине, біз барғанша бүкіл товарды дайындап қоятын. Жүкті тиеп болғансын міндетті түрде бір сөтке дем алатынбыз. Вася менің жекеменшігім сияқты еді – деп досым жымия күрсіне күлді. Алдындағы кесеге шәй құйып, маған берген соң әңгімесін жалғастырды:

- Сонымен не керек, ақша жетеді. Той-думан, машина, пәтер алып, талай жаққа бардық қой. Турция дейсің ба, Гоа дейсің ба, Дубай ма - бәрін көрдік қой! Қасымызда қыздар –  жолдасы естіп қалмасын деп, досым даусын ақырандатты – сонымен қойшы өмір балдай өтіп жатты ғой шіркін! Ең қымбат отельдерді жалдап, басымызға көтерген күндер де болды ғой.

Сонда не керек, бір қызығы, әр барған сайын мен Васямның тірлігін байқай бастадым. Алғашында жыртық-жамау киім киіп бейшара болып жүруші еді, кейіннен шыттай киініп, алдымен үлкен супермаркеттің бір бутигін жалдап, кейіннен бір этажын, ал соңғы жылдарда бүкіл әлгі супермаркетті сатып алыпты, сұмырай! Киім тігетін фабрикасы, телевизор жинайтын цех ашып алыпты! Не керек дейсің бәрі бар! Самсунг керек десең алдындағы телевизордың жазуын қолма-қол алып тастап, тартпадан Самсунг деген жазуды алып шаптай салатын. 

Досым үндемей қалды. «Сонымен, ар жағы не болды?» - деп сұрадым, шыдамай.

Досым шәйін бір ұрттады да күрсінді:

- не болушы еді? Соңғы жылдары Васямыз бізді месінбейтін болды. Кабинетіне кіруге шамамыз келмей қалды. Бір миллион долларға ғана товар дайындайтын болды. Бізді адам ғұрлы көрмейтін болды. Бірде сыртта кездесіп қалдық, амандасқан соң әңгіме бастайын дегенде ол мені тоқтатты да: «Босқа әңгіме соғатын уақыт жоқ менде, кешір. Қажетіңді мыналар алып, жеткізіп береді. Монша, анау-мынау дегендерді де осыларға айтасың. Менің астымда қазір бес мың адам жұмыс істейді, сенімен жұмыс істеу маған қызық емес. Баяғыдан осы товарларды өздерің шығаратын жөндерің бар еді ғой, салпаңдамай осы жаққа» - деп қарқылдап күлді де кете барды.

Әй, ішімнің күйгені-ай сонда! Қылқындырып тастауға дайын едім! Бірақ кейін ойлансам, онікі дұрыс екен. Тепеңдеп, алып-сатып жүріп қанша таптық дейсің сол кезде? Бәрі ішкен-жегенмен кетті. Бір жылы таможнымен косяққа кіріп, барымды сатып, әрең құтылдым. Нөлге түсіп қалдым.

Байлық деп есептеп жүргенімнің бәрі күл екен. Айдағаным бес ешкі ысқырығым жер жарыпты. Алдым да саттым, барымды елден шығардым. Не таптым осыдан?

Қазір міне әйтеуір малым бар. Сол бала-шағаның қамы үшін. Ірімшік, май, қаймақ өзімдікі. Не де болса да ешкімнің қолына қарамаймын.

Неге сол 30 жыл бұрын осы есіме кірмеген десеңші? Өзің бірдеңе шығармай, өз жегеніңді өзің шығармай ештеңеге қолың жетпейді екен. Соны кеш түсінгеніме өкінемін – деп досым әңгімесін аяқтады.

Досымның келіншегі тамақ дайын дегенсін қолымызды шайып үйге кірдік...

Эрик Абеновичтің парақшасынан

Шет елге шығып келген қазақ қызының айтқаны
Молданы боқтап жеңген шешен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу