Екпедан бас тартқан бір отбасының 6 баласы ауырып, 3-еуі өлген

Oinet.kz 16-04-2019 991

Screenshot_7.jpg

Шымкентте ұл-қызына  қасақана вакцина салдырмайтын отбасылар жиі кездесетін болып жүр. Осындай жағдайды күнделікті өмірде кездестірген сайын мына бір жайт ойыма орала береді... 

Осыдан оншақты жыл бұрын Шымкентте теріс ағымды діндердің идеясын, дәлірегі халифат құруды көксегендердің үгіт-насихат парақшалары көбейіп кетті. Жұрт әлгі парақшаларды пошта жәшігінен, есігінің алдынан тауып алып жатты. Қазақ тілінде жазылған. Мазмұны елді бүлікке шақыру, қару алып соғысқа айдап салу. Жанкештілікті, өзін-өзі жаруды ақтап алғысы келеді...  Мына бір сөзі есімде қалыпты, Палестинада ата-аналар ұл-қыздарының өз-өздерін жарып, құрбан болғанын естігенде қуанып, Аллаға шүкіршілік етеді екен. Оқығанда жағамызды ұстағанбыз. Жат пиғылды, харам ниеттілердің қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінігін қаншалықты өзгерткісі келетінін осыдан-ақ байқауға болады емес пе?! Перзентінің өліміне қуанған ол қандай әке, қандай ана? Ұрпағының амандығы үшін, саулығы үшін жаны күймеген адамды әке деуге, ана деуге бола ма? Өз-өзіне қол салу, өз-өзін жарып жіберу... «баламның табанына кірген шөңке менің маңдайыма кірсін» деген қазақ үшін бұдан өткен қасірет  бар ма?!

      Вакцинаны адам қайбір жетіскеннен салдырады дейсіз. Ол аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі. Ал перзентін аса қауіпті індеттерден сақтандырғысы келмеген кейбір дін өкілдерінің наным-сенімі өз-өздерін жарып жатқан жихадшылардан да қауіптірек. Мұның айналадағы ортаға, қоғамға тигізер кесірі орасан емес пе?! 

Дүниеге келген сәбилеріне екпе салдыртпау Шымкентте 2010 жылы қатты дау болған. Полиомиелитке қарсы вакцина салдырмағандардың басым көпшілігі иегова дінінің өкілдері екендігі айтылған. Дәрігерлер балаға 6 жасқа дейін екпе салынбаса, кейін кеш болатынын, ал полиомиелит дертін жұқтырған адамның өмір бойы мүгедек болып қалатынын қанша жерден айтқанымен «куәгерлер» көнбепті. Көше кезіп, жұртқа тегін кітап таратып жүретін иеговалықтардың қан құйдыртпайтын әдеттен тыс «өнері» барын да көпшілік жақсы біледі. Тіпті хал үстінде жатқан перзентіне қан бергізбей, өлімге қиған жәйттар да кездескен. Иеговалықтардың сенім-нанымында қан ішуге (мейлі ол адамның болсын, жануардың болсын) қатаң тыйым салынған екен. Қан құйдыруды олар қан ішу деп қабылдайтын көрінеді. Вакцина салдыртпау да осы сенім-нанымға барып тіреледі. Олар вакцинаның қаннан жасалатынын алға тартатынға ұқсайды.  

Қайбір жылы Шымкентте құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде кірме діндердің жетегінде 5 мыңға жуық оңтүстікқазақстандықтың кетіп қалғаны ашық жарияланған болатын. Осы жиында прокурорлар қала сыртындағы саяжайлардың бірінде миссионерлердің қарапайым халықты алдап-арбап, өз діндеріне жаппай өткізгенін, қатын-қалашымен, бала-шағасымен өткен отбасылардың балалары әскери борышын өтеуден бас тартатынын, әнұран ойналғанда орындарынан тұрмайтындығын, елдің туы мен елтаңбасына құрмет көрсетпейтіндігін айтқаны есте қалыпты. Сол жолы қаржы полициясына ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген кірме діндерді кім қаржыландыратынын анықтау тапсырылған еді.  Бірақ оның нәтижесі белгісіз күйде қалды.        

Жуырда облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігерлері биылдан бастап құрт дертіне қарсы вакцина салдырғысы келмейтін ата-аналардың күрт көбейгенін айтып, дабыл қақты. Вакцинадан бас тартқандардың 90 пайызы діни сенім-наныммен байланысты. Нақты мәліметке жүгінер болсақ, былтыр құрт дертіне қарсы екпеден бас тартқандардың саны 170 болса, биылдың 8 айында ол 139-ды құраған. Жыл соңына дейін бұл цифр көбейіп, былтырғы көрсеткіштен де асып кетуі әбден мүмкін. Ал облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Замира Есенқарева жыл басынан бері  463 баланың екпе салудан бас тартқанын мәлім етті. Дәлірегі бас тартып отырған оның ата-анасы. Былтыр осындай 350 жағдай тіркелген екен. Тоғыз айдың ішінде ол былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда көбейіп отыр. Екпеден бас тартудың 90 пайызы діни сенім-нанымға барып тіреледі. Барлығы да дәстүрлі емес дінді ұстанушылар көрінеді. 

--Вакцинация баланың түрлі жұқпалы ауруларға қарсы иммунитетін қалыптастыру үшін жасалады. Алғашқы екпені сәби перзентханадан бастап алады. Бұлар туберкулезге, «В» гепатитіне, дифтерияға қарсы салынады. Барлығы да бала өміріне қауіп төндіретін аурулар. Тоқсаныншы жылдары біздің облыста дифтерия дертіне шалдығу жәйттары кездескен. Өз басым бір отбасыда осы дертпен 6 баланың науқастанып, оның үшеуінің қайтыс болғанын білемін. Бұл ауруды жұқтырған бала қайтыс болуы мүмкін, тірі қалған күннің өзінде таңдайы салданып, мақау болып қалады. Екпеден бас тартудың қалған 10 пайызына интернет, ақпарат құралдары, түрлі баспа өнімдері арқылы жұрт арасында вакцинация туралы теріс түсініктің қалыптасуы себеп болып отыр, --дейді З.Есенқараева.  Бас маманның айтуынша, екпеден бас тартушылардың арасында христиандық бағыттағы, сонымен бірге сақал қойып, балақ қысқартқан исламдық бағыттағы діндердің өкілдері де бар. Олар балаларына екпе салуға келген ақ халаттыларды үйлеріне кіргізбейді, тіпті сөйлескісі де келмейді. Бірақ өздері ауырса, медицинаның көмегіне жүгінеді екен. Имамдар арқылы да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті. Бірақ әзірге нәтижесіз. Имамдар «бұлар тек екпеге ғана емес, жалпы қоғамға қарсы адамдар» деп, күйінгенге ұқсайды. 

Дәл осындай жағдай биылдан бастап Ақтөбе мен Атырау облыстарында көбейген.  Мәселен Ақтөбеде құрт ауруына қарсы екпе салдырудан 1200 ата-ана бас тартқан. Ал Атырауда вакцинадан жаппай бас тарту деректері соңғы төрт жылда көбейе бастаған. Шымкент, Ақтөбе, Атырау... Қарап отырсаңыз, теріс ағымдағы дін өкілдері негізінен осы облыстарда көбейіп тұр емес пе? Бұлай кете берсе, ертең олардың тағы қандай қиғылық салатынын кім білсін... Әйтеуір бүйректен сирақ шығарғыш ұрпақ өсіп келеді. 

Кірме діндерден көресінді көріп жатырмыз. Кейінгі жылдары елімізде дін істері агенттігі құрылды, әр облыста дін істері басқармалары бар. Терроризмге, діни экстремизмге қарсы бүкіл ел болып күресіп жатырмыз. Дәл қазір біздің құзырлы органдар дәстүрлі емес діндердің жетегінде қанша қазақтың кеткенін тап басып айтып бере алады ма? Әй қайдам, Сирияда соғысып жүргендердің санын жобалап болса да айтып бере алмаған соң... 

 Қазақстан келесі жылы әлемнің дінбасыларын Астананың төрінде тағы да жинайтын болды. Түрлі діннің өкілдерін бір үстелдің басына отырғызып, жұрттан мақтау естіп, басымыздағы сәлдемізді дағарадай еткенге мәзбіз. Әйтеуір, күні ертең біз туралы жаман сөзді көп айтатындардың сандырағы дәл келмесе екен дейсің. Құдай бетін аулақ қылсын. 

      Ғ. Қуандық 

Мұрағаттан: 23.10.2014


Дүмшелерді дубляждан алыс қумай, тәржіменің сапасы жақсармайды
Шәмші Қалдаяқов - қазақ әнінің тынысын кеңіткен кемеңгер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу