Оңашадағы ойлар
Оңашадағы ойлар
Баяғы заманда ел аралап, күнін көруге дағдыланып алған ағамыздың көзіне бір күні айдалада ырымға ауыл кезікпей әбден діңкелейді. Арып - ашып, әбден әлсіреп, бір төбенің басына шыққанда, тәлейі таусылмапты, бір байдың күздеуде отырған жері көз ұшында көлбеңдейді. «Өлтіре көрмеңдер, бір кесе ағарған берсеңдер, жетеді» деп төбенің басынан байдың он екі қанат үйіне дейін зарлап келген ағамыз есіктің сол жағына жайғасады.
Төрде отырған қожайын қызын айранға жұмсаған сәтте аяқ астынан ағамыз басқаша сайрап қоя берсін. «Әй, айраныңды өзің іш, мен сенің қызыңды қатындыққа алып кетуге келіп отырған адаммын». Ал, керек болса! Үй иесі өте ақылды болып шығады: «Сенің әңгімең дұрыс екен. Кел, менің қасыма жақын келіп айтшы, айтарыңды». Ағамыз екі өкпесін қолына алып, қасына жетіп барады. «Ал, енді айтшы» депті бай тағы да. Сонда жаңа ғана қоқаңдап отырған қонақ. «Айранымды ішем де кетем. Қарынаштықтан басым айналды ма, байқаусыз аузымнан шығып кетіпті. Сөзімді қайтып алдым, байеке» деп әзер құтылыпты.
Сөйтсе, бай бүкіл алтынын қонағы отыра кеткен табалдырықтың сол жағына көміп қойған екен. Міне, будың құдіреті! Алтынның буы бейшараны ғана есінен таңдырмайды, күндердің күнінде бай адамды да ақылынан адастырады. Қазақ бекер айтпайды: «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді». Қолына қарға тышқан адам байлығын еселей түссем деп жанталасады. Философияның заңы: «Қажеттілікті өтеу жаңа қажеттілікті туғызады». Бұдан кейін бәсекелестік басталады. Мұның арты дүнеқоңыздыққа барып тіреледі. Ешқашан “happy end”- ке апармайтын маршрут!
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі