С. Елубай / Ақ боз үй
Ұлы Даланың рухани жауһары
С. Елубай / Ақ боз үй
Ауыл жастары Хансұлу, Шеге, Ждақай, Қозбағар, Бұқарбай, Сұржекей, бұлардан ересек Бұлыш, Балқия; Мажан балалары Мотан, Шотан, Қапан – бұлардың қасында Әзберген (Пахраддиннің баукеспе болып кеткен інісі); Шәріп, Қауқаш; Мажан бай мен Пахраддин бай (бұл орташа болып есептеледі); Асан, Апанас (Афанасий Васильевич), Калашников – большевиктер, партия қызметкерлері; ескілікті көп білетін, көпті көрген Дәу - апа (Бұлыштың шешесі), ауыл - үй арасының сөзшең кемпірі Торқа (Қозбағардың шешесі) – бәрі де бүгін мен келер күнді бірге атқарысып жатқан, бірақ ойы да, ісі де әрқилы, қарама - қарсы мінез - пиғылдың адамдары. Осы кейіпкерлер шыққан тегіне, өскен ортасына қарамай, өмірді түсінуі, ұғуы жағынан ойда жоқта топтасып, жұптасып, ойда жоқ тұстан дара кетіп, адасқанның алды жөн, арты соқпақ жайларды бастарынан кешіреді.
Автордың бізге әкелген олжасы аласапыран жайларды аса бір жан тебірентер хикаялықтілмен жеткізіп отыруы. Бір - біріне ұқсас кештер, қалаға азық - түлік қамымен кеткен кірекештер, ошарыла көшкен ауыл, босқан ел, аштық, жоқтық қысқан жандардың үрей жайы әрдайым өзіне лайық суретпен, өзіне тән сезім, әсермен баяндалады да, жалпы мал баққан қазақ ауылының адам айтқысыз мүшкіл халін көз алдына әкеледі. Сол жылдар қасіретін бұлай жалаңаштап көрсету бұрын болмаған.
Қарынның ашығуы көңілдің торығуынан басталды. Сталиндік қатаң тәртіптің салдарынан, асыра сілтеуінен егін екпейтін елге қайта - қайта салық түсіп жатады. Большевиктік тәртіпке құдайдай сеніп, шәк келтірмейтін етікші кедей Шәріптің өзі, тағы да бес пұттан астық тапсырмасаңдар дегенде: «Бес пұты несі? Әй, бұл қыратын шығар елді? Бес пұт дей ме? Уа, атаңның...» деп, қылғынып қалады. Мұның аржағында ел аралаған өкілдер: «құлақтыжою керек, жүз процент колектив болу керек» дескен - ді. Голощекиннің «аша тұяқ қалмасын» деген ұраны да келіп жеткен. Оның жергілікті өкілі Калашников: «Бұл аймақта мен бірде - бір пролетариат көре алмадым... Бұл дала толған кулак. Кулакқа малды ортақтандыру – өлім. Сондықтан жеке шаруаныңең алдымен малын құрту керек», дейді. Қазақ жерін бұрыннан жақсы білетін Апанастың тілін ол алмайды. Міне осындай науқан, бұйрық, қорқыту, үркіту заманында ауыл - ауыл бет - бетінекөшіп, малын сатып, не сойып жеп ада еткен қауым ашаршылыққа ұшырамай қайтпек? Автор бұл жайында көптеген келеңсіз жайларды, психологиялық қарама - қайшылықтарды келтіріп, қатал науқанның арты қайда апарып соғарын тұспалдайды, дәлелдейді.
Романда әр топ, әртүрлі әлеуметтік не тұрмыстық жағдайдағы жандардың бір - бірден антиподы, қарама - қарсы жағы бар. Қазақша сөйлейтін, ел, ауыл жағдайын жақсы білетін партия қызметкері Апанас бір бөлек те, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Калашников бір бөлек. Мұны әлгіде айттық. Өзберген мен Бұлыш жайы да солай. Ал Пахраддин ше? Ол да Мажан бай емес, басқаша. Мажан қожайын болуды, мансапты жақсы көретін, ит басына іркіт төгілсе де, жібімейтін, біреуге қол ұшын бермейтін кәдуілгі танымал бай. Оның балалары да шетінен бөрі. Жалшылары Рысбек, оның ата - анасы «Мажан үйінің басыбайлы құлындай малмен бірге жатып, малмен бірге өсіп жүретін». Ал, Пахраддин болса – жөн - жосығы бөлек адам, ағымды да, саясатты да, адам жайын да ұға алатын, сабырдың, ақылдың адамы. Расында да бай біткеннің бәрі қатыгез, сараң бола бермеген ғой. Әсіресе надан болмаған.
Өмірдің ақ - қарасымен жұмысы жоқ, бір кезде бай есігінің алдында жалшы болған, қой баққан Сұржекей бұл кезде шошайтып мылтық асынған, «мелиса» болған. Сол қараңғы белсенді, «Голощекин заңына қарсы тұру болмасын» дейтін қолщоқпар енді наганын суырып, дедектетіп Пахраддинді ауданға айдап келеді. Аттың омырауымен қағып құлатады. Түрегеле берген Пахраддин, «інім мені қорлап қайтесің, түбі бір өлім ғой, ат та осы жерге тастап кет, қарағым», - дейді. Бұл қойылым таптық өшпенділіктің ғана көрінісі емес, топас, надандықтың парасатқа шабуылы. Кедей болса бәрі дұрыс, бай болса бәрі бұрыс деген теңгермелік жәй – дүние - иүлік теңелген соң, ақыл да теңелді деген сол заманның ұғымы еді ғой (ол осы күнге дейін келді): ұрып - соғып, айдап, естен тандырып дегендей. Бірақ ол ақыл жоққа қонбады – жаратылысы қалай болса, солай қалды. Надан кедеймен Маман бай артық екеніне көз жіберілмеді, мәселен, тым болмаса, аштыққа ұрынбау үшін. Айналдырған он жыл ішінде екі бірдей қырғын аштық болу не сұмдық. В. И. Лениннің бірінші аштықтан алған тәжірибесі де (НЭП) еске алынбады. Автор адамдардың осы ара қатынасын дұрыс тапқан. Қауым ел ренжімесін деп, маңдайындаы жалғызы Хансұлуды есік алдындағы қойшысы Қозбағарға беріп, малын да бөлген Пахраддинге тимес болар еді. Кедейден шықса да, Сұржекей, Бұхарбайлар оңбады. Жастардың бір тобы Шеге, Ждақай, Рысбектер тәуір болып шықты: тап ұғымымен қатар адамгершіліктен ныспы емес. Лабақ ахун, Пахраддин; тіпті шыжақай Шәріп те, Дәу - апа мен Торқа кемпір халық дәстүрлерін бойларына жинаған сол ауыл жандарының естияр жағын аңғартады. Бұлыш пен Балқия жайы романның ықылас қоя оқитын беттері. Шығармада осылай әртүрлі мінез - құлықтар арқылы жаңа орнап жатқан тәрітптің беталысы, құлдырап құдыққа құлап бара жатқан жайы аса бір шындық суреткерлікпен берілген.
Хансұлу мен Шеге туралы айтсақ, дәстүрлі романдардағыдай екі ғашықтың махаббатын айтқан болмаймыз. Автор ондай мақсат қоймаған да сияқты. Өйтпесе болмашыдан от шығып, жәбір көрген Қозбағарға апарып Хансұлуды қоса салмау керек еді. Әйтеуір оңы түсіп, Хансұлу қасына жолай алмаған Қозбағар жайына қалды да, кейін Шеге алып қашты. Бұлардың үй - жай болуы, тұрмыс құруы нанымды - ақ суреттелген. Бірақ роман басында қаракерінен түспей, үкі тағып, тәуір қамзолкиіп, бой түзеп жүрген қыз үлкен махаббатқа, небір драмаға душар болатындай көрінген. Әлгі бір топ бозбалалар ішінен оған лайық ешкім жоқ сияқты еді.
Дызылдауық Шәріптің баласы Шеге де әлжуаз. Сырттай қызыққаны болмаса, әлі жетілмеген сары тұмсық, үрпек бас бала. Өздігінен іс бастап, бұлқынып тұрған жоқ. Кейін партияға еніп, артынан істі болуы оны біраз пысытты. Қайткен күнде де осы жас отау, тағы басқа жеткіншектер сол құрала бастаған қоғамның болашағы екені байқалады. Автордың ойлағаны да осы болу керек. Ал шынайы махаббат жайын әңгіме етсек, ол – Бұлыш пен балқия сүйіспендігі. Автордың аса ден қойып сипаттаған жандары. Олардың бір - біріне ынтызарлығы да, адалдығы да, жалтақтық жоқ, қарайлау жоқ, өздеріне сенген беріктігі оқырманды иландырады, риза етеді. Көрген қиыншылық, азаптары бір адамға жетерлік. Әттең осы таза махаббаттан, лаулап жанған оттан тек жел суырған құм ғана қалды.
Иесіз қалған ауылда көлеңке сүлде Балқия қалды. Қазақ даласына келген нәубеттің бұл да бір қасіреттік көрінісі аянышты - ақ.
Асан большевик жайы анық емес, қысқа қайырылған, өлімі де кездейсоқ. Апанас жақсы адам болғанымен, жарытып ештеңе істемейді. «Қызыл отау», «Комсомол», «Митинг» дегендер тек дәуір штрихын аңғартуға алынғандай. Шегеге ақыл үйрететін қыдыңдаған аудандық комсомол қыз Нұрила бейнесі сол штрихқа лайық дұрыс табылған.
Роман көркемдігінің басты кілті тілінде. Соны тілге кез болдық. Әңгіме етіп отырған аймақтың жері мен желінен, адамдар тіршілігінен пайда болған тіл шығармада өз орнын тапқан. Мойындау керек, біз бұл кезде қызық заманды бастан кешіріп жатырмыз ғой: тіл жоқ, бірақ сөз бар, тіл жоқ, бірақ шығарма бар. Осының салдарынан көмескі сурет, хабарлама оқиға, дәмсіз сөз шығарма бетін қаптайды. Романдағы көш суреті, дала кейпі, аштық айдаған жолаушылар жайы, махаббат күйі болсын – бәр - бәрі де тартымды, тың тіл қуатымен жанданған. Адам мінездерін жасағанда да сол тіл дәрмені олардың ажарын ашып тұр. Жергілікті сөйлеу тілі мол қамтылған. Бұл өте құптарлық жай. Тек «шайпауыз» (шайпау), «шалт» (шолт), «ірікті» (көз туралы), «құтаймас» (таусылмас, бітпес деген мағынада алыпты) деген сяқты бірлі - жарымды сөздер болмаса, бұл қалай деп таңырқанатындай тіркестер көрмедік. Шәріптің, Торқа кемпірдің тілдері күлдіреді - ақ. Тіл тапқырлығы, тіл ұстарту романның құнды жақтары.
Смағұл Елубай бұл романымен өсті, өзіндік қаламын танытты. Нық тұрып, өз қарасын жұртқа таныта алатын жайы барын байқатты. Осы қарумен, осы бекемдікпен алға баса берсе, шығар тауының да биік болары сөзсіз. «Ақ боз үй» романы бұған айғақ.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі