Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
06-01-2024
Бала күнімде немістерге оң қолының үш саусағын беріп келген атамның алдынан шықпайтынмын. Үнемі саусақтарың қайда деп сұрасам, «Гитлер сұмырай шайнап алды», - деп қана жауап беретін. Қазір түсінсем мұның мәні, Жеңіс жолының ауыр соқпағын жадына алғысы келмегендігі екен.
Әлемді әбігерге салған бүгінгі пандемия Төлебилік батыр ұрпақтарына ата-баба рухына тағзым етер естеліктерінің көпке таныстырылымын жасауға мүмкіндік бермей отыр. Дегенмен, Сіз бен біздің бейбіт таңымыз үшін жан алып, жан беріскен ерлер есімі әркез құрмет биігінде болары сөзсіз. Нақ осы көңіл құрметін іспен дәлелдеген жерлестеріміз ескерткіш-мемориал ашты. Ол Төлеби ауданы «Көксәйек» ауылы М.Х.Дулати атындағы білім ұясының аумағынан орын тепті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш-мемориалында 866 жауынгер есімі тасқа қашалып жазылған. Соғыс ардагерлерінің құрметіне бой түзеген кешен батыр ұрпақтарының демеушілігімен жасалды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Түркістан облысынан 140 мыңдай адам аттанса, оның ішінде Төлеби ауданынан 10500 сарбаз соғыс атты зұлматты бастан өткерген. Мәрмәр тастан жасалған кешеннің ені 18 м, ұзындығы 36 м құрайды. Мемориалдың дәл ортасында сол кездегі Георгиевка қазіргі «Көксәйек» ауылынан шыққан қос Кеңес Одағының Батыры Қосан Мамутов пен Редько Алексей Николаевич бейнесі салынған. Ал ұлт мақтанышы Б.Момышұлының рухты сөзі құнды кешкеннің бағасын асқақтатып тұрғандай.
Қазіргі таңда «Көксәйек» ауылында 18 мың халық тұрады. Ауылда жалпы саны 5 білім ошағы бар. Соның бірі М.Х.Дулати атындағы 1000 аса шәкірт білім алатын жалпы орта мектеп. 1972 жылы пайдалануға берілген нысан 2012 жылы реконструкциядан өтеді. Оқытушылар сол сәттен бастап Жеңіс жалауын желбіреткен батыр бабалар туралы ескерткіш көтеру жайын ойластырады. Игі істің басы-қасынан табылғанның бірі М.Х.Дулати атындағы мектептің әскери жетекшісі - Әлібек Алшабаев болатын. 40 жылдан аса ұстаздық еткен педагог осы істің жүзеге асуына білек сыбана кіріседі. Құрылыстың бастау алуы мен құнды деректерді жинақтау жайын өз сөзімен жеткізсек.
«Жеңіс... Қастерлі сөз. Сан миллион адам сарыла күткен бұл жеңіске 1418 күннен кейін қол жетті. Жалпы ескерткіш-мемориал жасау туралы ой туындағаннан бастап, қаншама мұрағатты көтеріп тың деректерге қанықтым. Қазақ даласынан майданға - 1 миллион 366 мың адам қатысып, 410 мың адам - кері оралмаған. Уақыт өткен сайын жаңа ақпараттар жарияланып, араға 76 жыл салса да, әлі де зерттеуді талап ететін соғыс естеліктері жас ұрпақтың жадында, қаһармандық пен рухты болмыстың көрінісінде сақталуы тиіс. Ол үшін қолымыздан келген іс-әрекетті жасап бағу шарт. Мен осы ерлік кейіпкерлерінің еңбегін дәріптеуді ауыл жанашырларына түсіндіре білдім. Яғни Б.Мырзатаев, Қ.Өсербаев, Я. Скрынников, М.Дидиченко, О.Шыналиев, С.Салыбеков, Н.Досалиев сынды азаматтардың қаржысы мен жұмыла атқарған еңбектерінің нәтижесінде жас ұрпақтың тағзым етер ескерткіші тұрғызылды»,- деді Әлібек Алшабаев.
Осы ауылдан соғысқа аттанып, майданда мерт болғандар тізімінде – Шалқар Ахметовте бар. Ардагердің жиені, медценат Бауыржан Мырзатаев нағашы атасының ерлігі әрдайым қасиетті болып қала беретінін айтады.
«Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуге тиіс. Фашизмді жеңген кеңес халқының ерлігі туралы естеліктер ұрпақтан ұрпаққа берілуі қажет. Миллиондаған боздақтың есімін ұмыт қалдырмау мақсатында осы ескерткіш-мемориалды тұрғызуға атсалыстық»,- дейді Бауыржан Мырзатаев.
Өмірдің заңына қарсы тұру құдіреті, сірә, ешбір пендеге берілмеген. Бүгін марқұм атамның ерлікке толы тағдырын мен өз балама әңгімелеу үшін, оның мәрмәр тасқа қашалып жазылған есімін көрсету үшін және жәй ғана рухына тағзым ету үшін – мемориалға бас сұқтым.
Ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы!
Жұлдыз ЖАСҰЗАҚ