Ескерілмей қалған ерлік

Oinet.kz 06-05-2021 585

Ұлы Отан соғысының  ардагері Мамыр ақсақал кейінгі кездері теледидардан Ұлы Отан соғысы жайлы кинофильм көрсетіп жатқанда қарамауға тырысыпты. «Әке, көрсеңізші» деген балаларына «Ее, балам, бұл көріністердің бәрі жалған ғой» дейді екен.

Screenshot_1.jpg

Screenshot_3.jpg

Мұсабеков Мамыр Мұсабекұлы 1922 жылы Шымкенттің іргесіндегі Қарабастау елді мекенінде туылған. Қызыл Армия қатарына 1941 жылы желтоқсан айының 4 жұлдызында шақырылған. №4 гвардиялық жеңіл артиллериялық Севастополь бригадасының Қызылтулы Перекоп дивизиясында зеңбірекші болып соғысқан (219 гвардиялық артиллериялық полк).

Соғыстан 1947 жылы 4 ақпанда оралған. Содан колхозда қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген. Кейін Шымкент қаласында өндіріс мекемесінде жұмысшы болған. Тассай елді мекенінен шыққан Рахима Құлқатайқызына үйленген. Жанұяда алты ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Снаряд жарықшасы салған жарақаттың салдарынан басында ойықша болған екен. Сол сыздап ауырып мазасын ала берген. Дәрігерлер «операция жасауға болмайды» деген. Сол жарықтың зардабынан 1991 жылы қайтыс болған. 

219 гвардиялық артиллериялық полктың командирі Солововтың «марапаттау қағазында» (наградный лист) Мұсабеков Мамыр туралы мынадай сөздер бар: 

«Мұсабеков жолдас қаруды бағыттағыш бола жүріп өзін қамқоршы және батыл командир ретінде көрсете білді. 14 қыркүйек 1944 жылы  Вяйке-Эмайыги өзенінің батыс жағалауында жаудың қорғанысын бұзу кезінде өзінің отты зеңбірегімен 75 милиметрлік жаудың зеңбірегін, 2 пулеметтік нүктесін және 15-ке жуық немістің офицері мен солдатының көзін жойды. Қарша бораған оқтың астында біздің жаяу әскердің қозғалысына көмектесе отырып, дәл көздеп, жауынгерлердің шабуылына бөгет болып тұрған жаудың пулеметтік нүктесін жояды. Жауынгерлермен бірге Мұсабеков жолдас қарсыластың екі қарсы шабуылын қайтарады. Мұсабеков жолдас мемлекеттік марапат III-дәрежелі Даңқ орденін алуға лайықты». 

Кейінгі бейбіт заманда еңбексүйгіштігімен, қарапайымдылығымен, ерекшеленген. Соғыстағы ерліктерін бұлдап, басшылардан ешнәрсе сұрамаған. Сайрам ауданының екі рет депутаты болып сайланған. Тіпті екі рет автокөлік бермекші болғанда одан бас тартыпты. 

Сексенінші жылдары Мамыр көкемізді сонау Мәскеуден майдангер досы әрі командирі іздеп келіп қонақ болып кеткен. (Фотосуреттегі ортада тұрғаны. Оның аты-жөнін ұлдары ұмытқан). 

...Кескілескен ұрыс кезінде Мамыр көкеміздің зеңбірегінің жанында снаряд жарылып, ол кісі есінен танып қалады. Бір кезде есін жиып, орнынан тұрса, жанындағы жолдастары өліп қалған екен. Алдына қараса немістің бір танкісі таяп қалған. Тез арада зеңбірегіне знарядын салып, көздеп тұрып атып қалғанда жаудың танкісі отқа оранады. 

Мамыр көкеміз  осы бір ерлігі командирлер тарапынан ескерілмей қалғанын айтып отырады екен. Алайда ерлік тек орден, медальмен ғана өлшенбейді емес пе?! Ұрпақтары аталарының ерлік істерін ешқашан ұмытпайды. 

Ардагердің тағы бір өкініші, «Сталинград үшін жан беріп, жан алысқан ұрыстарда шексіз ерлік көрсеткен 210-шы гвардиялық артиллериялық полк жайлы неге еш жерде айтылмайды» деп күйінеді екен. 

Төрехан Ерназаров,

Шымкент қаласы. 

Төлебилік 866 ардагер есімі мәрмәр тасқа қашалды
Орамал тақпайтын келіндер оқысын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу