Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметте тіле!

Oinet.kz 12-04-2021 1607

Бірде Мұхаммед (с.ғ.с) серіктерімен келе жатқанда, жолда азықтары таусылып  қарындары ашады. Жебірейіл періште оларға пейіштен інжу, меруерт, дүрлермен өрнектелген алтын табаққа салынған құрма жемісін әкеледі. Мұхаммед (с.ғ.с) «Бісcіміллә» деп, табаққа қол салып  құрмадан дәм татады. Серіктері де жапырлай қозғалып, құрма жеуге кіріседі. 

Screenshot_1.jpg

Табақтағы құрма азайғанда, ортадағы бір құрма ерекше көрінеді. Бір кереметі  ол құрма қолға түспей дөңгелей береді. Сахабалар бұған таң қалады. Бұл құрманы ешқайсысы жей алмайды. Сол кезде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз құрманы  қолына алып қарайды да, «бұл не ғажап ?» деп ойланып қалады. Сол кезде Жебірейіл періште де жетіпті. – Уа, Алланың елшісі ! 

Бұл құрмада үлкен бір құпия бар. Ол сізге де, серіктеріңізге де бұйырмайды. Сізге Тәңірім сәлем жолдады. Төрт жүз жыл заман өткен соң сіздің бір үмбетіңіз дүниеге келеді. Оның есімі Ахмет болады. Ол үмбетіңіз сіздің рухани жолыңызды жалғастырады. Бұл құрма сол баланың несібесі, – дейді. Серіктері мына әңгімені естігенде  таң қалады. Сол кезде Мұхаммед (с.ғ.с) : Иә, Жебірейіл, ол заманға дейін бұл құрма қалай жетеді ?, - деп сұрайды.

Жебірейіл періште : Бұл құрманы Ахмет атты балаға жеткіз деп бір серігіңізге тапсырыңыз, – дейді. Сонда Мұхаммед (с.ғ.с) : Уа, бауырлар ! Мына аманат құрманы менің 400 жылдан кейін дүниеге келетін  ардақты үмбетіме кім табыстайды? Кім тәуекелге бел байлайды ? – дейді. Ешкім үндемейді.  – Бұл құрманы жеткізген адам екі дүниеде бақытты болады. Ол бақыт кімге бұйырғалы тұр екен ? – деп сұрайды. Серіктері «төрт жүз жылға дейін өміріміз жетпей қалады - ау» деп күмәнданып тұрғанда, Мұхаммед (с.ғ.с) сөзін қайта жалғайды : Егер кімде кім бұл аманатты менің үмбетіме жеткізер болса ол адам пейіште Ұлық Алланың жамалын көреді, – дейді. Сол кезде ортаға Арыстан бап шығып : Иә, Алланың елшісі. Аманат - құрманы жеткізуді маған тапсырыңыз. Құдай қолдаса, аманатыңызды жеткізермін, – дейді. – Бәрекелді ! – Бәрекелді !  – Жарайсың Арыстан сахаба ! – Дегеніңе жет ! 

– Алла жар болсын ! – Алла жар болсын ! – деп шуласады. Барлық сахаба қуанысып қалады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз : Уа, менің құрметті серігім. Тәуекелге бел байлағаныңа ризамын. Алла жолыңды оңғарсын, мақсатыңа жет ! – деп батасын береді. Арыстан бап : Уа, Алланың елшісі, менің сізге айтар датым бар ! – дейді. – Датың болса айт ! – Бұл құрманы жеткізу үшін маған ұзақ ғұмыр керек. Тәңірден менің өмір жасымды ұзартуын сұрап, дұға етіңіз, – дейді. Мұхаммед (с.ғ.с) : Иә, Алла, Арыстанның ғұмыр - жасын ұзақ қыл ! Оны рақымың мен игілігіңе бөлей көр! – деп дұға жасайды. Сол кезде Жебірейіл періште :  Уа, Алланың елшісі ! Сүйінші ! Сүйінші ! Алла сенің бұл тілегіңді қабыл етті. Арыстанға Алла ұзақ ғұмыр берді, – дейді. Мұхаммед (с.ғ.с ) құрманы алып : Аузыңды аш, Арыстаным ! Мына құрманы тіліңнің астында сақтағайсың. Таңсәріден тұрып, менің Ахмет атты үмбетімді іздеп сапар шегесің. Арып - ашып, жердің жүзін шарлайсың. Бармаған жерің, баспаған тауың қалмайды. Ақыры бір мекенге келіп жетерсің. Түркілер мекендеген Сайрам шаһарына кез боларсың. Осы шаһарда үлкен бір медресе болар. Аманаттың иесі – осы медресенің шәкірті. Оның медресеге кірген ізі болса да, шыққан ізі болмайды. Аманатты өзі келіп, сенен сұрап алады. Оған Құдай сондай артықша қасиет береді, – дейді. Арыстан бап :  Иә, Расул ! Бұл аманатты аман - есен барып тапсырып, міндетіңізден құтылармын – дейді. Арыстан бап ұзақ жыл сапар шегіп, Сайрам шаһарына ақыры жетіп жығылады. Ұзақ жолдан қажыған ол дем алмақ болып, ілім ордасының маңында ағып жатқан Сайрам суының жағасында сәл аялдайды. Сол кезде медреседен жас бала шығып  бұған қарай аяңдайды. Әлгі бала Арыстан баппен сәлемдеседі.– Ассалаумағалейкум, Арыстан баб ! Жоғың болса, кешікпей тезірек тап ! – дейді. Арыстан бап та іздеген адамының осы екенін білу үшін : Балам, есімің кім ? – деп сұрайды. – Атымды қайтесіз, аманатымды беріңіз, ата ? – Балам, атың Ахмет екен. Ішің толған хикмет екен. Аманатыңды ал, аузыңды аш ! – дегенде, төрт жүз жыл бойы сақтаған құрма ұшып барып, шәкірттің аузына кіріпті. Бала Ахмет құрманы жұтып жібереді. Сонда Арыстан бап : Аманатыңды осынша жыл сақтағанда, еңбегімді елемегенің қалай ? Маған сүйегі ғана қалыпты, – дейді. – Ата, онда жұрт, алдымен сізге түнесін, бізде жатып тілесін, – дейді. Құл Қожа Ахмет Ясауиге «аманат құрманы» жеткізген Арыстан бап халық аузында оның ұстазы ретінде айтылады. Ел арасында «Арыстан бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз осыдан қалыпты.

Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің басына күмбезді кесене салмақ болады. Бірақ кешке дейін қалаған дуалы түнде құлап қалады екен. Бір түні Әмір Темірдің өзі қарауыл болып аңдыпты. Түннің қақ ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп қиратады. Әмір Темір мұның сырын түсіне алмай қиналады. 

Бірде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп : Көк өгіз Арыстан баптың әруағы. Сен, алдымен, соның басына кесене тұрғыз. Ниет еткен ел болса, алдымен ұстазыма құрмет көрсетсін. Сосын барып маған Құран оқысын. Алла шапағат етсе содан бір жақсылық табар. Рухани ұстазыма лайықты құрмет көрсетпесе, шарапатым кем болар. Ұлық Алла ұстазын сыйлағанды жақсы көреді, – дейді. Әмір Темір ертесіне Отырарға барып  Арыстан бапқа зәулім кесене салады. Сосын барып Қожа Ахметтің басына алып көк күмбез тұрғызыпты. Осыдан бастап, ел алдымен Арыстан бапқа түнеп, Қожа Ахмет Ясауиде Құдайдан тілек тілейді екен. 

Айша р.а. анамыз былай деген : Бірде мен Тахаджуд намазына оянғанымда Аллах елшісінің (с.ә.с) өз төсегінде жоқ екендігін байқадым. Дәретімді алып намаз оқитын бөлмеге кірмек болып есігін ашқанымда, жайнамаз үстінде теріскей шығысқа тесіліп қарап отырған Аллах елшісін (с.ә.с) көрдім. Ол (с.ә.с) артына бұрылып маған

қарамастан : Әй Әбубәкір қызы, сен де анау кереметті көріп тұрсың ба ?, - деді. Сол мезет Алланың құдіретімен менің Сұлтан көзім ашылып жерден көкке көтеріліп Жәннатқа сәулесі түсіп тұрған керемет бір нұрды көрдім. Мен таңданып : Ия Расулаллаһ, бұл не керемет ? !, - деп сұрағанымда Аллах елшісі : Шаш шаһарының теріскейінде орналасқан Исфиджаб (Сайрам) шаһарының нұры! Ол шәһарда жетпіс мың әулие мен сансыз шахидттердің жандары жай табады. Ол шаһарда Ыдырыс (ә.с) пайғамбардың жүріп өткен қадам іздері бар ! Қиямет қайым болғанда ол шаһарды періштелер Алланың әмірімен Жәннатқа көтеріп әкетеді екен !, - деді де : Кімде кім сол мекенге барып мен үшін екі ракат намаз оқыса, ақыретте ол адамға шапағатшы болатыныма уәде беремін !, - деп айтқан еді. Айша анамыздан бұл хабарды естіген хазіреті Әбубәкір (р.а) : Мен үшін сол қасиетті мекенде кім екі рәкат дәрет шүкір намаз оқыса, ақыретте досы боламын !, - дейді. Хазіреті Омар (р.а) : Мен үшін оқыған адамға Жәннат есігін ашып өзім күтіп аламын !, - дейді. Хазіреті Оспан  (р.а) : Мен үшін оқыған адамды Жәннат бағын аралатып, жемістерін үзіп беремін, - деген болса, хазіреті Әли (р.а) : Мен үшін екі ракат дәрет шүкірін оқыған адамға Кәусар сусынын өз қолыммен алып беріп сусындататын боламын !, - деген екен.

Түркістанның түрленуіне тер төккен азамат
Қашан күн бататынын саусақпен білу әдісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу