Уәде феномені
Ғалымдар Уәде феноменін адам болмысынан шығарды. Себебі адамды зерттегенде оның айуаннан артық қасиетін даралап алуға тырысты. Уәде беріп, серттесу – адамға тән феномен! Жануарлар серттеспейді. Малдан «Берген уәдең қайда?» - деп сұрай алмайсың. Ал адам берген уәдесін саналы түрде есіне түсіре алады. Ницше «Адам – уәде бере алатын ерекше мақұлық» деген. Біреумен келісіп, шарттасып, қол алысып, бір іске уағда етеді, соны жадында ұстайды. Мезгілі жеткенде кісіні уәдесінен ұстайсың. «Атты шылбырынан, ер жігітті сөзінен ұстайсың», - деген тәмсіл осыдан қалған. Әдетте жұрт «Ол уәде берді. Енді сертінде тұрсын», - деп жатады. Уәдесін көпе-көрнеу жұтқан пендені адам санатынан шығарады. «Ей, айуан, берген уәдең қайда? Адам емес екенсің», - деп сөгіп жатады. Қылмыстық әлемде серттен сүрінгенді аяусыз атып тастайды. Сертіне берік кісінің бәсі қай ортада болсын – жоғары. Жұрт ондай тұлғаны төбесіне көтереді. Ал сіз ше? Уәдеде тұра білесіз бе?