Иманәлі Байдәулет: «Халықтың өз денсаулығына деген күтімі дұрысталып келеді»

Oinet.kz 23-03-2019 1007


Screenshot_14.jpg

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 

- Ұлттық денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан біраз жылдан бері айрықша назар аударылып келеді. Осының қандай негізгі нәтижелері бар?  

- Медицинадағы негізгі көрсеткіштердің бірі - адам өмірінің ұлғаюы. Соңғы жылдарда бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Елбасының ерекше пәрменімен медицинаға қыруар қаржы бөлінді. Елге шыққан әр сапарында мемлекет басшысы медициналық ұйымдарды аралап, дәрігерлермен  жолығып тұрады. Соңғы жылдарда елімізде ана өлімі азайды. Бұл факт. Бала өлімі де азайып келе жатыр. Ол да факт. Жүрек ауруларының көрсеткіші біршама төмендеді. Бірақ, өзге елдермен салыстырғанда бізге әлі де көп жұмыс істеу  керек. Себебі, шетел бұрынғы жүйемен жұмыс істеп келе жатыр. Ал біз кеңестік жүйедегі модельден  өркениетті елдердің моделіне ауысуға көштік. Бірқатар  мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. 2005-2010 жылдар, 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламалар медицина саласына үлкен өзгерістер әкеліп жатыр. Барлық облыстарда емдеу мекемелері күрделі жөндеуден өтті. Астанада дүниежүзілік деңгейде клиникалар ашылуда. Қазір жүрек алмастыру, бүйрек, бауыр ауыстыру секілді күрделі операциялар өз елімізде жасалуда.  Аурудың түрі көп қой. Медицинаның көптеген  саласында өте жақсы өзгерістер болып жатыр. Бірақ, «осының барлығы жеткілікті ме?» деген сауал туындайды. Әрине, бұл әлі де жеткіліксіз. Медицинаның барлық жоғары сапалы деңгейдегі түрлері халыққа жетіп жатқан жоқ. Астанадағы клиникалардың мүмкіндіктері шектеулі. Әлбетте, аймақтық медициналық мекемелерде де ілгерілеушіліктер бар. Біздегі облыстық клиникалық аурухана, жедел жәрдем ауруханасы, өзіміздің  халықаралық Қазақ-түрік университетінің клиникасында айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. 

   - Өзіңіз басқарып отырған клиника Қ. А. Ясауи атындағы  халықаралық қазақ-түрік университетінің құрамына кіреді. Денсаулық сақтау мекемесінің қандай  ерекшеліктері бар?

- Мен Мәскеу медициналық институтын бітірдім. Қалың орыстың  арасында оқып жүргенімде  емдеу факультетін аман-есен бітіріп, елге оралсам,  халыққа қызмет етсем, жақсы дәрігер болсам деп армандайтынмын. Тағы бір ойым - емдеу ісі, ғылыми жұмыс пен оқу орнының бір жерде шоғырлануын қалайтын едім.  Себебі, Мәскеу медицина институтының жұмысы осы модельге негізделген. Халыққа қызмет көрсету, студенттерге білім беру әрі ғылыми жұмыспен шұғылдану медицинада үлкен табыстарға жетелейтін құрылым. Назарбаев университеті осы қағидамен жұмыс істейді. Керек болса, мұндай университет әлемде тым некен-саяқ. Оқу орнының  жанынан көптеген кластерлер ашылып жатыр. Жаңа технология енгізіліп, инвестиция, оның ішінде адам денсаулығына инвестиция тартылуда. Өндірістік мекемелер ашылуда. Жас азамат университетті бітірген бойда сол жерде қалып, ғылыммен айналысса да, жұмысын өндіріспен ұштастырса да өз еркі. Біздің клиника  Назарбаев университетінің деңгейінде болмаса да,  сол қағида, сол модельмен жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі тұңғыш университеттік  медициналық клиника болып табылады. Мекемеміз 1996 жылы  ресми түрде университетке берілді. Сондағы мақсат, оқу сапасын көтеру, сапалы кадрларды даярлау, әрине науқастарға жақсы медициналық жәрдем көрсету. Сол мақсатқа жеттік десек те болады.  Жалпы, дүние жүзінде емдеу ісінің екі жүйесі қалыптасқан. Біріншісі, университеттік, екіншісі муниципалдық клиникалар. Жұмыс сапасы бойынша бірінші орында тұратын, халыққа беретін медициналық қызметтің тиімділігі бойынша  университеттік клиникалар бір бас жоғары тұрады. Не үшін? Қатардағы дәрігерлердің жанында профессорлар, доценттер жұмыс істейді. Студенттер білім алады. Жаңа технологиялар қолданысқа енеді. Соның арқасында халыққа көрсетілетін қызмет сапасы да артады. Дамыған елдердегі көптеген клиникалар  осы жүйеге негізделген. Бұдан тек халық ұтады. Қазір Алматы медицина институты клиника салуға әрекеттеніп жатыр. Біз сияқты емес, олардың өз клиникасы жоқ. Естуімше, Ақтөбе медициналық академиясының жанында клиника бар. Семейде де осындай жүйе бар көрінеді. Клиникамыз  көпсалалы мекеме. Мұнда ішкі аурулар емделеді, оның ішінде терапия саласының көп түрлері,  жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе аурулары, аллергология бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, халыққа жоспарлы және жедел хирургиялық жәрдем, акушерия-гинекология саласында жедел жәрдем беруге толық мүмкіндігіміз бар. Университеттің жәрдемімен көптеген құрал-жабдықтар алынып жатыр, күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі таңда бізде мыңға жуық адам жұмыс істейді. 200-ден астамы дәрігер, 400-ге жуығы орта буын мамандары. Қалғандары шаруашылық мамандары. Студенттердің саны 1200-ден асады.  

- Студенттер  емдеу ісіне қай мезгілде араласа бастайды. 

- Жастарды емдеу тәжірибесіне 2-3 курстан бастап қатыстырамыз.  Одан бөлек ғылыми үйірмелердің жұмысына бірінші курстан араласуына мүмкіндік бар. Ал 5-6 курсқа өткенде дәрігермен қатар тұрып жұмыс істей алатын деңгейде болуы керек. Ондай талантты жастар бар. Қазір біз маманды сырттан іздемейміз. Өзіміз жылына 300-ге жуық маман даярлап шығарамыз. Солардың ішінен жақсы оқыған талантты балаларды жұмысқа қабылдаймыз. Олар да сенімімізді ақтауға тырысып,  жұмысын адал істейді. Менің қағидам осы. 

«Науқасқа  да қойылатын талап бар»

- Дана халқымыз «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деп тауып айтқан. Дегенмен,   тұрғындардың өз денсаулығына тиісті дәрежеде көңіл бөлмейтінін дәрігерлерден жиі естуге болады. Бұл бағытта қандай-да өзгерістер бар ма?

- Мұның барлығы қоғамда қалыптасқан жағдайға және талапқа байланысты деп ойлаймын. Халықтың өз денсаулығына деген күтімі дұрысталып келеді. Мәселен, ана өлімі азайып жатыр. Не үшін? Бұрындары базарда тұрған жүкті әйел тура босанатын күні  уақытын өткізіп келетін. Ондай жағдайлар қазір аз. Соған қарағанда, халықтың менталитеті өзгеріп келе жатыр деген ой қорытуға болады. Біз өте сауатты халықпыз, текті халықпыз. Сол жағына көбірек басымдық беру керек. Бізде керемет заңдар бар, бірақ соны ешкім оқымайды ғой. Мәселен, Денсаулық сақтау жүйесі жайлы кодексті  алайық. Осы құжатта дәрігердің де, науқас адамның да міндеті жазылған. Дәрігердің сыпайы болуы, мінез көрсетпеуі, ауруханаға жұмысқа жақсы көңіл-күймен келуі тиіс. Сол сияқты науқас адам  да жедел жағдайларды қоспағанда дәрігерге барардан бұрын   дайындалғаны жөн. Қарапайым ғана нәрселер - денесін жуып, таза киімін киіп,  дәрігерге жақсы көңілмен баруы екі жақты теңестіретін нәрсе ғой. Басқасын былай қойғанда бұл мәдениеттіліктің белгісі. Тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағымдардың басым бөлігі дәрігер мен науқастың бірімен-бірі сөзге келуі, қатты сөйлеуге байланысты. Науқас адам өкпелегіш болады. Бар көңіл соған бөлінсе екен дейді. Сөйтіп дәрігермен ғана емес, өз үйіндегілерімен де арасы нашарлайтыны жасырын емес. Қарап отырсаңыз, барлығы сөйлеу, жүріс-тұрыс мәдениетіне байланысты мәселе.  

- Елбасы тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанып отырған саясаты - ел тұрғындары арасында өз денсаулығына қатысты ортақ  жауапкершілігін арттыру екені белгілі. Бұл жоспар қаншалықты жүзеге асады деп ойлайсыз?  

- Кезінде Жоғарғы Кеңеске депутат болған кезімізде медициналық сақтандыруды енгізу керек, қалталы азаматтар кедейлерге жәрдем беруі керек деген бастамаларды көтердік, ойларымызды халыққа жеткіздік.  Дені сау адам ауруға, жас адам кәріге жәрдем  беруі керек деген қағидаларды ұстана отырып, депутаттыққа өттік. Президенттің өкімімен кейін медициналық сақтандыру қоры құрылып, біраз жұмыс істеді. Соңы немен тынғанын білесіз, қыруар қаржы   талан-таражға түсті. Сонымен жұмыс тоқтап қалды. Қазір енгізіліп жатқан бірыңғай медициналық жүйенің түп мақсаты 2014 жылдан бастап медициналық сақтандыруды енгізу. Мақтаулы АҚШ-тағы  кейбір штаттарда халықтың 10-15, тіпті кейде 20 пайызының медициналық сақтандыруы жоқ. Бір қарағанда көмек алмайтын сияқты. Бірақ ол мемлекетте мәселенің барлығы шешілген. Ауруханадан шыққан соң оның шығынын төлеуге жәрдемдесетін түрлі ұйымдар, қайырымдылық қорлары бар. Бізде де сондай жүйе қалыптастыру керек. Себебі жалғыз мемлекет медицинаны көтере алмайды. Бұл ауыр жүк. Сондықтан мемлекетпен қатар денсаулық мәселесіне науқас адамның өзі де атсалысуы керек. Әрине, зейнеткер немесе мүгедек болса толық көлемдегі шығынды мемлекет көтереді. Өз кезегінде кәсіпорындар да  қызметкерлерінің денсаулығына көңіл бөліп отырғаны жөн.  

- Елімізде коммерциялық мекемелер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ресми статистикаға сенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы барлық медициналық мекемелердің бестен бір бөлігі жекеменшік болып табылды.  Бұған не айтасыз. Жекеменшік медицина  халыққа қажет пе?  

- Жоғарғы Кеңесте депутат болып жүрген кезімізде Конституцияны, медицина жайлы көптеген заңдарды қабылдауға атсалыстық. Сол кездегі біздің ең негізгі идеямыз - медицинаны толық коммерцияға айналдыру мүмкін еместігін барынша қорғадық. Бүгінгі таңда біздің клиникамызда коммерциялық негізде көрсетілетін жәрдем бір пайыздың жартысына да жетпейді. Негізі, клиникадағы барлық көмек тегін. Стационарға жедел түрде, жоспарлы түрде түскен ауруларға  мемлекет дәрінің барлығын тегін негізде береді. Емханалар мен амбулаторияларда да науқастарға тегін дәрі беру ісі жолға қойылған. Бұл өзге елдерде жоқ нәрсе. Дегенмен, халық мұны дұрыстап түсінбей, пайдалана алмай жатыр. «Дәрігерге барсаң ақша сұрайды» деп қолын сермей салады.  Тұрғындар өз құқықтарын қорғай білуі, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді қолдана білуі тиіс. Елбасымыздың жуырда жарық көрген мақаласында халыққа мемлекеттік   дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын толық жеткізудің маңызы анық жазылған. Осы бағытта жұмыс жоқ бізде. Науқас адам «дәрігерге барса дәріні сатып алу керек» деп ойлайды. Олай емес. Аурулардың басым көпшілігі тегін емделеді. Жүрекке, миға күрделі операциялар істеуге  арнайы квота бөлінеді. Бірақ, сол квотаны алуға әрекет жасау керек қой. Базбіреулер үйінде отырып, барлығын тектен-тек, еңбектенбей ала бергісі келеді.  Былайша айтқанда, капитализмде өмір сүріп жатсақ та кейбір кісілер социализмнің принципімен өмір сүргісі келеді. Ол болмайды. Нарықтық заман болған соң, адамда таңдау құқығы бар. Қазір үлкен қалаларда жақсы жекеменшік клиникалар жұмыс істейді. Мұнда жақсы медициналық құралдар, білікті мамандар жұмыс істейді. Мемлекеттік медициналық мекемелерде кезек күткісі келмегендер сонда барады. Тіпті шетелге  барып емделіп қайтатындар аз емес. Мына тұрған Қытайға қазақтар қыруар қаражатын жұмсайды.  Шын мәнінде шетелде жасалатын күрделі операцияларды отандық дәрігерлер ойдағыдай атқарып жүр.  Қазір Қазақстанда бүйрек ауыстыру операциясы жақсы жолға қойылған. Ал оның орнына Пәкістанға барып емделетіндер бар. Керек десеңіз, кейбір қалталы жігіттер әйелін босандыру үшін шетелге алып кетеді. Мұның барлығы түсінбеушіліктен деп ойлаймын. Елбасының тікелей қолдауымен  Шымкентте 5 жаңа керемет аурухана ашылды. Балалар ауруханасы, перинаталдық орталық, қан орталығы, сетрилизациялық орталық - бұлардың барлығы дүниежүзілік бренд, әлемдік стандартпен салынған. Сондықтан аузымызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бар нәрсені айтып, солармен мақтануымыз керек.   

- Ұлттық медицинаданы жаңа деңгейге шығаруға не кедергі болуы мүмкін деп ойлайсыз? 

- Елбасы тапсырмасын басшлыққа алған Денсаулық сақтау министрлігі алдына үлкен міндеттерді қойып отыр.  2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Әрине, басты талаптар белгілі - ана мен бала өлімін төмендету, адам өмірін 72 жасқа дейін ұлғайту, туберкулез, бруцеллез сияқты ауруларды  болдырмау. Күрделі мәселелер  болғандықтан оған жүйе керек. Жүйелі жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өзгерістер бірден бола салмайды. Меніңше, қойылған ірі мақсатқа қазақ елі жетеді.  

Мұрағаттан: 19.09.2012

ОҚО - сыбайлас жемқорлықтан республикада 1-ші орын алды
Шолпан Мырзахметова: «Заманауи диагностика—медицинадағы кәсібилік пен тиімділіктің өлшемі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу