Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
-Парақорлық деректері біздің облыста биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша 27 фактіні құрайды. Ал бұл санаттағы көрсеткіш Алматы облысында 46, Қызылорда облысында 32, Қарағанды облысында 30 және Алматы қаласында 29-ға жеткен. Демек бізге осы бағытта жұмысты жандандыру керек. Оған күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді, - деді кеше, 16 қазанда журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген облыстық қаржы полициясының бастығы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Серікбай Ерімбетов.
Нақты дерекке сүйенсек Оңтүстік Қазақстан облысы экономикалық қылмыстарға жол беруден республика бойынша Алматы қаласынан кейінгі екінші орында тұр екен. Жыл басынан бері осы санаттағы 763 қылмыс анықталған. Ал мемлекетке келтірілген залал сомасы 4 миллиард теңгеден астам. Оның бар болғаны 155 миллион теңгесі, яғни 3,6 пайызы өндіріліпті. Ал сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыс саны 187-ге жетіп, Оңтүстік Қазақстан республика бойынша бірінші орында тұр. Мұның астарында не жатыр, нені білдіреді?
Жақында қозғалған қылмыстық істі тоқтатып беремін деп ақша сұраған қаржы полициясының қос қызметкері ұсталғаны белгілі. Енді заңсыз ойын бизнесімен айналысқан азаматтың тәркіленген аппараттарын көлеңкелі жолмен қайтармақ болған қаржы полициясының тағы екі қызметкері тұзаққа түскен. Олар әлгі автоматтарды қайтарып беремін деп, 5000 АҚШ долларын сұраған және алдағы уақытта оларды «крышавать» етіп отыру үшін ай сайын тағы осынша ақшадан беріп отыруды міндеттеген. «Арамызда мұндай алаяқтардың, қолы таза емес қызметкерлердің болуы өте ұят, тіпті, масқара жағдай. Біздің ұжымда «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген мақал жүрмейді. Мен әрбір іске обьективті түрде қараймын. Ешкімге аяушылық болмайды. Таяуда Түркістандағы бір қызметкеріміз түскен арызға немқұрайлы қарағаны үшін жұмыстан босатылды. Тәртіп босаңсыған, оны ретке келтіруге бар күшімді саламын», - деді
Заң баршаға ортақ. Өзге түгілі өзінің қызметкерлерін қатаң жазалаудан да тартынып қалмаған басшының бұл қадамы басқаларды ойландырса кәнекей. Демек сыбайлас жемқорлықпен күрес алдағы уақытта бұрынғыдан да күшейетін сыңайлы. Сонда қазірдің өзінде сыбайлас жемқорлыққа жол беруден көш бастап тұрған біздің облыста «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегеннің кері келмесіне кім кепіл?
Мұрағаттан, 17.10.2012 ж