Шолпан Мырзахметова: «Заманауи диагностика—медицинадағы кәсібилік пен тиімділіктің өлшемі»

Oinet.kz 23-03-2019 1004

Screenshot_24.jpg

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Ел аузында бұл  нақыл неге жиі айтылатыны түсінікті. Науқастың дертін ерте бастан анықтау, қауіп-қатер факторларын дер кезінде ескерту—бұл қашанда медицинадағы негізгі қағидалардың бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та халыққа арнаған Жолдауында заманауи медициналық технологияны, диагностиканың және емдеудiң алдыңғы қатарлы тиiмдi әдiстерiн қолдануды тапсырғаны мәлім. Халықтың денсаулығын жақсартуды мақсат еткен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында да диагностикаға, яғни дертті ертен бастан анықтауға және медицинада жаңа технлогияларды қолдануға, соны меңгеретін білікті мамандарды даярлауға баса көңіл бөлініп отыр.

1990 жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан  облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы міне, осы міндетті атқаруда басым бағытқа ие болып отырған мекемелердің бірі саналады. Оның қазіргі тыныс-тіршілігі, халық қызмет көрсету сапасы туралы біз орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Шолпан Мырзахметованы әңгімеге тартқан едік. 

«Мамандарымыз—мақтанышымыз»

--Шолпан Исабекқызы, медицина бүгінде өте тез дамып келе жатқан салалардың бірі саналады.  Заман көшінен қалып қоймау үшін озық технологияларды меңгеру, онымен жұмыс істей алатын сапалы кадрларды даярлау ең өзекті мәселе. Осы орайда орталықта қолданысқа еніп жатқан нендей жаңа технологиялар, нендей өзгерістер бар?

-- Облыстық консультативтік-диагностикалық медицина орталығы жиырма жылдан астам уақыт бойы облыс тұрғындарына мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсетіп келеді. Орталықтың қызметi заманауи диагностикалық жабдықтарды пайдалану жолымен медицинаның дәлелді қағидаларына сүйене отырып, диагностиканың және емдеудiң тиiмдi, инновациялық әдiстерiн орындауға бағытталған. Орталық ұжымы ХС ИСО 90001:2008 Сапа Менджементі жүйесі бойынша жұмыс істейді. 

Сапалы қызмет көрсету қазіргі заманның басты талаптарының бірі емес пе? Ал сапалы қызметке әрдайым сұраныс туады. Біздің алға қойған мақсатымыз—емделушілердің талаптарын қанағаттандыратын медициналық қызметті үздіксіз жақсарту және нарықтық экономика жағдайында медициналық қызмет көрсетушілердің арасында жетекші мекемелердің бірі болу. 

Біздің Диагностикалық орталықтың 8 құрылымдық бөлімшесі бар: терапиялық және хирургиялық профильді екі консультативтік бөлімше, клиникалық диагностикалық зертхана, сәулелік, ультрадыбыстық, функционалдық, эндоскопиялық диагностика бөлімшелері және күндізгі стационар. 

Жалпы елімізде диагностикалық орталықтар 1988 жылдан бастап құрыла бастады. Оны құрудағы мақсат науқстарды емдеуде, олардың дертіне дәл диагноз қоюда заманауи қондырғыларды, озық әдістерді қолданысқа енгізу. Бұл мақсат жүзеге асты деуге болады.  Облысымызда медицинаның хаманауи  озық жетістіктері, әдістері алғаш рет осы орталықта енгізіле бастады. Рас, өтпелі кезеңде бастапқы медициналық ұйымдарға баса көңіл бөлініп, диагностикалық орталықтардың жұмысы біршама кенжелеп қалған еді. Бірақ соңғы екі жылдың көлемінде оған мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастады. Озық медициналық қондырғылар алуға қаржы бөлінді. 

Бүгінде орталықта диагностикалық зерттеулер «Philips», «GE» фирмаларының жоғары, эксперт класты ультрадыбыстық сканерлерінде, Essenta DR жоғарғы технологиялық цифрлық рентген аппаратында, науқастардың қауiпсiздiгін қамтамасыз ететiн жоғары қабiлеттi 64 кескінді мультиспиральді компьютерлік томографта орындалады. Зертханалық талдаулар жабық түрдегi соңғы буынды заманауи автоматтандырылған гематологиялық, биохимиялық, иммунохимиялық анализаторларда жүргiзiледi. Орталықтың клиникалық диагностикалық зертханасы емделушілерге зерттеудің 350-ден аса түрлері бойынша қызмет көрсетеді, оған иммуноферментті, иммунохемолюменесценттік, молекулярлы-генетикалық, цитологиялық, гистологиялық, гематологиялық, биохимиялық, жалпыклиникалық зерттеулер кіреді. Сәулелік диагностика мамандарының жүргізетін күрделі инвазивті рентгенографиялық зерттеулері, компьютерлік коронарография, компьютерлік ирригоскопия әдістері қазіргі кезеңде тек біздің диагностикалық орталықтың базасында ғана жасалады. 

Жақында орталыққа магниттік резонанстық томограф қондырғысы және эндоскопиялық қондырғылар орнатылмақ. Айталық, эндоскопиялық  қондырғы арқылы науқастың асқазан-ішек, қолқа, өңеш сияқты ішкі ағзаларындағы ауруларды, ойық жараларды зерттеп, олардың  қаншалықты қауіпті екенін дәл анықтауға болады. Бұлардың мүмкіндігі қазіргі қолданыстағы қондырғылардан 200-300 есеге жоғары.  

Орталықта жұмыс істейтін кейбір заманауи қондырғылар облыстық клинкалық, облыстық балалар ауруханаларында да бар. Бірақ ондағы қондырғылар сол жерде ем қабылдап жатқан науқастарға арналған. Ал біз жалпы жұртшылыққа жұмыс істейміз. Облыстық консультативтік диагностикалық медицина орталығында сапалы медициналық көмек тұрғындарға 29 мамандық бойынша көрсетіледі, диагностикалық зерттеулердің 260 – тан астам түрі жүргізіледі. Орталықтың тәуліктік қабылдау мүмкіншілігі 650-700 келушіге арналған, медициналық қызметті тұтынушылардың 60 пайызынан астамы ауыл тұрғындары. 

Жалпы клиниканы таңдауда емделушi үшін екi фактор айқындаушы рөл атқарады – бұл медициналық ұйымның материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі және дәрiгерлерінiң бiлiктiлiк деңгейі. Облыстық консультативтік-диагностикалық медицина орталығының ұжымы – көрсетілетін медициналық қызметтердiң деңгейі мен сапасының дамуына, жақсаруына ұмтылатын білікті мамандардың шоғырланған жері деп айтуға болады. Біздің дәрігерлеріміз амбулаторлық-емханалық ұйымдарға әдістемелік көмек көрсетеді, мамандарды даярлайды.

--Яғни, орталық тек науқастарға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, дәрігерлердің білімін жетілдіреді...

--Иә, орталықтың базасында медициналық оқу орындарының студенттері іс-тәжірибеден өтеді. Мамандарымыз оларға арнап дәріс береді. Бұдан бөлек, өздеріңізге белгілі, қазір аудандық, қалалық емдеу мекемелеріне жаңа қондырғылар алынып жатыр. Ал, ол техникалармен жұмыс істеу үшін білікті мамандар қажет. Осыған байланысты орталық мамандары аудан-қалалардағы әріптестеріне әдістемелік көмек береді. Ұжымда денсаулық сақтау саласының үздігі белгісінің 5 иегері, 4 медицина ғылымдарының кандидаты, «Жылдың үздік дәрігері» атағының иегерлері-- кеңесші дәрігерлер Т.Лопухова және Г.Жақыпова қызмет етеді. Облысымыздағы жетекші жекеменшік клиникаларда жұмыс істеп жатқан білікті дәрігерлердің көпшілігі де біздің мамандарымыз немесе бізде тәжірибеден өткен. Жалпы, кәсіби мамандарымыз--мақтанышымыз деп айта аламын. 

--Ал, заманауи қондырғыларды меңгеретін, аудандағы, қаладағы дәрігерлерге әдістемелік көмек көрсететін өз мамандарыңыз қайда даярланады?

-- Орталықта бүгінде  220 қызметкер жұмыс істейді. Оның 70-тен астамы дәрігер, 80-ге жуығы орта буынды медицина қызметкері. Дәрігерлердің 94 пайызының біліктілік санаты бар. Жаңа қондырғылармен жұмыс істеу үшін олар елеміздегі іргелі оқу базаларынан бөлек алыс-жақын шет елдерде, атап айтқанда Санкт-Петербург, Мәскеу, Новосибирск, Литва, Сингапур, Лондон сияқты қалалардағы оқу орталықтарында, клиникаларында  білімін  жетілдірген. Мамандардың біліктілік дәрежесін үздіксіз жетіліру нәтижесінде орталықта ондаған жаңа диагностикалық зерттеулер түрі әзірленіп, қолданысқа енгізілді.  

--Кейде емханадағы дәрігерлер жүкті әйелдерді ультрадыбыстық тексеру үшін немесе жаңа туылған сәбидің басындағы қан қысымын анықтау үшін жекеменшік клиникаларға жолдама беріп жатады. Егер орталықта қажетті құрал-жабдықтардың барлығы болса, жолдама неге осында берілмейді? Жалпы айтқанда халықтың орталықтың қызметіне деген қолжетімділігі туралы не айтасыз?

--Бізге денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жыл сайын мемлекеттік тапсырыс беріледі. Біз алдын ала бекітілген жоспарымызды жыл сайын артығымен орындаймыз. Орталықтың қызметіне жүгінгісі келетіндер арнайы жолдамамен жіберіледі. Оның арнайы ережесі бар. Мәселен, егер жүкті әйелдің ішіндегі баланың дамуы қалыпты болмаса, бірінші кезекте ол жергілікті жердегі емдеу мекемелдерінде тексеріледі. Одан нәтиже шықпаса, перинаталдық орталықтарға барады. Ол жерде де анықталмаса, бізге жолдамамен келеді. Орталық тек жоғары технологиялармен жұмыс істейді және өте күрделі әдістерді жүзеге асырады. Бұрын бізде қарапайым әдістер де қолданылған. Бірақ кейінгі жылдары оның көлемі 20 пайызға дейін қысқарып кетті. Егер дәрігерлер ультрадыбыстық тексеруге жолдаманы жекеменшік клиникаларға берсе, оның өзіндік себептері бар шығар. Бірақ менің ойымша ол дұрыс емес. Өйткені қазір аудандық, қалалық емхналардың өзінде жаңа қондырғылар орнатылып жатыр. Жүкті әйелдің ішіндегі баланың қалыпты дамуын, баланың басындағы қан қысымын анықтайтын қондырғылар сол емханалардың өздерінде  де бар. Мемлекет бала мен ана денсаулығына қажетті жағдайлардың бәрін жасауда. Озық технологиялармен жұмыс істеу үшін мамандар арнайы оқытылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесі болуы тиіс деп ойлаймын. 

«Ішкі тәртіпке баса мән береміз»

--Сіздерде ақылы қызмет түрі де көрсетіледі. Оның бағасы қаншалықты қалтаға қонымды? Мәселен, жекеменшік клинкалармен садыстырғанда?

--Ақылы қызмет  Үкіметтің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2299 «Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы медициналық қызмет көрсету ережелері мен талаптарын бекіту туралы» қаулысының негізінде жүргізіледі. Ақылы қызметке бағаны біз қоймаймыз және оны қымбат деп айтуға болмайды. Әрбір қызмет түріне қойылған баға экономикалық тұрғыдан негізделген, яғни сол тексеруге кеткен шығын, дәрігердің еңбекақысы есептелініп барып белгіленген. Мемлекет бұдан пайда көруді мақсат етпейді. Тіпті, ең төменгі баға біздің орталықта деп айтуға да болады. Мәселен,  жекеменшік клиникаларда науқасқа дәрігерлік кеңес беру 5-6 мың теңге тұрса, бізде ол мың теңгенің төңірегінде. Сонымен бірге орталықтың қызмет ету сапасы да жоғары. 

--Ал, тегін қызмет түрін пайдаланатын, яғни  жолдамамен келген науқастар кезекті қанша уақыт күте алады? Орталықтың ішкі тәртібіне қаншалықты мән бересіздер?

--Жолдамамен келген науқастар бұрын ұзақ кезек күтетін. Мәселен, жүрек-тамырды ултьтрадыбыстық тексеруден өткізу үшін 3 айға дейін уақыт күтуге тура келетін. Қазір кезек күту ары барса 1-2 күннен аспайды. Орталықтағы штат санының көбеюі, жаңа қондырғылармен жарақталуы осындай мүмкіндік беріп отыр.

Орталықта сондай-ақ жұмыс істеу тәртібіне, ішкі әдепке үлкен мән беріледі. Жоғарыда атап өткенімдей, біздің жұмыс сапамыз емделушілердің қанағаттандыратындай деңгейде болуы тиіс. Медициналық қызметті үздіксіз жақсарту, медициналық қызмет көретушілердің арасында жетекші мекемелердің бірі болу біздің басты мақсатымыз. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін  келушілерден анкеталар алынады, әріптестеріміздің өздерінен пікір жиналып, ол тоқсан сайын талданып отырады.

Жалпы, дәрігер мен науқас арасында қашанда мәдени қарым-қатынастың қалыптасқанына не жетсін. «Дәрігерлер кінәлі» деген біржақты пікірмен де келіспеймін. Бұл жерде әрбір мәселеге түсіністікпен қараған жөн. Рас, кейде келушілер арасында «мені бірінші қабылдай қоймадың» деп айқай-шу шығаратындар да кездеседі. Бірақ бір науқастың кезексіз қабылдау, екінші науқастың құқығын бұзбай ма? Келушілермен арадағы мәдени қарым-қатынасты қалыптастыру үшін бізде этика комитеті құрылған. Оның құрамында заңгерлеріміз де жұмыс істейді. Қызмет барысында ағаттық жіберген мамандарымызбен әңгімелесу жүргіземіз, қажет болған жағдайда арнайы оқуға да жібереміз. Тіпті, мұндай ағаттықтар жиілеп кетсе айыппұл санкциялары да салынады. 

--Жаңа бір сөзіңізде орталықта күндізгі емдеу станционары бар дедіңіз...

-- Иә, қазір денсаулық сақтаудың басты бағыттарының бірі - стационарды алмастыратын технологияларды тәжірибеге енгізу болып табылады. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын жаңарту және дамыту» мемлекеттік бағдарламасының негізінде орталықта 2005 жылы сол кездегі бас дәрігер Р.Жылқышиеваның бастамасымен ақылы қабылдау есебінен 12 адамдық күндізгі стационар бой көтерген.

Күндізгі стационарда емделушілерге медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – тәуліктік бақылауды қажет етпейтін неврологиялық және терапиялық созылмалы аурулары бар емделушілер үшін өте ыңғайлы.

--Әңгімеңізге рахмет, қызметтеріңізге табыс тілейміз!

Мұрағаттан: 09.10.2012

Иманәлі Байдәулет: «Халықтың өз денсаулығына деген күтімі дұрысталып келеді»
Сүндет Рахымбердиев: «Қан орталығы әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу