Ерінің әулиелігі әйелінің тазалығында (қисса)

Oinet.kz 18-01-2019 631

image.png

Зеңгі баба буаз сиырдың бұзауының түр-түсін тумай жатып дәл айтатын көріпкел, әулие болыпты. Жары Әнуар ана да тегін адам болмапты. Ол Зеңгі бабаның ас-ауқатын дайындап, адал қызмет етіпті. Тамақ әзірлегенде ғұсыл дәретпен пісіреді екен.

Бірде ас дайындап жатып, басындағы жаулығын түземек болады. Сол сәтте орамалынан тамаққа лас заттың бір қиқымы ұшып түсіп кеткендей болады. Әнуар «қап» деп, қазанды қанша шайқаса да, еш нәрсе таба алмайды. Тіпті «осы арада болар» деп шамалап, тамақтан бір-екі ожау төгіп тастайды. Бірақ көңіліндегі секем кетпей қояды.

Түс мезгілі болғанда сиыр бағып жүрген Зеңгі бабамызға ас апарып береді. Баба ауқаттанып алады. Күмәнін тексермек болған Әнуар анамыз сүт пісірімдей уақыттан соң, Зеңгі бабаға:

– Анау буаз сиырдың бұзауы қандай болады? – деп сұрайды. Баба:

– Түсі қызыл, маңдайы қасқа бұзау, – деп жауап береді. Әнуар анамыз жымиып:

– Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау, – дейді. Зеңгі оған бір қарап ойланып қалады.

Уақыты жеткенде буаз сиыр Әнуар анамыз сипаттағандай бұзау туады. Зеңгі болжамының қате шыққанына таңқалып:

– Неден жаңылдым? – деп ойланады. Сол кезде Әнуар анамыз:

– Өткен күні ас дайындап жатып, тамаққа бір нәрсе түсіріп алдым. Қанша іздесем де, таба алмадым. Мүмкін көзіме елестеген шығар деген де ойлар болды. Сол құрғыр аспен бірге асқазаныңызға барып, жанға әсер қылған. Жүрек көзіңізге болмашы перде боп тұтылған екен. Жатырдағы бұзаудың құйрығы маңдайын жауып жатқан. Соны жете көре алмадыңыз. Мені кешіріңіз, – дейді. Зеңгі баба Әнуардың маңдайынан иіскеп:

– Менің әулиелік қасиетім сенің қылаусыз таза қызметіңмен байланысты екен. Сенің ас-ауқатың адал болса, менің де рухым ширай түседі, – депті.

«Отбасы xрестоматиясы»

Бос бесікті тербетпе (қисса)
Сүлеймен патша мен Тоты (қисса)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу