Сайрам шаһарының аңызы (аңыз)

Oinet.kz 13-01-2020 1186

Сайрам шаһары.jpg

Адам атаның Ағнұх деген немересі болыпты. Ілім-білімді жер бетінде алғаш меңгерген сол екен деседі. Қаншама қауымның көзін ашты. Жұрт оны Ыдырыс атады. Ыдырыс – мұғалім деген сөз екен. Ел кезіп ілім тарататын дәруіштік Ыдырыстан қалыпты. Бірде ел аралап жүріп қу медиен далаға аялдайды. Түнде Жебірейіл бастаған бір топ періштені көреді. Олар Тәңірді ұлықтап, ұлы даланы нұрға бөлеп, зікір айтып отыр екен. Ыдырыс қосыла кетті. Зікір аяқталып, бата жасалды. Ыдырыс:

– Ау, досым Жебірейіл мұнда қайдан жүрсің? – деді.

– Әлем жаралып, су аққалы осы мекенге келіп зікір айтып, құлшылық қыламыз, – деді. – Құлшылыққа сонша құмар қылатындай бұл жердің не қасиеті бар?

– Мұны Тәңір әлемінде «Мадина әл-Байза» немесе Бозқала деп атайды. Бұл мекенде Адам ата намаз оқыған. Тілегі қабыл болып құт дарыған киелі жердің бірі. Сайрамнан Құдайдың достары көп шығады. Мұнда жетпіс бас намаз оқылса жетпіс жылдық құлшылықпен тең. Тәңірдің дидарын талап қылған шын ғашықтар мекені. Түркінің пірі – Әзірет Сұлтан да осы өңірде дүние есігін ашады, – деді Жебірейіл. Әзірет Сұлтанның атын естігенде Ыдырыс тағалады.

–Тәңірі сүйетіндей не қылығы бар? – деп сұрады.

– Айрықша екі қасиеті болады. Бірі – Тәңірдің есімін хикметке қосып сан мақамда зікір айтады. Көмейіне жәннаттың жасыл құсы ұялайды. Зікір айтқанда он сегіз мың ғаламды тербетеді. Тастай қатты жүректер қорғасындай балқиды. Тас қараңғы көңілге Хақтың нұрын салады. Зікірі өлген жүректі тірілтіп, махаббат отын жағады. Жұрттың көкірегі кектен тазарып, ізгілікке тоймайтын құмар болады. Көңілдегі ойдың құлағы, хикметтің бұлағы ашылады. Құранның мәнін түркі тілінде сөйлетеді, – деді Жебірейіл.

– Екінші даралығы қандай?

– Көркем мінезі. Пақырлықта Мұхамбет пайғамбарды үлгі тұтады. Досына адал, жауына қатал. Әдебіне періштелер сүйсінеді, дұшпандары күйінеді. Мұхамбеттің сүйікті үмбетінен болады. Миғражда рухын көріп, пайғамбар«перзентім» деп еміренген. Хикмет ілімін құрмаға жасырып, Әзірет Сұлтанға аманат етіп жолдайды. Қожа Ахмет ұлан ғайыр түркі даласына пайғамбардың сүндетін үйретеді.

– Бұл жерде не қала жоқ, қала салар дала жоқ. Шеңгел басқан қу медиен. Жерінің құнарынан құмы көп, топырағынан тасы көп. Ілім қалай тарамақ?

«Отбасы хрестоматиясы»

Халық алаяқты қалай айырады? (аңыз)
Қандай жерде сәлем беруге және сәлем алуға болмайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу