«Шырағым! Шаруам қанша!» (Сүлеймен патша туралы)

Oinet.kz 12-01-2020 832

Сүлеймен патша.png

Осман мемлекетінің патшалары қашан да зиялы жұртпен қашан да санасатын.

Атақты Сүлеймен патша Жақия Эфенди ғұламаға хат жолдап: «Айып көрмеңіз, Ғұсманияның болашағы жөнінде хабар бере аласыз ба?» деп сұрайды. Жақия Эфенди: «Шырағым! Шаруам қанша!» деп үлкен әріппен жазып жібереді.

Сүлеймен патша ғұламаның жіберген екі-ақ ауыз сөзіне аң-таң болып, ештеме ұқпайды. Ақ боз атымен ұстаздың алдына барады. Сөздің мән-жайын сұрамақ болады.

-- Сұраған соң жауабымызды бердік. Сөзімізді ұқпаған ақылға обал, – деп қайырады ғұлама.

– Айып етпеңіз, бірақ айтпағыңыз не екен? – деп, патша анық-қанығын білгісі келіп сұрап қоймаған соң, ғұлама сөзінің мән-жайын ашып айтады:

-- Әділетсіздік күшейіп, зұлымдық жайылатын болса және оны естіген жұрт «Шаруамыз қанша!» деп немқұрайлық танытатын болса, келешегің күңгірт.

Қойды қасқыр емес, қойшының өзі жеп қойса және оны көргендер үндемей жүретін болса, болашағың бұлыңғыр. Қарияның тартқан қасіретін, жетімнің шеккен жапасын, жесірдің жанға батқан зарын тау мен тастан басқасы естімейтін болса, міне, сол кезде нағыз бәлекеттің көкесін көресің.

Ұрпағыңнан ештеме қалмайды. Қазынаңды жел ұшырып әкетеді. Әскерің бағынбайтын болады. Елді елдіктен ажырататын боласың!

"Шаруам бітті!" дегеннің шаруасы бітеді.

"Шаруам қанша?" дегеннің шаруасы қолдан кетеді.

Әділетсіздікке селқос қарайтын кісі түпкі түбінде өзі әділетсіздіктің құрбаны болады.

Түбі қайырлы болсын!

Нұрхан Хамзеұлы парақшасынан алынды

Мұқағали мен Ләйлә. ​Ақын Серік Ақсұңқарұлының естелігінен
Аю неден бәділ болды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу