Мұқағали мен Ләйлә. ​Ақын Серік Ақсұңқарұлының естелігінен

Oinet.kz 12-01-2020 992

Мұқағали.png

1974 жылы Алматыға барып, ақ басты Алатауды көргенде ақыл-естен айрылып қала жаздағаным есімде... "Енді Мұқағалиды көрсем болды..." деймін ғой: "Одан басқа шаруаң жоқ па?"-деп, Дәуітәлі сылқ-сылқ күледі. "Оны көруге сен әлі дайын емессің!"-дейді, сонсоң, көзін ежірейтіп! Неге "дайын емеспін?!" Жауабын таба алмай, миым қатады. "Неге дайын еместігімді" ол да тарқатып айта қоймайды. О, сұмдық-ай!

Бір күні Үкімет Үйі алдындағы гүл алаңында келе жатсақ, Мұхаң тапа-тал түсте скверде ұйқтап жатыр! "Мұқағали Мақатаев қой мынау?!-деп айқайлап жіберіппін. Дәуітәлі маған ала көзін ата қарап: "Сен, немене, Мұқағали Мақатаевтің осында шаршап-шалдығып жатқанын Алматыға айқай салып, айту үшін келіп пе едің?!-деді.

Жаңадан ашылған "Жалын" альманахына "Хиросима дегенім--Отырарым, Отырарым, ол ла бір-- Хиросима"-деген өлеңім шығып, өзімше ақын болып, алшаң-алшаң баса бастаған кезім еді. Панфилов бағындағы мейрамхананың үстіндегі сырахананың қиқулап қызған шағы. Бір топ ақын өлең оқып, гуілдеп отырмыз. Алпамсадай Мұқағалидың алшаңдап кіре берген кезін көзім шалып: "О! Мұхаң келе жатыр!"-деп орынымнан атып тұрғам: "Тиш-ш-ш!" деді Дәукең мені тура ақыл-есі кіре қоймаған жас баладай көріп,-- Мұхаң қазір жағалап бізге келеді. Сен ақынмын деп айтушы болма?! "Кімсің?"-десе:" Политте оқимын дейсің!"-деді!"Неге?!-деймін түкті түсінбей. "Неге?" екенін кейін түсінесің дегендей, қабағы түйіліп кетті.

Айтқанындай: "О, Дәуітәлі, сен де отырсың ба осында?"-деп, Мұхаң біздің үстелге қарай бұрылды,--Бүгін біраз жұмыс істейін деп отыр едім, мына екі бала іздеп келіп, сыралатып қайтайық деп қолқа салып қоймаған соң шығып кетіп едім, ақын балдар өздері, екеуі де бір айналымға келмей, мас боп қалды..."

Біреуі отырған бетте қорылдап, ұйқыға кетті де, екіншісі құсып жатыр... Мұхаңның аяғында кәдімгі үйге киетін тәбішке... "Мен Евгений Евтушенко мен Андрей Вознесенскиді жақсы көрем ғой? Екеуін ресторанға алып барып құдайы қонақ қылып ем, екеуі "мен гений ма, сен гений ма?"- деп тәжікелесіп кетті. Мен-Тарас Бульбамын ғой!- деді екі жұдырығын көкке көтере көрсетіп!--Екеуін екі жаққа айырып жібердім де... Бұ жақта екеуінен басқа ешкімім жоқ қой?!. "Ал, енді хош болып тұр, сардар аға, Мен ертең кетем ұшып сардалама, Ақынның --ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы--арда ғана!-деп, Пушкинмен кешу айтысып, Қазақстанға қайтып кеттім!"-деді!

Алдындағы көк мойнақтың біреуінің тығынын тісімен қыршып ашып жіберіп, орталанып қалған бокалдағы сыраны менің сырамның үстіне төге салды да, арақты бос бокалға құя салды. Сонсоң, дем алмай түбіне дейін тартып жіберіп: "Мен де Андрей Соколов сынды бірінші тоста закуска дегенді татып алмаймын ғой?!"-деді масайрап!

"Мынау--кім?!"-деді біраздан кейін маған көзі түсіп. "Бұл--Политтехтың студенті!"-деді Дәуітәлі жұлып алғандай. "Бәсе, түрі топастау екен!"-деді Мұхаң жайымен ғана. Ішімнен жарылып кетердей, әзер отырмын!

Бұл Мұхаңның Мәскеудегі М. Горький атындағы инстититутты тәрк қылып, елге қайтып келген, өзі туралы өсек-аянның өршелене өрге шапшып тұрған уақыты. "Ал, "Полит", сөйле?!"-деп, қайта қайта тисіп қояды маған. "Бұл "Полит" емес,--ақын!"-деді Деукең кенет шыдай алмай! "--Аты-жөні бар ма өзінің?". "--Бар,--Ақсұңқарұлы!". "Өзінен фамилясы күшті екен!"-деді маған мейірлене қарап. Сонсоң, есіне бірдеңені түсіріп: "Өй, мен сені кеше "Жалыннан" оқыдым ғой?!". "Хиросима дегенім--Отырарым, Отырарым, ол да бір-- Хиросима!-деген сен бе?!"-деді.

Мен мәз-мәйрам болып кеттім!

"--Ал, Ақсұңқар, ұш енді! Оқы өлеңіңді!".

Қарқаралыдағы Ләйлаға ес-түзсіз ғашық болып жүрген шағым:

"Шайтанкөл--Аққу мекені,

Жанымды жаула сен менің,

Ақындар айтып өтеді,

Арманын күллі пенденің.

Шәй құйған ару, пәк ерін,

Тәкаппар сұлу десе де,

Шайтанкөліңнен әкеліп,

Шай құйып бердің кесеме.

Ғашық боп сонда қалғанмын,

Маралым дедім малданып;

Ащы уын іштім арманның,

Тәтті шай ішіп алданып!

Табиғат, ессіз, әрине,

Адамның ғана серігі--ой;

Бір Қасым сыйған қабірге,

Мың масыл сыяр еді ғой?!.".

"Тоқта!-деп айғай салды Мұхаң,--Қасым туралы не дедің сен?!"-деді де , бір бокалға бір жартыны қотара құйып, тағы тартып жіберді!

Іштен шыққан шұбар жыланның бәрі таңсық, бұл өзі 20-25 шумақтай ұзақ жыр. Мен тоқтамай, тағы біраз шұбырта беріп едім: "Тоқтат!- деді Мұхаң,-- Болды! Қасымыңды қайта оқы деймін мен саған?!.". "Мына кісі қызық екен деп ойладым мен ішімнен,--тыңдаған соң соңына дейін шыдамай, не деп кері тартып отыр?!". Еріксіз айтқанын тапжылтпай орындап, Қасым туралы шумақты қайта оқи бердім: "-- Табиғат ессіз, әрине, Адамның ғана серігі--ой; Бір Қасым сыйған қабірге, Мың масыл сыяр еді ғой?!.".

Осы шумақты патефонша бірнеше мәрте қайта оқытты.

"Қап!.. Соңын тыңдамады-ау?!-деп ойладым ішімнен--сойқанның бәрі соңында еді ғой?!."

... Бірақ, кейін осы шумақты ғана қалдырдым. Жөні сол екен. Мұхаң қырандай қиядан шалыпты.

Соны оқыған сайын есіме Ләйламен қосарланып, Мұхаң түсіп, екеуі де Музама айналып кетті.

(Аяжан Дауталиеваның парақшасынан)

Бауыржан Бабажанұлы. Апай (әңгіме)
«Шырағым! Шаруам қанша!» (Сүлеймен патша туралы)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу