Ленинді жер неге қабылдамады?
Бала кезімде Ленин туралы әңгіме бола қалса, «Атеист болғаны үшін Ленинді жер қабылдамай қойыпты. Денесін жер қойнына берсе де, жер бірнеше рет сыртқа шығарып тастапты. Сол үшін оның мүрдесін қатырып қойған» деген аңызды жиі еститінмін. Және соған имандай сенетінмін де. Құдайды жоққа шығарған, талай жанның ажалына себепші болған адамның ақыры солай болуы керек сияқты көрінетін. Ал ақиқаттың қалай орын алғанын арада жылдар өткенде, кейін ғана білдім...
Өмір – мәңгілік емес. Кешегі сән-салтанаты жарасқан патшалар да, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Наполеондай жарты әлемді билеушілер де, тіпті Алланың сүйіктілері – пайғамбарлар да бұл жалған дүниені артқа тастап, бақиға аттанып кете барған. Сол секілді Лениннің де өлшеулі ғұмыры таусылды, ажалдың құрығы жетті. 1923 жылы 53 жастағы Ленин инсульт алып, бір қол, бір аяғы істемей қалды, тілі күрмелді. Арада көп өтпей, 1924 жылдың қаңтарында миына қан құйылып, қайтыс болды.
Лениннің ауруы туралы да, өлімі жайында да аңыз көп. Өйткені оған көзі тірісінде талай қастандықтар жасалғаны белгілі. Бұл туралы тарихшы Саттар Мажиов: “Әдебиеттерде В.И.Ленинге 10-нан астам қастандық жасалғаны жайлы мәлімет кездеседі. Ресми мәліметтерге жүгінсек, 1918 жылдың 1 қаңтарында Ленинге алғашқы қастандық жасалынған екен. Оны ұйымдастырғаны және оған жарты миллион рубль жұмсағаны туралы князь Д.И.Шаховский бірнеше жыл өткен соң жария еткен. Тарихта Ленинге жасалынған ең белгілі, атышулы қастандық – оның Фанни Капланның қолынан жарақат алуы. Бұл оқиға 1918 жылдың 30 тамызында болған. Сол күннің таңында Петроград төтенше комитетінің төрағасы М.С.Урицкий өлтіріледі. Соған қарамастан, Ленин Михельсон зауыты жұмысшыларының алдында митингіде сөз сөйлеп, көлікке отырып жатқан кезде эсер (социал-революционер) партиясының мүшесі Фанни Каплан үш рет оқ атады. Бірінші оқ Лениннің мойнынан өтіп, иегінің астына дейін жетіп, аққан қан оның өкпесіне зақым келтіреді. Екінші оқ сол қолына тиеді. Үшінші оқ автокөліктің жанында Ленинмен сөйлесіп тұрған әйел адамға тиеді. Бұл оқиға туралы мәлімет жан-жаққа таралған. Кеңес дәуірінде ол туралы көп айтылатын. Таңғалатыным, бұл мәселе осы күнге дейін толық зерттелмеген екен. Капланның аты-жөнінің өзі туралы деректер әлі толық емес. Ол бірде Фанни Ройд немесе Фейга Хаимовна Каплан немесе Фанни Ефимовна Каплан деп аталып жүр. Оның 1918 жылдың қыркүйек айында жазаға тартылғаны – жалған әңгіме, ол 1950 жылдарға дейін өмір сүрді деген мәліметтер де кездеседі”, - деп жазса, тарихшы Бүркітбай Аяған: “1921 жылдың соңы мен 1922 жылдың басында Ленин ауыр сырқатқа шалдығады. Оның ауруы жайлы да әртүрлі қауесеттер көп. Кейбір зерттеушілер өлшеусіз дене еңбегі мен жанына батқан ауыртпалықтар революция көсемін әбден әлсіретті дейді. Енді біреулер оның ауруының себебін басқа нәрседен десе, кейде тіпті әдеттен тыс әуестігінен де көреді. Қалай болғанда да, 1922 жылы көктемде Ленинді арнайы шақырылған шетелдік дәрігерлер емдей бастайды. Ленинді тек зор енжарлық қана емес, сонымен қоса, жанының жай таппағаны және артынан қалмайтын, есте қалған елестері қинайды. Ол небары 52 жас та болғанымен, кәрі шал кейпінде болған. Ленинді үрей басады, тіпті өзін-өзі өлтіруді де ойлай бастайды. Ол Сталинге өзіне тығып у беруін өтінеді. Ленин өзінің күнінің біткенін білген. Жан дүниесіндегі рухани азапты сезінген. Оның өмірінің соңында түскен суреттерінен әбден қиналған жанды ғана емес, сонымен бірге өмірге селқос қараған, жанары сөнген адамды көреміз.
Профессор Ливерий Даршкевич ауруды барынша бақылап, оған біраз кеңестерін айтады. Ленин одан қайта-қайта өзінің есі ауысып кетпегенін сұрап, ұзақ уақыт дәрігердің де жанын қинайды. Лениннің өмірі басқаларға осы уақыттан бастап жұмбақ болды. Ол іс жүзінде Кремльдегі жұмысқа шықпады. Бұл оның денсаулығы туралы қауесеттерді тудырды. Алайда Лениннің нұсқаулары бұрынғысынша қатал болды, өзіне ұнамағандарға қатысты қатыгез әрекеттерін тоқтатпады. Ол ауқаттылар мен дін өкілдерін ондаған жылдар бойы тіпті қарсыласу дегенді ойлауға да батылдары жетпейтіндей ету үшін атуды ұсынды. Ал оппозицияны мүлде жоқ қылуға дайын еді. Неміс дәрігерлерінің қайыра қарағанынан соң және денесінен оқты алған отадан кейін де Лениннің денсаулығы түзелмеді. 1922 жылы 22 мамырда Ленин есінен айырылады, оң жақ денесі қозғалыссыз қалады. Ол мүлде сөйлемеді, ойы да шатысты. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қою әрекеттерінен еш нәтиже шықпады. Емделмейтін белгісіз ауруы асқынған Ленин 1924 жылы қаңтарда Мәскеу түбіндегі өз резиденциясында дәрігер Осипов, зайыбы Н.К.Крупская, қарындасы Мария және сонда кездейсоқ келе қалған өз серіктестерінің бірі Н.Бухариннің көз алдында көз жұмды”, - деп жазды. Ал белгілі журналист Төреғали Тәшен: “Лев Троцкий «Ленинге у берген Сталин» деп жазады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Дегенмен Лениннің азапты өмірден тезірек құтылу үшін Сталиннен у сұратқаны рас көрінеді. Мұны Лениннің хатшы қыздарының бірі 60-шы жылдары жазушы Александр Бекке айтыпты. Бірақ «халықтар көсемі» у бермеген. Егер Сталин у берсе, онда сауысқаннан сақ көсем куәгерлердің көзін көп ұзатпай-ақ түгел құртқан болар еді. Кім біліпті, бәлкім онсыз да іріп-шіріп бара жатқан күн көсемге біреу-міреу у берсе, берген де шығар. Ал Лениннің басын жұтқан ауру не десек, кеңестік дәрігерлер күн көсемнің миын зақымдаған мерез ауруынан өлгенін тістерінен шығармауға ант берген. Қанша жасырғанмен, Израиль дәрігерлері кеңес өкіметінің негізін қалаушының мерезден көз жұмғанына дәлел-анықтаманы КСРО тарқағаннан кейін да жарыққа шығаруға тыйым салынған мұрағаттан тауып, әлемге жариялап жіберді.
Ресми анықтама бойынша, Ленин атеросклероздан өлген деп есептеледі. Бірақ Ленинді емдеген 27 дәрігердің тек 8-і ғана күн көсемнің өлімі туралы анықтаманың астына қолдарын қойған. Қол қоймағандардың ішінде Лениннің жеке дәрігерлерінің екеуі бар, - дейді өз журналистік зерттеуінде.
Осы деректерден миллиондаған адамның қанын мойнына жүктеген Лениннің өмірінің соңы да оңай болмағанын байқаймыз. Елес қуып, есі ауысудың аз-ақ алдында, миына салмақ түсіп, дүниеден көшіпті.
Самат Күнтубайдың парақшасынан