Ауырған кезде оқылатын ең жақсы дұға
Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың хадистерінде түрлі дерттерге қарсы оқылатын көптеген дұғалар бар. Бірақ оларды көпшілік біле бермейді. Бәрі жатқа білетін, алайда қасиетін толық біле бірмейтін ең жақсы бір дұға бар. Ол – «Фатиха» сүресі. Қамтыған мазмұны мен ерекшелігіне қатысты Фатиха сүресінің «Уммул-китаб, Фатихатул-китаб, әл-Кәнз, ас-Соля» т.б. деген секілді бірнеше атаулары бар.
Құранның өзі адамның материалдық әрі рухани кеселдерінің бәріне толықтай шипа болса, «Фатиха» сүресі «Уммул-китаб», яғни Құранның анасы, негізі. «Фатиха» сүресінің атауларының бірі - «әш-Шафия», яғни дерттерге шипа беруші. Фатиханың шипалық қасиетіне қатысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Фатиха – барлық дертке шипа», – десе (Дарими, Фадлул-Қуран, 12), басқа бір хадисінде: «Фатиха сүресі – кәріліктен басқа барша дертке шипа»,– деген.
Пайғамбарымыздың заманында осы «Фатиха» сүресінің емдік қасиетін көрсететін мынадай бір қызық оқиға орын алды. Сахабалар ұзақ жолаушылықтан шаршап-шалдығып бір ауылға келіп, сол жердегілерден өздерін ауылда қонақ етулерін сұрайды. Бірақ, әлгі ауыл адамдары оларды қонақ етуге келіспегендіктен, сахабалар ауылдың шетіне барып орналасады. Бір қызығы сол ауылдың көсемін бір улы жәндік шағып алып, қандай ем-дом жасаса да көсемдерінің беті бері қарамай қояды. Амалдары қалмаған ауыл тұрғындары өздері ауылға кіргізбей қойған сахабаларға барып, көмек сұрайды. Сол кезде бір сахаба: «Мен дем салуды білемін»,– деп, ауыл көсеміне «Фатиха» сүресін оқып, дем салғанда тайпа көсемі көзі шайдай ашылып, дертінен құлан таза айығып кетеді. (Бұхари, Муслим).
Қандай да бір дертіне дауа тапқысы келген адам «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін былай деп дұға жасаса болады:
اَللَّهُمَّ هَذِهِ الشَّافِيَةُ وَأَنْتَ الشَّافِي، لاَ شَافِيَ إِلاَّ أَنْتَ وَلاَ شِفَاءَ إِلاَّ شِفَاؤُكَ، اِشْفِ شِفَاءً لاَ يُغَادِرُ سَقَمًا
«Уа, Алла Тағалам, осы – шипаның себепкері болған «Фатиха» сүресі. Нағыз Шипа беруші Сенсің. Сенен басқа шипа беруші ешкім және сенің шипаңнан басқа шипа да жоқ. Уа, Аллам, дерттен ешқандай із қалдырмайтындай етіп шипаңды бере гөр!», – деп дұға жасаса Алла Тағала шипасын береді. Ең маңыздысы бұны оқыған адам шипаның бір Алладан екенін біліп және «Фатиха» сүресінің қасиетіне күмәнсіз, шынайы сенсе, Алла Тағалам талай дерттердің шипасын береді. Бұған көпшілік ғалымдар өз өмірлерінде нақты көз жеткізген.