Қазақта ұлттық намыс жоқ - Бақыт Беделхан
14-05-2021
Александр І таққа отырған 1801 жылдан бастап тарихқа үңілетін болсақ, патшалы Ресей бұратана халықтарды тек қанау әрекеттерімен шұғылданғанын байқаймыз. Осы Александр І 1819 жылы қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып-сатармен сауда жасауға рұқсат етілген заң шығарды. Сірә ұлт үшін бұдан асқан қорлық жоқ шығар. Қараңыз: 1832 жылы «Қазақ Ордаларының тарихы» деген кітап жазған Алексей Левшин «Базарда қазақтың еркек баласының бағасы 3 иә 5 қап бидай арыш болса, қыз баланың бағасы 3 иә 4 қап арыш еді» дейді, және бір айдың ішінде қазақтың 100 баласының сатылғанын айтады. Масқара емес пе? Қазақ қай жетіскеннен баласын саудаға салады. Осыдан кейін-ақ патшаның зұлым саясатының зардабы ұлтымызды қаншалықты жұтатқаның ойлай беріңіз.
Ал, осыдан жүз жыл өткен соң, яғни, 1917-1919 жылдардағы Түркістан өлкесіндегі, 1921-1922 және 1931-1932 жылдардағы қазақ жеріндегі большевиктердің қолдан ұйымдастырған ашаршылықтың зауалын, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннің қасіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі азамат соғысынан кейін патшаны тақтан тайдырған большевиктер билік басына келді. Қарапайым шаруалар мен жұмысшылардың мүддесін жоқтап, барлық адамзатқа теңдік береміз деген бұл өкімет расында да патша саясатынан асып кетпесе кем түспейтін зұлым жүйенің негізін қалап, оны шарықтау шегіне асыра жеткізген қанаушы, аяр биліктің өзі болып шықты.
Ал азамат соғысы кезінде большевик көсемдері Ленин мен Сталин Сібір үкіметі мен Колчак әскерін және басқа да саяси қарсыластарын жеңу үшін сан түрлі екіжүзділік қулық-сұмдыққа бара отырып, бұрынғы бодан халықтарды өз жағына шығару үшін барын салып тырысты. Мысалы, 1913 жылы жарық көрген өзінің «Марксизм және ұлт мәселесі» деген еңбегінде И.В.Сталин ұлт мәселесіне деген көзқарасын мынандай сөйлемдермен тұжырымдап жазған болатын. «Өзін өзі билеу правосы: Яғни өз тағдырын шешуге ұлттың өзінің ғана правосы бар, ұлттың тіршілігіне зорлап араласуға, оның мектептерін және басқа мекемелерін қиратуға, оның әдет-ғұрыптарын бұзуға, оның тіліне қысым жасауға ешкімнің правосы жоқ. Өзін өзі билеу правосы яғни, ұлт өзінің қалауынша тұрмыс құра алады. Ол өзінің тұрмысын автономия негізінде құруға праволы. Ол мүлде бөлініп шығуға да праволы» дейді. Енді Сталиннің дәл осы сөзі 1919 жылы большевиктердің азамат соғысында жеңіп шығуына зор септігін тигізген негізгі құрал болды. Өйткені, қызылдардың көсемдері барлық езілген халықтардың саяси қайраткерлеріне «ұлттық теңдікке қол жеткізгілеріңіз келсе бізбен бірге болыңыздар» деген жалаң және жалған ұрандарымен өздеріне оларды тарта алды. Бірақ бұл бар болғаны большевиктер өзін нығайтып алғанша бодан ұлттарды алдарқата тұратын «жалған уәделі өткел» ғана еді. Біздің тұңғыш үкіметіміз бен саяси партиямыздың белсенді қайраткерлері де қызылдардың осы жалған ұрандарына сеніңкіремесе де дәл сол уақытта «біз сендермен біргеміз» деуден басқа амалдары да қалмап еді.
Өйткені, сол кезде Ресейдегі әскери-саяси жағдай шиленісіп, Колчактың Сібір үкіметі мен Самарадағы Құрылтай үкіметі өзара қақтығысып, большевиктерге қарсы күресті әлсіретіп алды. 1918 жылы 21 қарашада Колчак өзін Ресейдің билеушісі деп жариялады да, Башқұртстан мен Алашорданы мойындаудан бас тартып, оларды таратып, көсемдерін ату жазасына кесу туралы бұйрық берді. Бұл дегеніңіз негізгі қанды майдан қазақ даласына бет бұрды деген сөз. Сөйтіп қазақ халқы үшін өте қиын жағдай қалыптасты. Ал дәл сол уақытта қазақ даласы азамат соғысының қанды алаңына айналып бара жатқанына алаңдаған ұлт қайраткерлері төрт жақты қыспақта қалды. Әрине, бір шетінен атаман Аненков пен Дутов, Колчак әскері мен большевиктердің ұрысы қазақ даласына ауысуы елді құр босқа қырғынға ұшырататынын аңғарған алаш зиялылары қайткен күнде де бұл сойқаннан халықты сақтап қалу жағын ойластырды. Осыдан кейін барып Алашорда үкіметі большевиктерді мойындауға мәжбүр болды.
Расында да 1919 жылы қазақ даласына Ленин бастаған большевиктер қаптап келе жатты. Осы большевиктер өмірге келген уақытта олардың есептесуге мәжбүр болған қазақ қоғамында жалғыз күш болатын, ол – Алашорда үкіметі еді. Ал большевиктер қазақ қайраткерлерінің қызметін заңсыз деп тауып, 1919 жылы әрқайсының басын алғанға 25 мың рубльге дейін ақша тағайындады. Кейін бұл жымысқы әрекеттері іске аспағаннан соң большевиктер «әр ұлт өз тағдырын өзі шешеді, жеке өз алдына автономия бола ма, жоқ әлде мүлдем бөлініп шыға ма, оны әр ұлт өзі біледі» деген жоғарыда баяндалған Сталиннің мақаласындағы сөздерін алашордалықтарға да айтып, қазақ үкіметінің мүшелерін сендіріп, оларды өз жақтарына шығаруға көндірген. Ал алашордалықтар қызылдардың бұл ұсынысына құлақ аспаса өз қазағының қаны көп төгіліп, ел іші арандап қалатын еді. Өкінішке қарай, қазақ зиялыларының бұл әрекеті де ұлт тағдырын тұманды тамұқтан арашалап ала алмады. Өйткені, қызылдардың қисық саясаты мен зұлым пиғылынан туындаған сұрапыл зұлмат қазақ халқын алда күтіп тұрды.
Енді саяси қарсыластарын толық жеңіп биліктің тізгінін қолына алған Ленин мен Сталин жоғарыдағы берген уәделерінен тайқып шығып, бір де бір бодан халықты өздері құрған қызыл империяның құрамынан шығармауға бар ыждақаттарымен күресті. Қолын қанға малып билікке келген қызылдардың соншалықты құнығып ашылған араны тіпті тұтас бір ұлтты құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайтындарын көрсетті.
1919 жылы 4 сәуірде Ленин «Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне толықтай кешірім жасау туралы қаулы шығарды. Бірақ, таптық тартысты нысанаға алып кедей-кепшіктің жоғын жоқтап, көлгірсіген большевиктер қазақ халқын орыстандыру саясатының жаңа бір жобаларын жоспарлап жатқан болатын. Бұл жоспарды жүйелі түрде жүзеге асыруға яғни, қазақ даласына мыңдаған еуропалық келімсектерді қоныстандыру үшін қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, соларға беруді көздеді. Ал олардың бұл әрекеттеріне алашорда қайраткерлері үзілді-кесілді қарсы шығып, жоспарлы саясатқа үлкен бөгет болды. Сөйтіп, коммунистер мен ұлт зиялыларының арасындағы араздық таптық тартыс пен ұлттық тартысқа ұласты.
Енді қазақ қайраткерлеріне кешірім бергендеріне қарамастан Ленин мен Сталин оларды мүлде құрту үшін арандатудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Ал пролетариат көсемдерінің ойлап тапқан арандатуларының жаңа тәсілі оларды аштықпен есеңгірету болды. Міне, сөйтіп 1921 жылғы аштық бұл саяси тартыстағы алғашқы тәжірибе ретінде сынақтан өтті. Бірақ та, мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» коммунисттік-колонизаторлық үкіметтің мұршасы жетпеді. Өйткені, қазақтың дәстүрлі көшпелі экономикасы мен өмір сүру тәсілі оған мүмкіндік бермеді. Енді олар «Мойынсерік», «Қосшы ұйымдары», «Кедей қостары» арқылы «ұжымдастыру», «колективтендіру» тәсілімен қазақтарды қынадай қыруды жоспарлады. Осы тәсіл арқылы қазақтың бар малын сыпырып алса болғаны. Сонда барып ұлы Ресей империясының бұрыннан бері жүзеге аспай келген арманы, коммунистер тұсында сәтті орындалған болар еді.
Алайда, 1921-1922 жылдағы ашаршылықтың да зауалы қатты болды. 1917 жылы ең алдымен Түркістан өлкесі, 1921 жылы Қазақстан аштықтан қатты жұтады. Дәл осы кезде «Алаш арыстары» елге сауын айтып аштыққа ұшыраған өлкелерге көмек қолын созды. Солардың қолымен құрылған «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс есебіндегі қорытындыға» сүйенер болсақ адам төзгісіз қасіретті ақпаратқа көз жеткізесіз.
«Алаш арыстарының» 1921-1922 жылдардағы ашаршылықта қара халықтың жанынан табылуы олардың беделін көтерді. Ал сол кездегі үкімет басындағы коммунистік партия белсенділерінің беделдері керсінше халық алдында төмендеді. Енді осыған ызаланған партияның шолақ белсенділері үкімет билігінен айырылып қалуынан қауіптеніп Кремльге жалған ақпарат берді. Мысалы ғалым Т.Жұртбай: «С.Мендешев бастаған большевиктер Мәскеуге: «Қазақстанда ешқандай ашаршылық болып жатқан жоқ. Ашаршылық туралы қауесетті таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшілердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбалам салуда» деп жедел хат жолдады. Шынында да тура сол кезде С.Мендешевтің өзінің туған ауылында түтіні тік шығатын бірде бір үй қалмап еді» деп жазды өзінің үлкен еңбегінде.
Ал, осы Мендешевтердің Кремельге жолдаған жедел хаттары Сталин сынды қандықолға «көктен іздегені» жерден табылған дүние болды. Өйткені қазақтың саяси қайраткерлерінің арасына түскен жік оларға тиімді еді. Сөйтіп 1925 жылы атасының атымен атасақ – Шая Ицкович, орысша есімі – Филип Исаевич Голощекинді басшы етіп Қазақстанға жіберді. Голощекин Қазақстанға келе салысымен, жергілікті ұлт интелигенттері мен қайраткерлерінің өзара қырқыстырып, ақыры соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянат жасады. Ол «Ұлы іс – Ұлы құрбандықты қажет етеді» деген қазақстандық теорияны ойлап тапты. Сөйтіп, бұрынғы ұлтшыл деген саяси желеу жайына қалды. Енді тікелей ұлттың өзіне шабуылға көшті. Басты мақсат: Олардың санасындағы дербес ұлт деген ұғымды мүлдем өшіруге, «ел билеген кемелдердің» көзін жою арқылы ұлттық сананы құртуға шақырды.
Ал қазақ қайраткерлері яғни, Ә.Бөкейхановтардан кейінгі қалыптасып жетілген буын С.Садуақасов, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, Т.Жүргенов, Ж.Мыңбаев, С.Аспандияров, О.Жандосов, Ы.Мұстанбаев сынды талай арыстарымыз халқы үшін жанталасып жүріп артынан «алаш арыстарымен» бірге Сталиндік саяси жазалаудың диірменіне тартылып кетті. Өкініштісі, патшаның шенеунігі болған Марковтың: «Ағылшындар үндістерді қалай қырса, біз де қазақтарды солай қырамыз» деген идеясын жүзеге асыруға тырысқан ХХ ғасырдағы кеңестік үкімет – мыңның емес, миллиондардың тағдырын талқыға салды. Бәлкім, адамзат тарихында бұдан өткен қасірет жоқ шығар?!
Мадияр Ералыұлы,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығының» ғылыми қызметкері.
Бұл материал біздің "Ақ жол" газетінде жарияланды.