Шымкентте суретші-педагогтар одағы құрылды
«Шымкентте суретші-педагогтар одағы құрылады» деген әңгіменің шеті шыққалы біраз уақыт болған еді. Мамыр айының соңында құзырлы органдарға заңға сәйкес тіркелген жаңа одақтың желкенін керуге облыс орталығындағы білім ошақтарында жұмыс істейтін қылқалам шеберлері ұйытқы болып отыр. Жаңа одақтың төрағалығының тізгіні облыстағы қылқалам шеберлерінің қарашаңырағы атанған, өлкемізде тек кәсіби суретші-мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны—Көркемсурет колледжінің оқытушысы Қуаныш Сүлейменовке сеніп тапсырылғанын сырт көз сәтті қадам деп есептейді. Жұрт назарын аударған оңаша отаудың шаңырақ көтеруіне айрықша атсалысып жүргендердің бірі осы колледждің білікті басшысы, суреттен сыр іздеп докторлық диссертация қорғаған еліміздегі санаулы ғана ғалымдардың бірі Айдар Ниязов екенін де атап айтқан жөн. Өткен аптада «Рейтинг» газетінің баспасөз орталығында суретші –педагогтар одағын құрушы бастамашы топ журналистермен жүздесті.
Баспасөз мәслихатынан ұққанымыз бұдан былай облыста қылқалам шеберлерінің басын қосатын екі бірдей ұйым—Қазақстан суретшілер одағының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы және Суретші-педагогтар одағы жұмыс істейтін болды. Алғашқы ұйымның дау-дамайлар да ғана аты аталмаса, бүгінде бар-жоғы белгісіз. Суретшілер одағының жаңа заман талабына сай жұмыс істей алмағанын бүгінде сол одақ мүшелерінің өздері де мойындайды. Жаңадан құрылған Суретші-педагогтар ұйымының одан қандай айырмашылығы бар? Ол да алдыңғы ұйымның кебін кимей ме? Ерекшелігі неде, алға қойған мақсаты қандай? Баспасөз мәслихатында журналистер осы сауалдарды алға тартты.
--Суретші--педагогтар одағы Оңтүстік Қазақстан облысында дизайн, кескіндеме саласы бойынша дәріс беріп жүрген суреттші-педагогтардың бастамасымен құрылған. Бұл педагогтардың барлығы есімі елге танымал азаматтар. Сурет саласында ұстаздық етіп жүрген азаматтардың басын қосатын одақ құру талайдан бері айтылып жүрген мәселе болатын. Бүгін міне, сол жоспарымыз сәтті жүзеге асты. Жаңа одақтың басты мақсаты—суретшілер мен дизайнерлердің кәсіби дамуына жағдай жасау, тәжірибе алмасу, түрлі сурет көрмелері мен конкурстарды, фестивальдерді ұйымдастыру. Сондай-ақ, авторлық құқықтарды, интеллектуалдық жеке көзқарастар мен пікірлерді қорғау. Суретші-педагогтар одағы Қазақстан аумағында шығармашылық қызметкерлердің іс-шараларын ұйымдастыруға, өзге де халықаралық шығармашылық одақтармен қарым-қатынас жасауаға септігін тигізбек,--деді одақтың төрағасы Қуаныш Сүлейменов.
--Қазіргі суретшілердің 80 пайызы оқытушылық қызметпен айналысады. Баяғыдай суретші мамандығына деген сұраныс жоқ. Өйткені суретшінің жұмысын заманауи техникалар «тартып» алды. Сондықтан қылқалам шеберлерінің көпшілігі шығармашылық жұмыстан тыс оқытушылықпен айналысады. Көрген-білгенін, тәжірибесін кейінгі жастарға үйретеді. Өздеріңіз білесіздер, Суретшілер одағы ғылыми жұмыстармен айналыспайды. Осы олқылықтың орнын Суретші-педаогтар одағы толықтырады деп ойлаймыз. Жаңа одақтың мүшелері шәкірттерге өз саласы бойынша дәріс беріп шеберлігін шыңдайды. Одақ солардың жұмысына жетекшілік етеді, көрмелер, түрлі –іс шаралар өткізіп, тіпті демеушілік те көрсете алады. Мұндай тәжірибе кеңестік кезеңде де болған,--деді Шымкент Көркемсурет галлереясының меңгерушісі Айнабек Оспанов.
Айтқандай, суретші-педагогтарды бір ұйымға біріктірген одақ Қазақстанда алғаш рет құрылып отыр. Бірақ мұндай ұйымдар Израйль, Ресей сияқты елдерде де бар екен. Жаңа ұйым республикалық деңгейде құрылған соң, бұған қылқалам саласында оқытушылықпен айналысып жүрген кез-келген республика азаматы мүше бола алады.
Суретші-педагогтар одағы қылқалам өнерінде аға ұрпақ пен кейінгі толқын арасындағы шығармашылық байланысқа көбірек мән бермек. Бұл байланыс тереңдеген сайын Оңтүстік суретшілері қалыптастырған мектеп, бағыт ары қарай дами берері анық.
Жаңа одақтың жұмысына сәттілік тілейміз!
Мұрағаттан: 29.06.2012