Атыраудың әкімі Бергей Рысқалиев «жаңалық ашты»
Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтің жуырда елді елең еткізетін «жаңалық ашты». «Бала-бақшаларды тексеріп, мұнайшылардың балаларын шығарыңдар. Мұнайшылардың балаларын мемлекеттік балабақшаларға қабылдасаңыздар жауап беретін боласыздар». Оның осылай деп айтқан атышулы мәлімдемесі ақапарат құралдары арқылы бүкіл елге тарап, қазір қызу пікірталас жүріп жатыр. Әкімнің мұндай тосындау пікір білдіруіне мұнайшылардың мұғалімдер мен дәрігерлерге қарағанда бірнеше есе жоғары жалақы алатындығы себеп болыпты. Бірқатар республикалық басылымдарға сұхбат берген ол «Егер тек мемлекеттік бюджет тарапынан ғана емес, сонымен қатар ірі компаниялар есебінен де балабақшалар салынса, қаншама мемлекет қаржысы үнемделген болар еді? Әйтсе де, қазір байқап отырғанымыздай, кәсіпорындар оған қаражат бөлуге құлықты емес. Бәлкім қызметкерлері бала бақшаға байланысты шу шығарса компания басшылары да ойланатын болар» дейді айтқанынан қайтпай. «Самырұқ-Қазына» қоры болса прокуратурадан Рысқалиевтің әрекетіне баға беруін өтінді. Арнайы таратылған баспасөз мәлімдемесінде «бұл іс-әрекетті әлеуметтік араздықты ушықтырудың үлгісі ретінде қарастыруға бола ма? Бұл айтарлықтай әлеуметтік бөлшектенуге әкелмей ме?», деген сөздер бар. Тіпті әкімнің Елбасының тапсырмасына қарсы шығып отырғаны да ескертілді. Алайда, Рысқалиев өз позициясынан айнитын сыңайы сезілмейді. Қазіргі таңда Атырау қаласында 32 мемлекеттік, 7 жекеменшік және бір ғана ведомстволық балабақша қызмет істейді. Облыс басшысының бұл мәлімдемесі шынайы жанашырлық па, әлде беделқұмарлықтан туындаған әрекет пе? Қалай десек те, қоғамның пікірі екіге жарылып тұр.
26.08.2012 ж