Кремль Навальныйдан қорқады
22-01-2021
Жаздың басы аса ыстық болып, жерден от қаша бастаған кез еді. Содан да болар жартылай отырықшы Рахымбердінің жайлауы шаңғыта бастады. Бірде түс ауа оннан аса түйенің ауыл іргесінде жайылып жүргенін көріп, ас ішіп, аяқ босатар Біртайдан:
– Мынау кімнің түйелері, – деп сұрайды.
Өзінде тігерге тұяқ болмаса да, өзгенің малын ендеп, түстеп беретін Біртай:
– Жарылғаптың малы, – деді.
Араға үш күн салып түйелер тағы да ауылға жақын кеп жайылды. Бұл жолы ашуға ерік берген Рахымберді белдеуде тұрған атты міне салып, түйелерді қуа жөнелді. Күн тас төбеден ауған шақ еді. Ауыл арасы шаңғытып кетті. «Апырай-ай, – деп ойлады әудем жер шапқан соң: – Осы жасымда түлік төресін қуып жүргенім жарамады-ау. Әлгі Қайырбек пен Біртайдың бірін неге жұмсамадым». Бірақ енді кеш еді. Ауыл арасы тым жақын. Үйінен шығып, қолын күнге көлегейлеп қарап тұрған Жарылғапты көргенде ашуы қозып, атқа қамшы бас¬ты, түйелерді де сабалап жүр.
– Арам қатқырлар. Арамнан жиналған мал
Осы сөздер құлағына еміс-еміс жеткен Жарылғап жүгіре басып үй жанында байлаулы тұрған атына жетті, қолына сойыл іліне кетті. Рахымберді болса боқтап-боралап, жүрісін баяулатқан түйелерді қамшылап жүр.
– Әй, зәнталақ, малды неге ұрасың?
– Иттің малы…
– Әй, тоқта деймін. Тоқта.
– Иттің асыраған малы.
– Сонда итің кім?
– Сен… Бәрің…
– Тоқта. Айдалада жайылып жүрген малды неге қуасың?
– «Айдалада» дейсің… Айдала емес бұл, менің жерім бұл. Сені кім шақырды бұл жерге?
– Ау, ағайын емеспіз бе?
– Ағайындықтан садаға кет. Жайқалып тұрған егінге малды қаптатып…
– Егініңе тіпті жақындаған жоқ қой.
– Ауылдың шетін шаңдатып…
– Қуалама деймін малды.
– Қуалаймын… Ал қайтесің. Мал керек болса, көш бұл жерден.
– Мені көшіп-қондыратын сен кім едің?
Екеуі де аттың үстінде егесіп жүр. Бірде қарсы келіп қалғанда Рахымбердінің қамшысы Жарылғаптың бетін тіліп өтті. Ол да қолындағы сойылды қалай жұмсағанын білмей қалды. Екі ауылдың адамдары да үйлерінен шығып қарап тұр еді. Рахымбердінің аттан құлағанын көрген ағайындары осылай қарай тұра жүгірісті. Әлі сабасына түспесе де Жарылғап атын кейін бұрды.
Күн ұясына қонар сәтте басындағы соққы жарасынан Рахымберді көз жұмды. Аңырап жатқан ауылда бір бәленің болғанын білген Жарылғап қоңсы-қолаңымен таң атар атпастан асыға көшіп кетті.
Рахымбердінің қайғылы қазаға ұшырағаны елге тез тарады. Намазында да адам көп болды. Көңіл айтқан ағайынға Рахымбердінің інісі Тәңірберді сазарып отырып алды.
– Құдайдың ісі де, қайтесің.
– Бәрі де Алланың жазуында.
– Құдайдың басын ауыртпаңдар, бұл Алланың емес, адамның ісі.
– Қой, Тәңірберді, шырағым. Күйіп отырғаныңды білеміз, бірақ сабыр сақта. Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Біз де «жақсы болды» деп отырған жоқпыз.
Жарылғап кешірім сұрап келмеді. Жетісінде болған ол ауылдың адамдары мен ел ақсақалдары жарытып ештеңе айтпады. Тәңірбердінің кеуіліне кек қатты. Қалайда өш алуды ойластыруда, бірақ қалай істерін білмейді. Бір топ ел жақсылармен бірге көңіл қосын білдірген Жанқожа батыр араға үш күн салып Тәңірбердіні Ахаттың ауылына шақырды. Оның барғысы жоқ, бармайын десе батырдан сескенеді. Амал жоқ, екі шалды ертіп келді.
Арнайы сойылған марқаның еті желініп, дастарханға қымыз келгенде Ахат сөз бастады.
– Тәңірберді қарағым, батыр ағаңның неге келгенін ішің сезіп отыр, «ашуын бассын, сабасына түссін» деп уақыт оздырдық, енді кешеуілдетсек тағы да оқыс оқиғаның болмасына кім кепіл.
– Тәңірберді, – деді аз үнсіздіктен соң Жанқожа: – Ағайынның ағат ісіне бетіміз күйіп отырған жайымыз бар. Сенімен ағайындығымызда еш кеміс жоқ. Бір арысымыздан айырылдық, екіншісі өкініштен өзегі өртеніп жүр.
– Қарабеттің көңіл айтып келуге де беті шыдамаған ғой.
– Тәңірберді, жүрегі жаралының тілі ащы, мына шаңырақты сыйла, егесе берсе, ел кетеді. Ашуыңды ақылға бағындырмасаң, елден сен кетесің. Қаншама адам басымызды иіп келіп отырмыз. Шабам десең, бас, міне. Сен асығыстық жасама, соңғы сөзді өзің айтасың. Бірақ әбден ойлан, адам «бармаймын» деген жеріне үш рет барады, «болмайды» дегеннің өзі үш рет болады. Осындай жағдай өзіңнің басыңда болмағанмен, ағайында болмасына кім кепіл?! Сен өзіңді жеңе біл.
– Өзімді ұстап тұрған мен емей, кім? Жарылғап рұқсатсыз ағамның іргесіне көшіп келді. Ау, көк кетіп, көңіл түсіп отырған кезде іргеңді шаңдатып көшіп келген адамды кім жақтырады? «Қошуақтанып қарсы алып, қонақасы неге бермедің?» деп те кінәлайтын да шығарсыздар. Бұл не, күш көрсеткені ме? Күшті болса, Қызылға неге бармайды? Қуаңдарияның бойын неге жайламайды?
Тағы бір айтарым малына неге еге болмайды? Түйелері тіпті ауыл аралап кетіпті ғой. Үшіншіден, соққыға жықса, ашудан болар, бірақ өшіге ұрғаны, өлтіре ұрғаны жаныма батады.
– «Бір таяқ бата тиеді, бір таяқ қата тиеді» деген. Өлтірейін деді ме, қата таяқ тиді. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ағайын ғой. Жер дауы мен жесір дауы, барымта мен қарымта қазақты шаршатып-ақ болды. Осы істің бітімін өзің айт.
– Мен не деймін. Қанға – қан.
– Астапыралла! Мынау не дейді?
– Елде жоқ ырым ғой.
– Тәңірберді, құдайдан қорық.
Жанқожа үнсіз отырып қалды. Осы сөзді күткендей болып еді, бірақ көмейіне келген ашуды жұтып қойды. Ашу – әйел мен әлсіздің қаруы, айқай – бейшараның тіршілігі, асығыстық – ақылсыздық. Үйде шыбынның ызыңы ғана естіледі. Сырттан біреу келіп есікті ашып еді, суық қабақтарды көріп қайта жаба қойды.
– Тәңірберді, – деді әлден соң Жанқожа, – бұл даудың оңай шешілмесін білгенмін, бірақ мына сөзді естимін деген жоқ едім. «Тоқсан бес көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» дегенді қай жетіскен қария айтты дейсің. Қатпа қарын сары баланың қамы үшін жүргенде, осы елдің бірлігі үшін күймеймін бе? Сен ашуға ерік беріп отырсың. Ертеңіңді ойлап отырған жоқсың. Жарылғапты «қарабет» дедің, ел ертең сені кім дейді? Өлтіріп кек алдың дейік, олар да «қанға – қан» десе қайтесің. Ел бүлінбей ме? Қашанға дейін ашуланасың, қанша адамың қаза болғанша кектесесің? Енді сен де айтқаныңнан қайта алмассың. Онда қазақтың ежелден келе жатқан жолымен жүріп, елге белгілі екі биге жүгінейік. Бірін сен айт, бірін осы отырған ел айтсын.
– Мен Бекарыстан биге тұрамын.
– Осы жанжалға қатысы жоқ көпшілік кімді қалайды?
– Басықара би айтсын.
– Басықараны қалаймыз.
– Онда ертең таң ата атқа қонамыз. Мәселені «Алайғырда» отырып шешеміз. Ақа, сол жаққа кісі жібер. Жарылғапты адамдарымен келтірсін. Менің атымнан Бекарыстан биге, Басықара биге адам жіберіңдер. Тек жігіт-желең болмасын. Арнайы ақсақал барсын. Бүгін дүйсенбі ме? Сәрсенбінің сәтті күні осы істі шешейік.
Келісім осы болды.
* * *
Араға бір күн салып дауды шешушілер, екі жақтың адамдары, елдің игі жақсылары «Алайғырға» жиналды. Мұнда да халық дүмеп жүр.
– Құрметті билер, – деді Жанғұтты, – бұл әңгіме сіздердің құлақтарыңызға жеткен шығар. Жарылғап туысымыз оқыс іс жасады. Әдейі емес, бірақ адам өлімі болды. Ағайын арасына жік түсті. Азаматтың басы дауда қалғанмен, жауда қалмайды. Енді үкімді сіздер айтсын деп отырмыз.
Басықара би ұйып қалған тізесін көпке білінер-білінбес етіп жазды да:
– Ағайын арасында шешуге болмады ма? – деді.
– Рахымбердінің інісі Тәңірберді көнбеді.
– Ал, Тәңірберді, мұндай жайға билік айту емес, көңіл айтудың өзі қиын. Аулыңа бара алмадым. Ағаңның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Бүгінгі билік – екі кісінің құны, әділдігін айта алмасақ, біздің өлгеніміз, әділеттілігімізге сенбесеңдер, сендердің өлгендерің. Күтімі кеткен соң ақбоз үй тозады, жасың жеткен соң дәуренің озады. Сен «атым арымасын» деп ар-намысты ойласаң, біз елдің бірлігін, тірлігін ойлаймыз. «Дау – бидің нәпақасы» деген де керітартпа сөз бар. Өзім билік қылып, ештеңе алған емеспін, қайта жетпей жатқан жерлерін жеткізген кездерім болды. Біздің билігімізге сен тұрасың ба?
– Қара қылды қақ жарған кісілерсіз, бұра тартпайды деп сенемін.
– Сөздің турасын айт, тұрасың ба?
– Тұрамын.
– Жарылғап, сен ше?
– Шешімдеріңізге құлдық.
– Олай болса, бастайық, ал Бекарыстан би, сөз сізде.
– Би атанудан билік айту қиын, жарандар. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Билік айтып отырып біз сүрінсек, елден бірлік пен береке кетеді. Бидің қаруы – әділдігі, сәлдесі – елдің оған деген сенімі. Ат басын тіреп келдіңдер, енді біздің амалымыз жоқ, Шешіміміз орындалмаса бізден бедел кетеді. Жарылғап, неге сойыл сілтедің?
– Ашудан көзім көрмей қалды, қалай ұрғанымды өзім де білмеймін.
– Сойылды неге ала шықтың?
– Мына Хиуа жендеттері күн бермейді. Соған дайын отырамыз. Дағды болып қалған.
– Жауға сілтеген шоқпар – батырлығың, ағайынға сілтеген шоқпар – әлсіздігің, атың шабысына қарай шапса, сен намысыңа қарай шабуың керек. Ұстамдылық аз сенде. Көкірегің текірек қағады, енді міне, орны толмас өкінішке айналып отыр. Рақымберді аттан құлағанда неге барып көтермедің?
– Өзімнің де зәрем ұшып кетті…
– Сені де бір ауылдың үлкені дейді-ау. Жаназаға неге бармадың?
– Бетім бармады.
Бекарыстан би серігіне ишаратпен көз тастады да, сөзді Басықара би алды.
– Сен өзіңнің қаншалықты кінәлі екеніңді сезесің бе?
– Иә, адам өлтірдім.
– Сен бір адамды өлтіріп қойған жоқсың, бір үйдің шаңырағын қираттың. Әйелін жесір еттің, төрт баласын жетім еттің. Ағайынды алауыз еттің. Ел ағасын, Жанқожаны жер еттің. Сенің кінәң өзің ойлағаннан әлдеқайда көп. Ең бастысы, сен тәубаға келген жоқсың, бүгін амалсыз келіп отырсың. Бұл қалпыңмен ағайынды дауға ғана емес, жауға да қалдырасың.
Уа, халайық, біз қазір өте қиын кезеңде отырмыз. Хиуасы бар, Қоқаны бар, жан-жағымыздан жау анталап тұр. Бұндайда ең бірінші бірлік керек. Хиуа бегіне қызмет етіп жүрген адамдар да бар. Жанғазы ханың – Хиуаның зекетшісі. Міне, ең жаманы осы. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының» кері келмесін.
– Ал, Тәңірберді қарағым, ағаңнан айырылғаның – қанатыңның қайырылғаны. Бірақ сынған жара шорланса да бітеді. Ат тұяғын тай басады. Сенің «қанға – қан» дегенің – ештеңеге қайырылмағаның.
Енді біз Жанқожаны араға алып ақылдасайық. Үкімді төбе басында айтамыз.
Сүт пісірім уақытта төбе басына жайылған қалы кілем үстінде алқақотан отырған көпшіліктің алдында билер өз шешімдерін айтты.
Бекарыстан би Тәңірбердіге:
– Сойыл ағаңа қанша рет тиіпті, – деді.
– Бір рет.
– Онда жазым болған екен. Ашумен болған, ағаттық болған. Бірақ жаулық емес. Құн ал. Ағаңның құнын Басықара би айтады.
– Ердің құны – екі елу. Бірақ ол бөлшектеніп кетеді, бәрін түгел алған құныкерді көрген жоқпын.
Тәңірберді, өлген адамды ешкім жамандап жатпайды, бірақ ағаңнан да аздап кінә бар. Құнға 15 түйені, құнаннан үлкен 25 жылқы, қырық тай-жабағы аласың. Жесірдің жайын жасау, балаларды жетілдіру өз мойныңда, оны ағайындылар шешесіңдер. Ал Жарылғап, айтылған малды үш күн ішінде Тәңірбердінің адамдарының алдына салып бересің. Осының барлығын бітіру Жанғұттыға тапсырылады, – деді Басықара би.
«Бір ауыз сөзбен ханды қайтарған Бекарыстан би ғой», «Басқа билер қасып айтса, Басықара басып айтады екен» деп жұртшылық ризашылықпен тарасты.
Қадырбек БЕКЕТ,
ардагер ұстаз.