Қазақтың ескі мақал-мәтелдері
Ескі мақал-мәтелдер – тарих қатпарында жатқан көненің көзі, халықтың көркем ойын айшықтайтын фольклор. Бүгінге дейін сол ескі мақал-мәтелдердің бір бөлігі қаз қалпында жетсе, енді бірі күңгірттеніп, ұмыт қалғандай. Олай болса ескі қазақ мақал-мәтелдерін санамызда жаңғыртып, біразына тоқталайық.
Бөрінің баласы бөрілігін қылады
"Бөрінің баласы бөрілігін қылады екен, шешесімен бірге жатқанда бір күні мені өлтіреді екен", – деп қауып қылып: – Өлтіремін, бар Қарлығаш, Жәдігерді алып кел! – деп Ұлтан құлдың Қарлығашқа келіп айтып тұрған сөзі екен.
("Алпамыс батыр қиссасы". Бабалар сөзі: Жүз томдық. — Астана: Фолиант, 2006. 34 т.: Батырлар жыры. — 384 бет. 3690 жол).
Жалғызда мейірім жоқ
Әлі сабыр қылғаның, әлі де шыдап тұрғаның, "жалғызда мейрім жоқ" деген, мейіріміңнің жоқтығы-ай.
("Алпамыс батыр қиссасы". Бабалар сөзі: Жүз томдық. — Астана: Фолиант, 2006. 34 т.: Батырлар жыры. — 384 бет. 3880 жол);
Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас
"Өзіңнен тумай ұл болмас, Сатып алмай құл болмас". Түсті байдың ойына деген бір қарттың нақылы.
("Қисса Алпамыс". Бабалар сөзі: Жүз томдық. — Астана: Фолиант, 2006. 34 т.: Батырлар жыры. — 384 бет. 130 жол).
Шашы ұзын әйелдің ақылы қысқа
Алыстан келген бұл жігіт Әдепсіз қыз деп жүрмесін. Шашы ұзын әйелдің Ақылы қысқа демесін".
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 122-б., 2006. 100 томдық).
Жақсы жолдас – шарапат, жаман жолдас – кесапат
Жақсы жолдас – шарапат, жаман жолдас – кесапат. Жолдасың жақсы болғанда, ақыл табар қат-қабат.
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 184-б., 2006. 100 томдық).
Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер, қой жамырап, қозы емер
"Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер", - деді де қойшы жөнелді: - Қой жамырап, қозы емер!
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 197-б., 2006. 100 томдық).
Ноқталы басқа бір өлім
Төлеген сынды ағаңның ұжмақтан жазсын тұрағын. Ноқталы басқа бір өлім, өкініш қылма өлімге, өз тілеуің сұрағын!
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 197-б., 2006. 100 томдық).
Тумақ – сүннет, өлмек – парыз
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Тумақ – сүннет, өлмек – парыз, мың жасаған адам жоқ!
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 201-б., 2006. 100 томдық).
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен қабады
Жау жағадан алыпты,Бөрі етектен қауыпты.Іздеп келдік алыстан,Кетейік біліп анықты.
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 204-б., 2006. 100 томдық).
Жеңге – мұра
– "Жеңге – мұра" деген сөз,Айтылған екен бұрын-ақ.Шешімі қалай болады,Шеш екеуің нақпа-нақ.
("Қыз Жібек"". Бабалар сөзі. 26-том. 214-б., 2006. 100 томдық).
Ханнан құлақ дәметкенше, қасқырдан лақ дәмет. Ел жыламай, хан күлмес, хан құламай, ел күлмес
- "Ханнан құлақ дәметкенше,Қасқырдан лақ дәмет", –"Хан құламай, ел күлмесЕл жыламай, хан күлмес".
("Қазақ мифтері". Бабалар сөзі. 78-том. 2011. 100 томдық).
Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ, ханда қайырым жоқ
– "Құста сүт жоқ,Жылқыда өт жоқ,Ханда қайырым жоқ"
("Қазақ мифтері". Бабалар сөзі. 78-том. 2011. 100 томдық).
Байға тай мінсе де жарасады
"Байға тай мінсе де жарасады" демекші, тақсыр, сізге қандай түсті киім кисеңіз де, хандығыңызға ұнасып тұрады деп айтар едім.
("Қазақ мифтері". Бабалар сөзі. 78-том. 2011. 100 томдық).
Надан адам ырымшыл болар, жаман жылқы арыншыл болар
– Менің әкем: "Надан адам ырымшыл болар, жаман жылқы арыншыл болар" деуші еді.
("Қазақ мифтері". Бабалар сөзі. 78-том. 2011. 100 томдық).
Тасыған төгіледі, ісіген басылады
Қалдырады босағадан аз ғана ашық Мұнысы не дегендей таңырқатып. Бұл дағы қариялардан қалған нақыл Нақылдың қас мағынасы айтқан ақыл. "Тасыған төгіледі, ісіген басылады" деген мысал, Мастанып, байлығыңа қылма ғапыл.
("Адам атадан бергі шежіре". Бабалар сөзі. 82-том. 94-б., 2012. 100 томдық).
Өзі зордың сөзі құп
Ұрқы екен өзбектің Шаһнияз, Бойында Алатаудың құрған сиаз. Қазақ біздің ұрқымыз десе керек, "Өзі зордың сөзі құп" деген рас.
("Адам атадан бергі шежіре". Бабалар сөзі. 82-том. 166-б., 2012. 100 томдық).
Ажал есірткен
"Ажал есірткен" сөз деген тағы да бар,Анамызды есірткен ажал ма әлде?!Он сегізден айрылған ана байқұсБармақ шайнап қалды екен қандай күйде?!
("Шежіре-дастан". Бабалар сөзі. 82-том. 333-334-бб., 2012. 100 томдық).
Жазым болса, балшықтан тіс сынады
Қазақта "жазым болса, балшықтан тіс сынады" деген мәтел босқа айтылған емес.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 22-б., 2012. 100 томдық).
Ажал – құдайдан, себеп – адамнан
Сен де күпірлік жасағансың. "Ажал – Құдайдан, себеп – адамнан" дегенді білмегенің – күнә.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 24-б., 2012. 100 томдық).
Асыл пышақ қап түбінде жатпайды
"Асыл пышақ қап түбінде жатпайды" деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел деген.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 29-б., 2012. 100 томдық).
Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол
"Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол" деген. Би түскендей үй болу — әйелден.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 29-б., 2012. 100 томдық).
Ер сыйлаған есікте қалмас
"Ер сыйлаған есікте қалмас" деген. Әлі-ақ бәріміз де бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат, жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 30-б., 2012. 100 томдық).
Ғұмыр – біреу, кезек – екеу
- "Ғұмыр – біреу, кезек – екеу" деген. Сендерге өлім керек пе, өмір керек пе?
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 30-б., 2012. 100 томдық).
Зорлық, зорлық түбі – қорлық
"Зорлық, зорлық түбі – қорлық" деген. Жетім мен жесірге, жалғыз-жарымға жасаған зорлықтарың бүгін мойындарыңа түсіп отыр.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 38-б., 2012. 100 томдық).
Салмай жортқан ерден салмай құлындаған бие артық табады
"Салмай жортқан ерден салмай құлындаған бие артық табады" деген. Таза, адал еңбек істесеңдер, қарның тояды, біреуді жылатып, тартып алғаннын берекесі болмайды.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 39-б., 2012. 100 томдық).
Мың күнгі жаманшылықтан бір күнгі тірлік артық
"Мың күнгі жаманшылықтан бір күнгі тірлік артық" деген. Біз арымызды арлаймыз, кегімізді жоқтаймыз деп жүріп, қарақшы болдық.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 39-б., 2012. 100 томдық).
Күндестің күлі де күндес
Қазақтың "күндестің күлі де күндес" деген сөз бар. Әкең барда ол білінбейтін.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 41-б., 2012. 100 томдық).
Таудағы түлкіні табындағы тазы алар, тозғындаған аққуды шалғындаған қаз алар
"Таудағы түлкіні табындағы тазы алар, тозғындаған аққуды шалғындаған қаз алар". Бірліктерің берік болсын, үлкендеріңді сыйлаңдар, орынды жерде кішінің де сөзін тындаңдар.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 61-б., 2012. 100 томдық).
Тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде
Қалайша "тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде" кете бермек? Біз жаманымызды жасырмайтын, жақсымызды асырмайтын елміз!
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 66-б., 2012. 100 томдық).
Қадірлі сөз қамал бұзар
"Сөз тапқанға қолқа жоқ" деген, "Қадірлі сөз қамал бұзар" деген қадірлі қариялардан қалған сөз" деседі.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 67-б., 2012. 100 томдық).
Тауындағы түлкіні бабындағы тазы алар, тозғындаған аққуды топтанған қарға алар
"Тауындағы түлкіні бабындағы тазы алар, тозғындаған аққуды топтанған қарға алар" деген, үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 68-б., 2012. 100 томдық).
Көрген жерде көке бар
"Көрген жерде көке бар" дегендей Қоңтәжінің ордасына таяп келгенде, өткелде тұрған бір жастау қыз Қазыбектің қайда бара жатқан жөнін сұрапты.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 87-б., 2012. 100 томдық).
Ер жігіт үйде туып, түзде өлер
- "Ер жігіт үйде туып, түзде өлер" деген емес пе, ата, мықтаса, бір оқтық шығармын, сынап неге көрмейсіз? - дейді қайсарланып.
("Билер туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 114-б., 2012. 100 томдық).
Қой асығы деме, қолайыңа жақсы сақа қой
Бұрынғының сөзі бар еді "қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа қой" деп еді. Кел, осыны хан көтерелік! – деп әу десіп, Атығай Есенаман байдың еркесіне алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып, хан көтерген екен.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 130-б., 2012. 100 томдық).
Аң алмайтын жаман құс – ат еңбегі, Абылайдан басқа төре – ет еңбегі
Қазақ жұртында мақал болып қалды: "Аң алмайтын жаман құс – ат еңбегі, Абылайдан басқа төре – ет еңбегі" деп.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 131-б., 2012. 100 томдық).
Ханның ақылы баланың шөметейімен бір бәс
- "Ханның ақылы баланың шөметейімен бір бәс" деген осы екен-ау!
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 152-б., 2012. 100 томдық).
Бұтаға қорғалған торғай да қалады
– "Бұтаға қорғалаған торғай да қалады" деген сөз бар еді.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 157-б., 2012. 100 томдық).
Қардың басын қар алады, ханның басын хан алады
"Қардың басын қар алады, ханның басын хан алады" деуші еді.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 158-б., 2012. 100 томдық).
Аталы сөзге арсыз таласады
- Бұған не айтамыз? "Аталы сөзге арсыз таласады" деген, - депті.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 159-б., 2012. 100 томдық).
Үйге кірген құр шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды
- "Үйге кірген құр шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды" деген. Енді мен шықпаймын,—деп сіресіп, жата берді.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 181-б., 2012. 100 томдық).
Ашулының алдында тұрма
"Ашулының алдында тұрма" деген, ал көшіңіз, қара қазанды асулы бойымен жұртқа қалдырыңыз. "Түс – түлкінің боғы", жақсыға жорыңыз, түс көрушіден емес, жорушыдан, - деген екен.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. 2012. 100 томдық).
Жасы кіші деме, ақылы жақса, ата қой
"Жасы кіші деме, ақылы жақса, ата қой" деген мәтел сонан бері тараған екен деседі қарттар.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. -239-б., 2012. 100 томдық).
Халық айныса, хан түзейді, май айныса, тұз түзейді
Бұрынғылар айтпап па еді: "Халық айныса, хан түзейді, май айныса, тұз түзейді" деп, халық қатығы ортасындағы ханы болады да, дүниедегі тамам тамақтың дәмін кіргізетұғын май қатығы тұз дағы, тақсыр! - деген.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. -243-б., 2012. 100 томдық).
Ханда қырық кісінің ақылы бар
"Ханда қырық кісінің ақылы бар" деуші еді.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. -272-б., 2012. 100 томдық).
Аталы жұрт – ару ел. Елге ел қосылмаса да, адамға адам қосылады
– Шырағым, "аталы жұрт – ару ел" деген, "елге ел қосылмаса да, адамға адам қосылады" деген.
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. -313-б., 2012. 100 томдық).
Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас
"Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас" делінген сөз осындайдан айтылған. Естіген сөзімнен сөз қалмасын, "естіген құлақтың жазығы жоқ" демеді ме?!
("Абылай хан туралы аңыздар". Бабалар сөзі. 86-том. -331-б., 2012. 100 томдық).
Алапесті үйге кіргізбе, құйрығын жерге тигізбе
"Алапесті үйге кіргізбе, құйрығын жерге тигізбе" дейді. Алапес, қазақ ұғымында, ем қонбайтын дерт. Ниеті бұзық, пиғылы тар адамдарды да алапес деп жек көреді.
("Қазақ ырымдары". Бабалар сөзі. 94-том. 274-б., 2013. 100 томдық).
Піскен астың күйігі жаман. Таңертеңгі ас – тәңірден
Әрі ойлап, бері ойлап: "Піскен астың күйігі жаман", "таңертеңгі ас – тәңірден" деген мақал-мәтелдер дұрыс айтылған-ау деп түйдім.
("Қожанасыр мен Жұқа әңгімелері". Бабалар сөзі. 99-том. 139-б., 2013. 100 томдық).
Көп сөз – күміс, үндемеу – алтын
Ал сендер, құдайға шүкір, ересек адамсыңдар, көп сөз – күміс, үндемеу – алтын екенін білулерің керек қой, - деген екен.
("Қожанасыр мен Жұқа әңгімелері". Бабалар сөзі. 99-том. 142-б., 2013. 100 томдық).
Көп сөйлеген көп қате жібереді
"Көп сөйлеген көп қате жібереді" деген сөз бар. Қожа, намаз оқыған кезде қате жібересің бе?- дейді.
("Қожанасыр мен Жұқа әңгімелері". Бабалар сөзі. 99-том. 192-б., 2013. 100 томдық).
Айласыз ер тез өледі
"Айласыз ер тез өледі"Деген сөзді қарашы."Айласыздан Аршылан Қолға түсті" деген сөз бар,Осыны байқап қарашы.
("Нәрік". Бабалар сөзі. 51-том. 57-б., 2008. 100 томдық).
Ат қазықтан кетпейді
Аттан түсе қалып жерді сипап қарады, қазықты тартып қолға алды, отыра алмай долданды. "Ат қазықтан кетпейді" деген сөз осыдан қалған екен ғой.
("Қыдырбайұлы Қобыланды". Бабалар сөзі. 51-том. 128-б., 2008. 100 томдық).
Теңі келсе, тегін бер
Төлеген ерді көрейін,Мен де жорға мінейін,"Теңі келсе, тегін бер",Жақтырса сені берейін.
("Қыз Жібек (Мұсабай жырау нұсқасы)". Бабалар сөзі. 53-том. 43-б., 2009. 100 томдық).
Әйелге сенбе – діні жоқ,Суға сенбе – түбі жоқ
"Әйелге сенбе – діні жоқ,Суға сенбе – түбі жоқ",Бекер сөзге мас болып,Далада жатып не етелік!
("Қыз Жібек (Мұсабай жырау нұсқасы)". Бабалар сөзі. 53-том. 70-б., 2009. 100 томдық).
Еккен орар, - деген сөз, - берген алар
"Еккен орар, - деген сөз, - берген алар", -Көрдің бе бәйге алғанды қарап тұрып?!
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Қолыма қағаз, қалам алайын да").
Ойын[да] [озған]шында озар
Дүние тап, еңбекқыл да өнерменен, Мақал бар: "Ойын[да] [озған]шында озар!"- деген.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Ағашсыз жапырақ").
Бір тойған - шала байлық
Не болар жеген тамақ арын сатып,Тұрған жоқ еріп іші, сені ұнатып!"Бір тойған - шала байлық," - деген қазақҚызығып тойғандыққа қалар жатып.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Жаман пейіл").
Ерден иман құтылмас
"Ерден иман құтылмас, "- деген сөз бар,Дүниені шашып-төгіп Мекке барған.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Ізбас қажы").
Аққа пәле жуымас
Жуымас аққа пәле деген сөз бар,Қалас боп құтыларсың бір күн ақыр...
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Мәшһүр Жүсіптің Мәдиге сәлемі").
Әулие өлік емес, тірік
"Әулие өлік емес, тірік," - деген,Қолдай гөр біздей кәріп бейшараны!Шам сөніп, болды дүние - қараңғы үйдей,Кеттің ғой бір сүртуге көзге тимей.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Исабек Ишан").
Бүгін көрген – таңда жоқ
Біз келдік аман-есен бес жыл жүріп,Өткізіп әр нәубетті қолдан беріп."Бүгін көрген – таңда жоқ," - деген заман,Жолықтық ағайынды жаңа көріп.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Тайшық Ноғайұлы").
Жігіт өлсе, асқар тау құлағанымен бірдей
Кәрі өлсе, жылағанның шықсын көзі,Өлмейтін - патша Құдай жалғыз өзі."Жігіт өлсе, асқар тау құлағанымен бірдей", - деп, бұрынғы айтқан бар-ды сөзі.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Тайшық Ноғайұлы").
Бір өлім туған жанға дайын
ІР ӨЛІМ ТУҒАН ЖАНҒА ДАЙЫН. Қайғы ойлап, жарамайды уайым жеген, "Бір өлім туған жанға дайын", - деген.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Тайшық Ноғайұлы").
Жігіт өлсе, қиямет қайым
ІГІТ ӨЛСЕ, ҚИЯМЕТ ҚАЙЫМ. Кәрі өлсе, айтып тойды жарастықты, "Жігіт өлсе, қиямет қайым!" – деген.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Тайшық Ноғайұлы").
Кірсіз-Ай, мінсіз-Құдай
ІРСІЗ-АЙ, МІНСІЗ-ҚҰДАЙ. Тіл қисайса, түзетер ақыл тез бар, Мағқұлатны сезуге көңіл көз бар. Сөзімнің міні болса, сөкпе, ағалар, "Кірсіз-Ай, мінсіз-Құдай", - деген сөз бар.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Қамаралдин хазірет").
Мың өліден бір тірі артық
"Мың өліден бір тірі артық, "- деген,Бұрыннан айтылған сөз, мақал бар ғой.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Жүсіпбек Аймауытұлына").
Ертен-тұяқ, қылыштан-қитяқ
Ойласам өткен күнді, болдым құса,Кебім көп бір басымда үлкен қыса (қисса)."Ерден-тұяқ, қылыштан-қияқ", - деген,Ұл тусаң, енді анадан, атаңа ұса (ұқса)!
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Қамаралдин хазірет").
Аз сөз – алтын, көп сөз-темір
Өзіңе берсін Алла ұзын өмір,Көнгіш бол қорғасындай, болма темір.Разымын өзіңе де, сөзіңе де,Мақал бар: "Аз сөз – алтын, көп сөз-темір".
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Жүсіпбек Аймауытұлына").
Жақсыға төр алдынан орын бар ғой, Жаманға қайда жүрсе, дүние тар ғой
Жақсыға төр алдынан орын бар ғой,Жаманға қайда жүрсе, дүние тар ғой."Мың өліден бір тірі артық" - деген,Бұрыннан айтылған сөз, мақал бар ғой.
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Жүсіпбек Аймауытұлына").
Өлі тілін – тірі алмас
Күні өтті ғапілдікпен пенде білмей,Не білейін мұңдық жайын, басқа келмей."Өлі тілін – тірі алмас," - деген сөз бар,Сақтанбас ғапіл пенде, көзі көрмей!
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы "Мұса Шорманұлының асы").
Халық өмірінің көрінісі, психологиясының бейнесі, тәрбие кодексі – аталар сөзінде айқын байқалады. Мақал-мәтелдер – халқымыздың ескі сөзі, есті сөзі, даналық шыңы. Оның тарихы қанша алыс болған сайын, халықтың кемеңгер ойшылдығы, ой зергерлігі, сөз көсемдігі соншалық әріден бастала бермек.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Ж.А. Абитжанова