23 жастағы Абайдың суреті

Oinet.kz 01-11-2020 1255

image.png

Белгілі қылқобызшы, жаңашыл ұстаз Әбдіманап Жұмабекұлы  бірде   Абайдың   өлеңдері, аудармалары және қара сөздеріне  құрастырылған  «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты кітабын көрсетіп,  «біз білетін ұлы Абайдың қанша суреті бар?» деп сұрақ қоймасы бар ма? Абайдың  өзіміз     көріп  жүргенін  суретін айтқанымда,  «ол рас, ал мына кітаптың сыртындағы жас  Абайдың   суреті, ал ішінде ол туралы жазылған» деп кітапты ұсынды.

Кітаптың  мұқабасының сыртындағы жас Абайдың суретті көріп,  сенер-сенбесімді білмедім. Ұлы кемеңгердің кітабын   профессор  Бекен Шерубаев құрастырып,  «Білім» баспасынан  екінші рет ішінара толықтырылып, 2013 жылы 2000 данамен  жарыққа шығарыпты. Мұнда  ақынның  өлеңдері, аудармалары және қара сөздерінен басқа,  Абайдың 1868 жылы 23 жасындағы суреті туралы материал  беріліпті.  Суретті кітапқа   қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры, ұлттық құндылыққа қашанда назарында  тыс қалдырмай жүретін «Білім» баспасының директоры  Жарылқасын Нұсқабайұлы кіргізген екен.

– Суреттің тарихына менде қызықтым, – дейді Әбдіманап Жұмабекұлы. – Данышпан Абайдың  туындыларына жарыққа шығар алдында Жарылқасын Нұсқабаевтың есіне  бұдан 34 жыл бұрын, яғни 1970 жылдың 2 қазаны күні «Қазақ әдебиеті» газетінде ұлы ақынның  туғанына 125 жыл толуына орай  ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның «Жас Абайдың фотобейнесі» атты көлемді мақаласы жариялағаны есіне түсіп,  соны кітапқа  кіргізуді ойлапты. Уақыттың біраз өткеніне қарамастан Жарылқасын ағамыз Әлекеннің қызы Дәнелге өтініш жасап,  сол бір құнды материалын сұратыпты. Әке мұрасын сарымайдай сақтап жүрген ғұлама ғалымның қызы  Жәкеңнің өтінішін орындаған. Газет Әлкей Хақанұлының  «Жас Абайдың фотобейнесі» атты көлемді материалын  басылым 1-бетінен бастап,  жалғасын    бір бетке  суретімен түгел берген.  Сол құнды дүние кітапқа еш өзгерсізсіз енгізілген.   Ғалым   тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты белгілі адамдардың бейнелері архив қазынасында барын айта келіп, олардың бір альбом болатын жеткізген. Солардың ішінде Абайдың, Дәулеткерейдің, Ақан серінің, Жаяу Мұсаның және Шөже ақынның суреттерін кездестіргенін айтады. Осылардың ішінде автор жас Абайдың фотобейнесін көрсетуді мақсат еткен.

Жас Абайдың  архивте сақталуын  ғұлама ғалым  сол уақыттағы  жағдаймен байланыстарады.  Яғни жас Абайдың фотоға  бірінші рет түсуі 1868 жылы Ресей патшасы Александр ІІ-нің ұлы князь Владимирдің Күнбатыс Сібірді аралауға шығып, Омбыға  келуіне байланысты  болған.  Оның  қыр қазақтарының ортасына келуі – сол кездегі  үлкен саяси мәселе – «Жаңа заңды» жүзеге асыруға, қазақ бұқарасын алым-салық беруге міндетті  етіп, империяға бағынуды мойындау еді» деп жазады автор. Патша ұлының сапары жөнінде табылған материалдар мен суреттер Петербор  мұрағатында сақталып, олардың  қандай папкаға тігілгені туралы  Әлкей Марғұлан көрсетіп те жазған.

Мақалада  патша ұлының қазақ еліне келуіне бұл жақта ерекше дайындалып, оның қауіпсіздігі қатты ескерілгені айтылады. Бұл туралы ғалым тың деректер де келтіреді. Тіпті Александр ІІ ұлының қауіпсіздігіне арнайы жарлық шығарған. «Ат айдаушылар бір ғана сенімді адамдар болсын. Оларды сенімді ету үшін бірнеше күн  Омбыда жинап, үйрету керек. Пәуескеге сенімді, мықты, жуас аттар жегілсін. Осындай аттар және ат айдаушыдар күні бұрын  орын-орындарында дайын тұрсын» деген жарлық болыпты.  Мұндай жауапты жұмысты атқару генерал-губернаторға да оңай соқпаған. Патшаға қараған ел ішіндегі сенімді адамдарды іздеп, шаруаны ойдағыдай атқара алатындарын таба білген. Солардың бірі, Кенесары көтерілісі кезінде жасырын  тыңшылықпен сенімді болған Тұрлыбек Көшенов шақырылып,  тапсырма берілген екен. Ол бұл жұмысты ойдағыдай атқаруға ант беріп, князьді Ертіс бойындағы қазақ ауылдарын аралатып,  баратын жерлеріне аман-есен қайтаруына кепілдік берген. Тұрлыбек князьдің жүретін жерлеріне  жақсы ат, сенімді ат айдаушылар қоюды өзінің мойына алады. Князь бен оның нөкерлеріне  сәйгүлік аттар керек болған. Оны да Тұрлыбек жақсы орындап,  тапсырма берушілердің сенімінен шығыпты.

Князь Самара қаласынан шығып, Орынборға, бұдан кейін Троицк, Қызылжарды басып  өтіп, Омбыға  тоқтайды.  Мұнда бір жұма болып, қазақ халқының ойын-сауығын тамашалап,   басшыларымен  кездеседі.  Сапардың  жалғасы Павлодар, Семейде өтеді. Семейде біраз күн аялдаған қонақ Өскемен, Бұқтырма, Зырян және Көкпектіде  де болады. Атаулы оқиғаға елдегі аға сұлтандар да қатысып, шараның ойдағыдай өтуіне үлес қосқаны Әлкей Хақанұлы мақаласынан анық аңғарылады. Патша ұлының бұл сапары сәтті болуы үшін онымен бірге  сол кездегі белгілі адамдар да  ілесіп жүрген.  Бұрынғы  Орынбор   қазақтарын билеген граф Перовский, контр-адмирал Бок, генерал Литвинов, академик Мейндорф,  дәрігер Энкоф, хатшы Сытин және басқа күтушілер мен аспаздар, аңшылар да болыпты.   Князьді Омбы төңірегіндегі сапарында қарсы алуға  Шыңғыс Уәлиханов бала-шағасымен барып,  құттықтау сөз сөйлепті.  Бұл кездесу  де жоғары деңгейде өтіп, үлкен тойға жалғасқан. Салтанатты тойда сәйгүліктер жарысы, әдемі үйлер тігіліп,  қазақтың ақындары, әнші-күйшілері, балуандар мен халық арасынан шыққан шеберлер қатысқан, көрмелер де ұйымдастырылған. Тіптен князьға  зерігерлік, кілем тоқу, өрмек тоқу, сырмақ, түскиіз өнерін көрсетуде жоспарланыпты. Академик Әлкей Марғұлан осы бір сапар туралы  әрбір аға сұлтандардың қалай дайындалып жатқандығы  туралы   генерал-губернаторға хабарлаған хаттарыннан да үзінді келтірген. Олар өздерінің қарамағындағы болыстардың    дайындықтарын да жазған. Сондай-ақ, жоғары жақтан да түрлі тапсырмалар да беріліпті. «Сіздің өлкеде жүретін аңдармен таныстырсаңыз, бүркіт, қаршыға, тұйғын, сұңғар сияқты саят құстарын көрсетсеңіз. Аңды, әрине, терісімен ғана көрсетуге  болмайды. Оларды аңшы,  саятшыларға тапсырып қойыңыз» деп,    Ақмола дуанының  аға сұлтаны Ибрагим Жайықбаевқа хат жазған.

Тойды өткізуге қырдың бес дуан елінің адамдары жылқысын, қойын айдап тегіс барған. Ақмола дуанының қазақтарын бастап барушы-Ирагим Жайықбаев, Атбасар қазақтарын  бастаушылар- Жантөре Жанаев, Аққошқар Кішкентаев, Жанайдар Орынбаев,  Бименде Ерденов,  Бекен Сайдалин, т.б. Қарқаралы дуанынан Шалғымбай Біралин, Жүсіп Алшынбаев, Көпбай Есетов, Мұсатай Тәттімбетов, Ақай Баймұрын, Боде Есбаев, т.б. Көкшетаудан Мұса, Әлібек Зілқариндер, Саполат Жанқарин, балаларымен Шыңғыс Уәлиханов барады.

Князьбен кездесу тойына үш мыңнан аса қазақтар келген, тойға арналып үш мыңдай жылқы,  сегіз  мыңдай қой айдалып келіп, сойыс жасалған.Той 10-14 маусым күндері өткен. Маусымның 13- күні князь аға сұлтандар мен билерді, ел билеуші қазақтарды өзіне шақырып,  кездесу өткізіп,  оларға  алтын, бриллиантпен  безеген сағаттар, сақина-жүзіктер сыйлапты.

Князьдің осы кездесуінде  әр облыстан келген өкілдерді, өз жерлерінің  адамдарымен фотоға да түсіріпті. Осы сурет жайлы ғұлама ғалым  «содан біздің заманымызға келіп жеткені төртеу» деп жазады.  Олар-  «Қазақтың болыс-билері», «Семей облысынан қарайтын қазақтардың өкілдері»,  «Ақмола қазақтарының өкілдері», «Көкшетау аймағының сұлтандары, билері» десе, «Фотограф Кесслер жүзге тарта фотосурет түсірген» дейді ғалым. Бұл суреттердің барлығы тамаша дей келе, Әлкей Хақанұлы  оның ішіндегі жас Абайдың суретіне  ерекше тоқталады.  Абай Кесслердің «Депутация Киргиз Семипалатинской области»  деген фотосында суреттелген. Бұл туралы  мақалада: «Мұнда барлығы    14 кісі түскен. Оның ішінде  Мұса, Шалғынбай,  ол екеуінің ортасында военный губернатор Окольничий, Мұсаның  оң жағында  жас Абай, Шалғынбайдың  сол жағында отырғандар сол кездегі Қарқаралы дуанының қазылары Көпбай Есетов пен  Малыбай Байғұтты  болуы керек. Бұлардың бәрі  сыйлы түрде, орындықта отыр. Олардың арқасында тұрғандардың ішінде (солдан  оңға қарай) Құсайын Ботаев, түрі Тұрашқа ұқсаған Құнанбайдың бір баласы Құдайберді болуға тиіс. Абай мен Құдайберді, Мұса үшеуі сол кездегі сыпайы қоңыр киіммен түссе, өзгелері жарқырап, оқамен жиектелген  кең  шапандармен түскен. Кейбіреулері (Көпбай Есетов) қылыш асынып түскен. Алдында сыпайы түрде отырған екі жігіттің біреуі  Мұсатай Тәттімбетов болса, енді біреуі Жүсіп Алшынбаев болуы керек. Өйткені Абайдан  кейін бұл топта ол  екеуінен жастауы болуға мүмкін емес» деп жазады. Бұл кезде  Абай 23 жаста болыпты.  Ғұлама ғалым Кесслердің фотосындағы    Абай -ойға батқан жас кемеңгер, ақылымен,  рухани күшімен   көпшілікті өзіне қаратқан  жігіт- ағасы. «Оның байсалды, маңғаз түрінен білімнің, ойдың, сезімнің, сұлулықтың аңқыған  күшті  лебі көрінеді» дей келе, бет-пейнесінің ерекшеліктеріне тоқталып,  әсіресе,  оның  келісті-бас  бейнесі» дейді. «Сонымен бірге, жас Абай мен қарт Абайды сипаттайтын ұқсастықтары- жазық маңдайы,  қас пен қабағы, көзі, мұрны десе, екі фотоның  екеуі де Абайға тән нәрсе-оның қас пен қабағының арасының кең болуы, көзінің тұнық ашық келуі, жақ пен танау арасындағы езудегі көлеңкелердің ашық суреттелуі» деп жазады автор.  «Абайдың балалары – Тұрағұлдың, Әбдірахманның, Мағауияның қас-қабақтары да өте ашық, кең, жас Абайдан аумайды»  деп бағасын береді. Материалда,  сонымен қатар Абайдың киіміне де мән беріліп, автор Кесслердің суретінде жас Абай толық  денесімен отырып түскендігін жаза келіп,  киген киімі – басында кестелі  тақия, аяғында  кебіс-мәсі, сым шалбары туралы да тоқталған.

Патша ұлының қыр қазақтарына аралау сапары туралы түсірілген суреттер араға 20 жылы өткен соң, яғни 1891 жылы Николай ІІ-нің Омбыға саяхаты  кезінде, Ертіс бойында  ұлан-асыр той өтіп, үлкен көрмеде көрсетіліпті.

«Патшазада Омбыға келер қарсаңында  мұнда байтақ көрме  ұйымдастырылған. Онда көрсетілгені көбінесе ескі суреттер мен фотолар. Оның ішінде  көзге түсетін үлкен үлкен форматты картонмен жасалған 50 фото, оны келістіре  түсіруші Кесслер. Бұл 50 фотоны альбом  түріне айналдырып, сыртында күміс жазуы бар футлярға сақтап қойған»  деп жазыпты Әлкей Хақанұлы.  Бұл суреттерді  Николай Петерборға  қайтқанда   өзімен бірге алып кетіп,    қорға  тапсырған екен. Ал Ухтомский суретердің бірталайын «Николай ІІ-нің  күншығысқа  саяхаты» атты кітабына пайдаланып, Кесслердің өзі қойған аттарын өзгерткенін жазады ғұлама ғалым. Мысалы, Кесслердің «Қазақтың болыс-билері» деген фотосын Ухтомский «Воссоединившийся с Москвской русью Туран»  деп беріпті. Бұдан кейін Кесслердің  фотоларын басқа да баспалар,  белгілі  географ Элизе Реклю және басқа шетелдік  баспаларда жарыққа шығарып, пайдаланған.

Ғұлама ғалымның мақаласында жас Абайдың суреті терең суреттеліп, оның  білімге құштарлығы, орыс әдебиетіне жақындығы да сөз болған.

«Мақсатым- тіл ұстартап, өнер шашпақ» жинақтағы тағы бір  тың дүние   Абайдың күйшілік өнері туралы да  дерек келтірілген. Ол белгілі күйші Уәли Бекеновтың  Абайдың екі күйін өзінің «Күй керуен» деген кітабына кіргізген жайлы айтылса, жас өнерпаз  Шыңғыс Жарылқасынның 2011-2012 оқу жылында ақынның туған жерінде өткен дәстүрлі Абай оқуларында ақынның «Торы жорға» күйін орындап, бірінші орын алғандығы жөнінде дерек айтылады.

Міне,  біз ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жас Абайдың фотобейнесі туралы оқырманға мәлімет беріп отырмыз. Суретті көргендер «бұл Абай емес» деп те айтуы ықтимал. Бірақ ғалымның іздемпаздық, зерттеушілік еңбегі ұланғайыр екені даусыз. Материал белгілі тарихи оқиғаға сүйеніп, нақты деректермен жазылумен құнды. Абайдың аса қабілетті екенін әкесі Құнанбай да бағалап, жастайынан билікке тәрбиелеген. Абай   болыс болып, көп даулы мәселеле шешуге қатысқан. Ұлы Абайдың  ұлғайған шағындағы суретіне басқа суреті бар бар болғанымен,  жас кезіндегі суретті елге танытудың еш әбестігі жоқ. Себебі, бәрі шындыққа жанасып тұр.

Жексен Алпартегі  

Байтұрсын әулеті көрген жүз жылдық қуғын
Өзбекәлі Жәнібеков және тарихи мұралар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу