Байтұрсын әулеті көрген жүз жылдық қуғын

Oinet.kz 01-11-2020 688

image.png

1885 жыл. Қарғалы. Бұл Тосын болысының тоғайлы, сулы, көрікті жерінің бірі еді. Тосын болысы өзеннің жағасы мен жиде тоғайының арасына ылғи аппақ ақ щаңқан киіз үйлер тіккен. Болыс сайлауы өтіп, ояз бастығы қатысқан үлкен жиын болып, оған қарасты Торғай бекетінің, Ақкөл, Аққұм, Шөптікөл ауылдарының өкілдері қатысқан. Сайлау қорытындысына наразылық білдіріп, іштен тынып тұрған негізінен Ақкөл, Аққұмнан келгендер еді. Бұ жақтағы белсенді, белді, ел арасында беделділері – үмбетейліктер, оның ішінде Шошақ балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың жүріс-тұрыстары, сөздері де ірі еді.

Жиналған жұрт сайлаудың қорытындысына көңілдері толмай, іштей тынғанмен, Ақтастай ірі қимылды ағасына сүйенді ме, Байтұрсын ортадағы он екі қанатты ақ үйден маң-маң басып шығып, сұлу күрең атқа мініп, уез орталығына қайтуға бет алған уез бастығы полковник Яковлевке сөз айтуға бекініп, күрең аттың жолын тоса берген. Уез бастығының екі жағында қайқы қылыш тағынған казактар Байтұрсынға қарай ұмтыла берген. Соған қарамастан Байтұрсын уез бастығына:

«Біз сайлау қорытындысына наразымыз!» деп айтып салды.  Яковлев қасындағыларға «Қалаға апарып, қамаңдар, мынаны!» бұйрық берген. Казактар Байтұрсынға ұмтыла бергені сол еді, үлгермеді, ол қолындағы шыбыртқымен Яковлевті тартып жібергенде, шыбыртқының ұшы мойнына оралып, уез бастығы атынан жерге мұрттай ұшып түсті. 1868 жылы орыс патшасының Указымен Қазақ жерін аймақтарға, облыстарға бөліп басқару  жүйесі енгізілген болатын. Онда Батыс Сібір аймағы, Торғай, Сырдария, Түркістан, Жетісу облыстарына бөліп еді. Ол жүйе бойынша Торғай облысының орталығы Орынборда, Торғай уезінің орталығы Торғайда болған.

Ал, енді Қазақ жерінде отарлық аймақтық басқару жүйесі жүзеге асқан он жеті жыл ішінде «Орыстың уезд басқарып отырған полковник бастығын ұрған екен» дегендей ерек оқиға Торғайдан басқа еш жерде болып көрген емес. Содан ба, уез бастығы Яковлевті ұрғаны үшін Ақтастың, Байтұрсынның, Сабалақтың қолдарына кісен салынып, сол күні түрмеге айдалды.  Яковлевтің қатаң талабымен Шошақ балаларының барлық мүлкі, малы түгелдей кәмпескеленіп, малдары Торғайға айдалды. Шошақтың басқа балалалары, Ерғазы  атақты оқиға кезінде Қарғалыда болмағандықтан, олар тұтқындалудан аман қалды.

Бірақ, сотқа дейін, тергеушілердің Ақтас пен Байтұрсынға көрсетпеген қорлығы жоқ, сабады, ұрды, тепті. Тұтқындағы үш азаматта барлығына шыдады. Көп ұзамай уез соты болып, Ақтас, Байтұрсын, Сабалақты он бес жыл Сібір каторгасына айдау туралы шешім шығарды.

«Тұтқындарды Сібірге айдайды» деген күні Ақкөл, Аққұмнан келген ағайындар, уез орталығындағы «бұрын болмаған «қызықты» көру үшін қызыл түрменің шыға берісіне жиналған. Сәске ауа түрме есігі қылышты казактар жиналды да түрме есігі ашылып, одан кісендеулі үш тұтқын шықты. Сақал мұрттары өсіп кеткен.  Әуелі Ақтастың бәйбішесі Үбіжан күңіреніп, күйеуімен көрісті. Одан кейін жолын күтіп тұрған Ахметтің анасы Күңше Байтұрсынды еңіреп, жыр айтып көрісті. Басқа ағайындарда шулап, жылап жатыр. Казактардың старшинасы жиналған жұртқа айғайлап, қамшы сілтеп, айбар көрсетті. Олар тұтқындарды жедел түйе жегілген арбаға отырғызды. Екінші арбада тұтқындарды бақылайтын солдаттар отырған. Ақтастың бәйбішесі Үбіжан уез әкімшілігінен каторгаға күйеуі Ақтаспен бірге баруға ұлықсат қағаз алған. Үбіжан арбаға тұтқындармен бірге отырды. Жылап қоштасу өте ауыр болды. Бүкіл Торғай тітіркеніп кеткендей болды. Қылышты казактар қоршаған тұтқындар отырған екі арба Қостанай  жолына түсті, қайғылы адамдардан тез алыстағысы келгендей, түйелер даңғыл жолға түсіп жортып барады...

Осы қорлықтың бәрін көзімен көрген бала Ахмет

«Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам...» деп жазуы содан еді...

Сібірге айдалған Шошақ баласының үлкені Ақтастың Ерғазыға айтқан сөзі бойынша, оның үлкені Спандияр Торғайдағы мектепке оқуы тиіс еді. Бірақ, Спандияр мектепте оқығысы келмей, Ерғазы төрт жылдық орыс-қазақ училищесіне Ахметті апарды. Ахмет жетімдер мен сырттан келген балаларға арналған пансионда жатып  оқыды. Бала Ахметтің бұрын ауыл молдасынан оқып, анасы Күңшеден орыс кирилицасындағы әліппесін танығаны бар еді. Содан Ахмет екінші курста жүргенде орыс тілін еркін меңгеріп алған. Жаздағы каникулда ауылына бармады, пансионда жатып, кітапханадан шықпады. Төрт жыл бойы, орыс, шетел әдебиетін, географиясын тереңдеп оқуға құштарлығы артты. Кітапханадан бос кездері кезде пансионның сыртына шығып, оған жақын орналасқан казармадағы казак солдаттарының іс әрекеттерне қарап отырады. Балада болса, Ахметтің сондай кездері орыс империясының Торғай жерін иелене бастаған тарихын ойлайды. Уез әкімшілігі Торғайға келіп, үстемдіктерін еркін жүргізе бастағанына да көп уақыт болмаған екен, көз жіберсе, тамырларын енді ғана тереңдеп енгізе бастаған сыңайлы, білген адамға. Бала Ахмет қолынан келер қайран жоғына күрсінді. Жазғы каникулда уез орталығында өткен үлкен астарда елге белгілі ақын-жырауларды, термешілерді қызыға тыңдаған кездері болды. Содан кейін пансионға келіп, бұрын жазылған дәптердің сыртына, бос жерлеріне алғашқы өлеңдері әдемі өрнектей тізілетін. Әдемі демекші, училищедегі алғашқы күннен, анық, мәшинкеге түскендей біркелкі жазу тәртібіне үйренген. Оны Ахаңның кейінгі ғұмырындағы  қолжазбаларынан байқауға болады.

Ахмет Байтұрсынов  1891 жылы төрт кластық Торғай орыс-қазақ училищесін жақсы аяқтап, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын  төрт жылдық училищеге түскен болатын.  Оны  1895 жылы ойдағыдай аяқтап,  Әулиекөлде бірер жыл ұстаздық жолында болды, тәжірибе жинақтады.

Ақтөбе, Әулиекөл мектептерінде ұстаздық қызмет еткен жылдары  жеткіншектерге білім беруде жаңа  әдістемелік жүйе қолданудың жолдарын іздестірді.

Қазақ кирилицадан басқа, әліппе жасауды ойластыра бастаған кезі. Сол үшін кітапханалардан әлем тәжірибесін зерделеп, латын, қолданыста жүрген арап әліпбиін терең зерттеп, олардың қазақ сөзіне, дыбысына ыңғайлы жақтарын қарастырды.  Ұстаздықта болған тоғыз жыл ішінде Ахмет Байтұрсынов әлемдік тарих, әдебиет, филология ғылымдарының біраз сырларына қанықты. Ахаң ұстаз болып жүрсе де, қоғамның саяси астарына үңіле бастады. Ресей отаршыларының қазақ жеріндегі билігін нығайта түсіп, қара қазақтың жеріне тереңдеп ене бастағанын, халықтың қабырғасы езгіден қайысып жүргенін  жүрегімен сезінді, көрді.

Сондай ақ, сауатсыз елдің отаршыларға қарсы қайраны да болмайтынын білді. Сондықтан, әдебиетпен жұрттың намысын қайрап, сауаттарын ашу қажеттігін мұрат етті.

«Ахмет Байтұрсынов Әулиекөлде қызмет етіп жүргенде Бәдрисафамен «1896-1897 жылдары некелескені анық» деп дәлелсіз, құжатсыз деректерді тықпалап жүргендерде бар.

Біріншіден, А.Байтұрсынов пен Бәдрисафа Мұхамедсадыққызымен Әулиекөлде некелескені туралы еш нақты дерек, құжат жоқ.

Екіншіден, әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтастың Сібір каторгасында айдауда болуына байланысты А.Байтұрсыновтың ол «жылдары» үйлену «ойынада келмеді» десек, қисыны келер. Ахаңның ағалары мен әкесі Сібірге айдалып кеткенде Ахаңның туған ауылында анасы Күңше мен бауырлары Қали, Мәшен, қарындасы Жиляш қалған. Уез бастығы малдарын кәмпескелеп кеткесін ағайындар оншақты қой, бір сиыр, бір ат жинап беріскен. Уез әкімшілігінің қуғынынан кейін Шошақ балалары жүдеп қалған. Ахмет Байтұрсынов Әуликөлде мұғалімдікте жүргенде сағынса да, елге бара алмады. Әуликөлде мектептердегі қызметінде  кейде Ахаңа еңбекақы да төленбей қалатын. Бірақ, Ахаң елден көмек сұрамады, өзінің маңдай терімен тапқан жалақысына күн көрді. А.Байтұрсыновтың Әуликөлде жүргенде үйленбеуіне де, елге бара алмауына да осындай себептер болды.

А.Байтұрсыновтың әкесі мен ағасы Ақтас Сібірдегі айдаудан  1902 жылы, он жеті жылдан кейін оралды. Ата жұртта Шошақ әулеті қайтадан абырой беделге ие бола бастады, тіршіліктері жөнделе бастады. А.Байтұрсыновтың содан кейін еңсесі түзелді, рухани тәрбиелік бағыттағы мақсаттарына еркін бас қойды.

Ахаңның әкесі айдаудан оралғаннан кейін, жеті жылдан соң, яғни, 1909 жылы алпыс алты жасында өмірден озған. Ал, анасы Күңші 1919 жылы өмірден өткен екен. Күңші қасиетті де, әулие адам болды десек те болады. Байтұрсын шаңырағында қос өркешті бір аналық түйе болған екен, сол түйе кешке жайылымнан келе жатып, ылғи Күңшінің бейітіне соғып, тізерлеп алып, боздап отырады екен. Соны көрген жұрт еріксіз көздеріне жас алады екен. Ахаңның әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтас 1920 жылы қайтыс болыпты.

А.Байтұрсынов  И.Крыловтың мысалдарын ХХ-ғасырдың бас кезінде аударуды бастаған. «Аудару» деген тура айтқандағы мағынасы ғой, Ахаң  1909-жылы басылып шыққан «Қырық мысалды» қазақ өміріне бейімдеп, еркін аударма жасады.

Осы жылы Міржақып Дулатовтың да «Оян , қазақ» атты жыр кітабы басылып шыққан. «Оян, қазақ!» пен «Қырық мысалдың» сол кездегі қазаққа әсері мол болды.

1904 жылы А.Байтұрсынов Омбыдағы Торғай облысы оқу істері жөніндегі инспекторы Алекторовты іздеп барған. Оған мектептерде қазақ балаларын христиан дініне кіргізуді доғаруды, мұсылманша оқытатын қазақ кластарын ашу мәселелерін айтқан болатын. Бірақ, миссионерлік қызмет атқарып жүрген Алекторов А.Байтұрсыновтың көтерген мәселелеріне көңіл бөлмеді. Ресей отаршыларының қазақ жерінде мектеп ашқандағы мақсаттары, оларды христиан дініне көптеп тарту екенін А.Байтұрсынов содан түсінген.

Сол күннен бастап А.Байтұрсынов ағарту ісінде жаңа бағыт әкелу үшін ғылыми бағытта зерттеу жұмысына белсене кірісті.

Омбыда жүргенде Ахаңды Міржақып Дулатов іздеп келген. Жалындап тұрған ақын жігітке А.Байтұрсынов қатты ырза болып, екеуі достасып кетті, ел үшін бір мақсатта қызмет етуге белсене кірісіп кетті.

Содан екеуі мұғалімдікті Семей облысында жалғасытырды.

Сөйтіп жүргенде, Ресейде  1905 жылы революция болып, одан іле демократиялық кейбір кеңдіктерге жол ашқан патшаның декларациясы шыққан. 1905 жылғы  Ресейдегі революциялық көтеріліс қазақтың оқығандарының арасында бір үміт отын жалғады.

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов Семейден қазақтың қамын, келешегін ойлайтын оқыған озық ойлы азаматтармен танысты. Соның бірі заң саласында қызмет істейтін заңгер Жақып Ақбаев еді. Әлихан Бөкейханов Омбыда жүрсе де, Ахаңмен, Міржақыппен хабарласып тұратын. Патшаға қазақ мәселесін көтеріп, аймақтық билікке петиция жазу идеясын көтерген со кісі. Он екі мыңдай адам қол қойған  әйгілі Петиция жазылып, Омбыдағы Ә.Бөкейхановқа жеткізілген. Ол патшаның, Ішкі істер министрлігіне, және аймақтық губернатор атына жазылған еді. Семей уезінің жандармериясының бастығы Осовскийдің губернаторға жеткізген деректері бойынша Ә.Бөкейханов ол Петицияны пошта арқылы  Петерборға жіберген. Содан кейін, Семей уезінің тыңшылары петиция жазғандарды іздеп, «күдікті» деп, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж.Ақбаевтің және басқа бірнеше адамның артынан аңдыған. Соның нәтижесінде алғаш 1907 жылы А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев  және тағы бірер адамды аз уақытқа қамауға алған. Тыңшылардың Дала губернаторына жеткізуі бойынша «Қарқаралы» петициясының тексін жазған Ж.Ақбаев» делінген. Содан сол жылы сот болып, заңгер Жақып Ақбаев Жетісуға жер аударылған.

Ахаңа тергеушілердің күштеуімен «петиция жазуға қатысы бар» деп жала жапқандарымен алғаш түрмеге түскен ғой сол жолы.

«...Қинамайды-ау, абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,

Осылардың маған ауыр бәрінен,

Өз ауылыңның иттері үріп, қапқаны» деп мұңаятыны сол себептен еді.

Бір белгілі жазушы  «А.Байтұрсыновтың Бәдрисафа Мұхамедсадық қызына үйленген» деп жазуы осы оқиғадан кейін, яғни, 1908- жылы. А.Байтұрсыновтың қолында өскен Самұрат Кәкішев өзінің атасы туралы кітапшасында «Ахаң: «Бәдрисафа апаң мен түрмеде жатқанда тамақ тасып, кірімді жуып берді. Оған үйленбесем, менің азаматтығыма сын болар еді» дегенін  жазған.

Семей уезінің жандармериясы тұрақты аңдауда болған А.Байтұрсыновты 1909 жылы  1 шілдеде «сепаратистік үгіт насихат жүргізді»деп тағы түрмеге қамаған. Жұбайы Бәдрисафа  Дала губернаторынан көмек көре алмағасын, Ресей Думасының депутаттарына А.Байтұрсыновтың хал жағдайын айтып арыз жазған.  Ресей Думасының депутаты Бәдрисафа Мұхамедсалық қызының арызына назар аударып, Ішкі істер министріне осы істі «қысқарту» туралы ұсыныс жасайды.  1910 жылы Семей уездік соты А.Байтұрсыновтың ісін қарап, оны он алты жылға жер аудару туралы үкім шығарған.

«Қош сау бол, Қарқаралы жуылмаған,

Айдай бер, қалса адамың қуылмаған...» деген жыр жолдары да жаны қиналған адамның сөзі ғой.

Ахмет Байтұрсынов айдауда болатын жері ретінде Орынбор қаласын таңдады. Ахаң 1917 жылғы төңкеріске дейін осы Орынборда тұрды.

«Қарқаралы» ісін тергеушілер тергеуді бес жылға созған. Соңында 1910 жылы «осы іске қатысы бар» деп тауып, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовты түрмеге жапқан. Олар бір жылдай түрмеде отырып шыққан. М.Дулатов одан шыққан соң, жандармериядан тасада болу үшін Түркістанға кетті. Достар тапты сол жерден.  1913 жылы М.Дулатов Орынборға кетерде сол достары біраз ақша жинап берген.

Сол ақшамен Міржақып Дулатов бірден А.Байтұрсыновқа келеді. Өйткені, екеуінің де арманы қазақша газет шығару еді. Міржақыптың қаржысына Қазан медресесінде оқып жүрген оқушылар да ақша қосады. Сөйтіп, Ахаң мен Міржақып шағын типография сатып алады. Ахаң Қазан қаласында өзі араб әліпбиі негізінде жасаған әліпбиіндегі  жиырма сегіз әріптің ұясын Қазанда темірден құйдырады. Газет шығатын қағаз сатып алады, типография тұратын үй жалдайды. Сөйтіп, біраз ұйымдастыру жұмыстарынан кейін, 1913-жылы 1-ші ақпан күні Орынбор қаласында «Қазақ» газетінің бірінші саны жарыққа шығады! Бұл қазақ елінің келешегі үшін жасаған өте маңызды қадам болды. Газетте сол кездері қазақ басында шешілмей жүрген басты мәселелердің бәрі жазылды. Жерді қазаққа бөлу мәселелері, жерді земствоға қарату мәселесі, қазақ кластарын ашу мен әліпбимен оқыту мәселесі, соттарда приясжныйлардың болуы, қазақтарды жер аударуды тоқтату мәселесі, орыс қарашекпенділерін қазақ жерінің шұрайлы жерлеріне қоныстандыруды тоқтату мәселесі деген сияқты өзекті мәселелерді көтеріп отырумен бірге, «қазақ қалай ел болады» деген тәрізді келешек қазақ  мемлекеттігіне қатысты ойларға түрткі болған.

Жергілікті үкімет «Қазақ» газетінде жазылған осындай мәселелерді «сепаратистік» деп 1914 жылы газеттің бас редакторы А.Байтұрсыновты тұтқындаған. Шамалыдан кейін елдің жинаған көмегімен А.Байтұрсынов  3000 сом (ол кезде бұл өте көп ақша) төлеп түрмеден босаған.  Бұл орыс патшалығы (дұрысы отаршылығы) тұсындағы Ахмет Байтұрсыновтың соңғы рет түрмеде отыруы еді.

Өз ғұмырындағы ең үлкен зорлық, ең үлкен қорлық біраз жылдан кейін Кеңес үкіметі тұсында болатынын Ахаң ол кезде сезбеді.

1913 жылдан  1929 жылға дейінгі аралықта А.Байтұрсынов елі үшін, қазақтың келешектегі мемлекеттігі үшін атқарған қызметтері ұлан ғайыр. Қазақ әліпбиін, бірнеше оқу құралдарын, методикалық оқулықтар мен қазақ терминологиясын қалыптастырды. «Қазақ» газетіндегі мақалалардың көбін осы Ахаң мен Жахаң (М.Дулатов) жазған. Газетке келген мақалаларды түзетіп, өңдеп қайта жазып шығудың өзі қанша жұмыс.  А.Байтұрсынов не істесе де, ұлтының келешегі үшін істеді.  1923 жылы Ахаңның мерей тойында Үкімет мүшесі Сәкен Сейуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда А.Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген себебі сол.

А.Байтұрсынов  1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі болғаннан кейін, Қазақ сиезін шақырып, Алаш партиясын құру туралы идея көтергендердің бірі.  1917 жылы сәуірде Орынборда Жалпы Қазақ сиезі болып, онда Алаш партиясы мен Алаш орда құрылды. Алаш партиясының бағдарламасын жазғандардың бірі – А.Байтұрсынов. Бұл партия бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. «Алаш» партиясы Уақытша үкімметтен Қазақ автономиясын алудан үміттенген болатын. Бірақ, күзде Ресейде Қазан төңкерісі болып, үкімет бәлшебектердің қолына өткен.  А.Байтұрсынов қазақ автономиясын осы Кеңес үкіметінен алуға бел буады.  1919 жылы наурызда Ә.Жангелдин бастаған он бір адаммен бірге А.Байтұрсынов Мәскеуге барып, Ленинмен, және Ұлт істері жөніндегі комиссар Сталинмен Қазақ автономиясын құру туралы келіссөзді тура төрт ай бойы, яғни шілде айына дейін жүргізеді. Ақыры, Ленин мен Сталин А.Байтұрсыновтың төрт ай ішінде жарыссөздерде айтқан мәселелерімен келісіп, Қырғыз автономиясын құру туралы шешім шығарады. Сол Қазақ автономиясын құру комиссиясының мүшесі болып тағайындалған А.Байтұрсынов Қазақ автономиясының шекарасын,  республикалық статусының жобаларын жазумен айналысады.  Соның негізінде 1920- жылы А.Байтұрсынов көрсеткен территориялар негізінде Қазақ (Қырғыз) автономиясының құрылғаны туралы Жарлыққа Ленин қол қояды.

А.Байтұсынов сонымен бірге осы уақытта Алаш қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Кеңес билігіне өтініш жазып, ол қабыл болып, Алаш қайраткерлері қысқа уақытқа болса да Кеңес үкіметінің түрлі салаларында қызмет істеуге мүмкіндік алды.

КЕҢЕС ТҰСЫНДАҒЫ ҚУҒЫН мен ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН

Кеңес өкіметі тұсындағы қуғын патшалық империя кезіндегі қуғыннан асып түсіп, қанды қырғынға жалғасты. Голощекин Қазақстандағы үкімет басына келгеннен кейін нағыз аласапыран басталды. Байлар деп аталғандардың мал мүлкі тәркіленіп, өздері отбасымен жер аударылды. Сосын Алаш қайраткерлерін түрмеге жаба бастады.  М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов  1929 жылы тұтқындалып, түрмеге жабылды. Ахмет Байтұрсынов Бутырка түрмесінде үш жыл отырып, содан соң Архангелге ұзақ жылға каторгаға айдалды.

А.Байтұрсынов тұтқындалғанда, оның туыстарында қуғындау басталған еді. Ахаңның інісі Мәшен қажыны да НКВД тұтқындап, одан соң тіпті хабарсыз жоғалып кеткен. Содан көп ұзамай, Ахаңның ағасы Кәкіштің Аумат пен Қазихан деген екі баласын аудан милициясы мен ауыл белсенділері Ақкөлдің жағасында қуып жүріп сабап, қорлап өлтірген.

Ахаң ұсталғаннан кейін Алматыда қалған жары Бәдрисафа Мұхамедсадық қызы жазушы Горкийдің әйелі Пешковаға хат жазып «А.Байтұрсыновқа көмектесуін» өтінген. Сол кезде «Красный крест» деген мекемеде қызмет істеп жүрген Пешкова А.Байтұрсыновқа ара түскен. Содан кейін ғана А.Байтұрсынов 1934 жылы Архангелден Алматыға келген.  Бірақ, еш мекеме Ахаңды қызметке қабылдамаған. Тек бір орыс дәрігерінің қамқорлығына ілігіп, санитар болып жұмыс істеді.

А.Байтұрсыновты НКВД  1937 жылы күзде тұтқындаған. Бір апта өтпей, Ахаңның қарындасы Кәтездің күйеуі Рүстемді де (Әбдіғапар ханның баласы) тұтқындаған. Оның үйінен Ахаңның «Мәдениет тарихы» деген кітабын тауып, тергеуші алып кетіпті. Рүстемді сосын «Мемлекетке қауіпті адамның кітабын жасырған» деп айып тағып, оны да ату жазасына кесіпті.

Ахаң үшін бұл жолы ( 1937-жылы) Қали деген ағасының баласы Әмірді НКВД түрмеге тоғытып, оны да атып жіберіпті.

Ал, Ахаңның ауру халдегі жұбайы Бәдрисафаны асырап алған қызы Шолпанмен Том қаласына айдап жіберген. Содан Бәдрисафа Мұхаммедсадыққызы  1941 жылы оралып, Қостанайдағы Әмірдің баласы Назардың үйін іздеп тауып алады. Олардың көрген күні нашар екен, содан Бәдрисафа Қостанай жанындағы Қарттар үйінен пана тауып, сол жерде көп ұзамай өмірден өтеді.

Ал, Ақтастың баласы Шәймерден Қостанай жақтағы орыстардың арасына кіріп кетіп, содан НКВД-нің қуғынынан аман қалған.

Бар ғұмырын ұлтының мұратына сарп еткен Мемлекет қайраткері, бірнеше ғылымның негізін қалаған ғалым, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлы  1937 жылы НКВД-нің үштігінің шешімімен қараша айында атылып кетті. Сөйтіп, А.Байтұрсынов тура 66 жасында қанды қолдылардың оғынан өмірі қиылды. Патша оязын ұрғаны үшін ұзақ жыл каторгада болған әкесі Байтұрсын да елге келгеннен кейін, 66 жасында өмірден озып еді.

Әңгімемізді Шошақ балары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың оязды ұрып ұзақ жылға каторгаға айдалғанынан бастап едім. Қазақтың батыр тұлғаларының бұл ісі орыс отаршылдығына қарсы көрсеткен қайраты еді. Солай бола тұрса да, кейін, патшалық империя құлағаннан кейін, бұл ер азаматтарды ақтау туралы сөз қозғалмады. Кеңес билігі тұсында да солай болды. Солай болса да, біз А.Байтұрсыновтың ағалары, әкесі отаршыл, әділетсіз қоғамға қарсы айбат танытқаны үшін ғана айыпталғандарын, айдауда болғандарын іштей сеземіз.

Кеңес идеологиясы Алаш қайраткерлерін, оның ішінде  Ахмет Байтұрсынов тәрізді ұлы қайраткерді тұқымымен құртып жіберуді ойластырған еді. 1937 жылы НКВД Ахмет Байтұрсыновтан басқа, төрт туысын атып, ұрып өлтірген, екеуін Том қаласына жер айдаған.

Бірақ, осы аталған кісілер, НКВД-нің кінәсінен қаза тапса да ақталмады. Тек 1988 жылы осы кісілердің ішінен Одақ бойынша ақталғаны – Ахмет Байтұрсынов.

1988 жылға дейін Ахмет Байтұрсыновтың атын атау қылмыс болып саналды. Сонда, әділдікті талап еткені үшін сотталып кеткен 1885 жылды қосып санағанда, Шошақ балалары  103 жыл жазықсыз «айыпты» болып келген екен. Сексенінші жылға дейін «А.Байтұрсыновтың сөзін, өлеңін, әнін айтқаны» үшін сотталып, қызметінен қуылған адамдар болды. А.Байтұрсыновтың қандай деңгейде қуғында болғанын содан біле беріңіз.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, жазушы, тарихшы

Міржақып Дулатұлының Жалау Мыңбайұлына жазған хаты
23 жастағы Абайдың суреті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу