Міржақып Дулатұлының Жалау Мыңбайұлына жазған хаты

Oinet.kz 04-10-2020 974

image.png

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

Енді қандаймын?

Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.

Мен не көрмедім?

Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды. Әліде үшбақы болғыр Абайға өкпем жоқ. Тіріде маған ара түсушілер аз болды. Мен жылы сөзді, алдымен айналып кетейін, осы күнгі Ахмет (Байтұрсынұлы. — Ред.) деген кісіден ғана естідім.

Төңкеріске шейін көрмегенім қалған жоқ. Төңкеріс болмаса, бейшара қазақ менен айырылатын да шығар деп едім.

Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Жаны жәндем кеткір миссионерлердің, молдалардың, тілмаштардың қолжаулығы болудан құтылдым ғой деп ойлаушы едім. Оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ, не керегі бар, босқа куанған екенмін…

Жанның бәрі теңдік алып жатқан Кеңес үкіметінің тұсында менің бұтымды бұт, санымды сан қылып, кім көрінген созғылай бастады. Өзгені не қылайын, отаршылдық саясатын қолданбас-ау дейтін Білім кеңесі екеш Білім кеңесі де мені аямады. «Етістік», «сәрсендеме» деген жалаларды әкеп жапты маған. Бұйырмасын, біздің арамызда мұндай атты соғылғаңдар туғалы болып көрген емес. Не амалың бар? Құдай басқа салған соң көніп отырмыз. Кітаптарында, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы тағы жоқ.

«Қазақыландыру» деген бір пәлесі шықты да, көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазады да, міне, сені қазақыландырдық дейді. Жақын арада Қазалы дейтін қалада «кәператив күні» деген бір күн болып, жүрттың бәрі желігіп көшеге шықты. Ұялғаным-ай, кірерге тесік таба алмадым. Қолдарындағы қызыл туына сондағы жазғаны мынау: «Арзан тауара де дебенге һәм ауылдарға арзан астыт жұмыскерлер кетубі жақсу. Назыққанда амал би лелдік жеккуле-к пл! Жоғарлатуна керек канун есамклдің арзандауыға тауарлерде өсемен жегере уктабр іңқлаб».

Міне, жұртым, мені Қазалының «қазақыландырғандағысы» осы! Жасаған-ай, мұндай да қазақыландыру болады екен!

Енді, қайтемін? Бұл мұңымды кімге айтамын, кімге шағамын!…

Менің ойлап-ойлап тапқаным – Жалау жолдас, сен болдың. Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Сен нағыз қазақтың бел баласы едің. Сен адырайған адай едің. Мұңымды мен жалғыз-ақ саған шағамын. Өзге комиссиялардың көбіне сенбеймін. Олардан да жақсылық көріп жүргенім жоқ. Газетке арнаған сөздерін сусылдатып орысша жазады да, шала-шарпы тілмаштарына аудартып, жанымды шығара жаздайды. «Тасты жапалаққа ұрса да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрса да жапалақ өледі» дегендей, бәз-баяғы менің сорым.

Жалаужан, мен саған жалынам, «Ауыл тілін» шығарамын, газетім нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегенде, ішім елжіреп кетеді. Мұныңа тілектеспін. Сенің керегіңе мен дайынмын. Бірақ, мені қорға, таза сақта, көрінген тілмәштарыңа тағы да қор қылма. Әсіресе, Қазалы сықылдылардың «қазақыландырғанынан» қорға. Азар коменес болып кетсең де, ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!

Мадияр. «Ауыл тілі», 27 июль, 1926 ж. №1.

«Кімде кім екі тумай іске жарамайды» - қазақтың ескі сөзі
Байтұрсын әулеті көрген жүз жылдық қуғын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу