Ақтауда 14 жастағы жасөспірімді қатарластары аяусыз соққыға жығып, видеоға түсірген

Oinet.kz 06-08-2026

Screenshot_19.jpg

Ақтауда 14 жастағы жасөспірім соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады.

Бұл туралы жергілікті тұрғын Ақтоты Ахметқызы мәлімдеді. Оқиға 4 тамызда таңертең 32А шағынауданындағы №10 үйдің маңында болған. Дүкенге шыққан оның 14 жастағы інісіне шамамен 16-17 жастағы екі жасөспірім жақындаған.

Оның сөзінше, күдіктілер баланың телефоны арқылы сол үйде тұратын досына қоңырау шалып, сыртқа шығуын талап еткен. Алайда ол бас тартқан.

Қыздың айтуынша, осыдан кейін жасөспірімдер баланы соққыға жығып, болған жағдайды оның ұялы телефонына түсіріп алған. Кейін видеоны досына жіберіп, "шықпасаң, досыңның жағдайы осындай болады" деген мазмұнда хабарлама жолдаған.

"Бұл - адамшылыққа жат әрекет. Мұндай қатыгездік ертең одан да ауыр қылмысқа ұласуы мүмкін", - дейді Ақтоты Ахметқызы.

Оқиғадан кейін күдікті жасөспірімдер аналарымен бірге полиция пунктіне жеткізілген. Алайда, жәбірленуші тараптың айтуынша, олар кінәсін мойындамаған.

Зардап шеккен жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған компьютерлік томография және басқа да тексерістер жүргізген. Тексеріс қорытындысы бойынша бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: қаза болған қыздың әкесі 100 млн теңге өтемақы талап етті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу