Әйелдерді "ұрғашылар" деген ер адам ұсталды
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан жайтқа қатысты тағы бір мәлімдеме жасады.

Бұған дейін Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздеріне байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ өкілдері.
Ведомство адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемеге заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертті.
Айта кетейік, желіде тойда тілек айтуға шыққан ер адамның видеосы қызу талқыланып жатыр. Видеодан ол музыканы сынға алып, шариғат талаптарына сай емес екенін айтқаны, әйелдер мен ерлер бірге отырмауы қажет екенін мәлімдегені естіледі.
"Музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Шариғатқа түк те сай келмейді. Екіншісі, шариғатта "ұрғашылар" мен еркектер бірге отыруға болмайды", - дейді видеода ер адам.


