Жемқорлықты шымкентше жарылқау

Oinet.kz 12-08-2026

Screenshot_4.png

Шымкентте осыдан төрт  жылдан астам уақыт бұрын, қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ бюджеттің 747 миллион теңгесін талан-таражға салды деген айып бойынша қозғалған іс сотқа жетпеді. Заң алдында ешкім жазасын алған жоқ. «Әділетті Қазақстанның», «Жаңа Қазақстанның» Шымкенттегі сиқы, өкінішке қарай,  осылай болып тұр. «Ария-Жаңа Астана» компаниясы соңғы 3-4 жылдың көлемінде республиканың әр өңірінде жүз миллионнан 1-2 миллиард теңгеге дейінгі соманы құрайтын көптеген мемлекеттік сатып алулардың жеңімпазы болып танылған. Бірақ 10 миллиард теңгеден асатын ірі тапсырысты компания тек Шымкенттен ғана алған.

«Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр»,– деген ақпаратты антикор 2022 жылдың наурызында таратқан болатын. Құзырлы орган әзірге бұл істің толық мән-жайы тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейтінін айтумен шектелді. Осыдан кейін үнсіздік басталды.

«Рейтинг» газеті бұған дейін Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі «Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты журналистік зерттеуін жариялаған болатын.

Осы зерттеулерге қарағанда, компания Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстарына қатысқан. Дәлірегі «Ария-Жаңа Астана» аталған даңғылда жол және жолайырықтар салумен айналысқан. Компания бұл тапсырысты бір көзден ұтып алған. Осы жұмыстарға қаралған қаржының көлемі 10 208 388 710 (он миллиард екі жүз сегіз миллион үш жүз сексен сегіз мың жеті жүз он) теңгені құраған.

Шымкент қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Ария-Жаңа Қазақстан» компаниясы арасындағы келісімге сәйкес мердігерге қаражат 2019 жылдан бөліне бастаған. Осы жылы 9 900 000 теңге, 2020 жылы – 93 000 000, 2021 жылы – 45 323 000, 2021 жылы – 749 614 600, 2022 жылы – 3 463 964 479, ал  2023 жылы қалған  5 746 586 630 теңге бөлінуі тиіс болған. Бірақ мердігерге бұл қаражаттардың нақты қаншасының бөлінгені белгісіз. Белгілісі, Қаңтар оқиғасынан кейін жағдай күрт өзгеріп,  басқарма мердігермен келісімшартты біржақты бұзған. Осы аралықта компания мен Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс қозғалады.

Бұл іске қатысты ешқандай ақпарат таратылмады. Былтыр біз Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  осы істің тағдырын қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтан сұраған болатынбыз.

– Мердігер мекеме бюджетке келтірген шығынды толық қайтарғандықтан, оған қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданған жоқ,– деп жауап берді басқарма басшысы. Яғни, біздің түсінгеніміз,  ішкен-жегенін орнына қойған Гүлмира Сатыбалды жазадан сытылып кеткен. Бюджеттен ұрлаған ақшасын орнына қойып берсе, қылмыстық жазадан құтқарып жіберу заңға, ақылға сия ма?

Осы жерде мына бір мәселеге тоқтала кетейік.  Гүлмира Сатыбалдыға 2023 жылы екі сот үкімі шыққан.  Сол жылдың маусымында Қызылорда қаласының №2 соты жоғарыда аталған  «Ария- Жаңа Қазақстан» компаниясының құрылтайшылары мен Қызылорда қалалық әкімдігінің қызметкерлерін соттаған. Тергеу барысында анықталғандай, компанияның шын иесі (сот үкімінде солай деп жазылған Ж.Т.)  Гүлмира Сатыбалдының ықпалымен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС 2018 жылдың күзінде Сырдария өзенінің сол жағалауына жылу желілерін тарту бойынша тендерді жеңіп алған. Ақыр аяғында Гүлмира Сатыбалды кәсіпорын басшысымен бірлесіп, 441 миллион теңгені жымқырған. Бірақ Г.Сатыбалды мемлекетке келтірген шығынды сотқа дейін толығымен құйып тастаған. Соның өзінде сот шенеуніктердің әрқайсысын  7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал Назарбаевтың экс-келіні содан бір ай бұрын бизнесмен Тұрсын  Алагөзовтың компаниясын рейдерлік жолмен тартып алғаны үшін Астанадағы соттың үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қызылорданың соты осы жазаға тағы бір жылды қосып, Гүлмира Сатыбалдыны  8 жылға бас бостандығынан айырды.

 Гүлмира Сатыбалы мен оған қарасты компанияның Шымкентте жымқырған ақшасы Қызылордамен салыстырғанда  кемінде бір жарым есеге көп. Бірақ байқап отырғандарыңыздай, «экс-келін» Шымкенттегі қылмыстық әрекеті үшін ешқандай жазаға тартылған жоқ.

Мұны жемқорлықты шымкентше жарылқау дейміз бе? Сіз не дейсіз?


Ал осы кезде...

«Экс-келінге» төртінші сот үкімі шықты


 Дәл қазір ақпарат кеңістігінде тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының «хит» болып тұрғаны жасырын емес.  Бекболат Тілеуханның әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдының арқасында депутат болғаны жөніндегі әңгімесі жұртшылық арасында қызу талқыланып жатыр. Бекболаттың мұнысын біреулер мандатқа, халықтың аманатына қиянат жасау деп түсінсе, енді біреулер жоғарыдағылардың ықпалынсыз, мақұлдауынсыз ешкімнің де депутат бола алмайтынын алға тартуда.

Бекболаттың осы жәйтті араға бірнеше жыл салып барып жария етуін қалай түсінуге болады? Кешегі халық қалаулысының ағынан жарылуы ма? Әлде ақиқат пен шындықтың ерте ме, кеше пе бәрібір жарыққа шығатынын мойындау ма? Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

Міне, дәл осы кезде Қайрат Сатыбалдының бәйбішесі (дәлірегі бұрынғы жұбайы) Гүлмира Сатыбалдыға Астана соты үкім шығарды. Бұл «экс-келіннің» бірінші мәрте сотталуы емес. 

Бір қызығы, Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайына қатысты сот үкімінің шыққанын ешқандай құзырлы органдар таратқан жоқ. Бұл туралы ақпаратты сот кабинетінен де таба алмадық. Оны тек белгілі журналист Михаил Козачков әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті. Осы жарияланымға сенсек, бұл соттың Гүлмира Қауасқызына шығарған төртінші үкімі. Төртінші мәрте де оны кінәлі деп тапқанымен, бұған дейін белгіленген 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалдырылған. Еске түсіріп көрейік:

Жоғарыда айтылғандай,  2023 жылы Гүлмира Сатыбалдыға  қатысты екі сот үкімі шыққан. Оның алғашқысы «өз бетінше билік ету»,  «адам ұрлаумен» байланысты. Бұдан кейінгі үкім «бөтеннің мүлкін талан таражға салуға» қатысты. Екі үкіммен ол 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алған. Бір жылдан кейін «бопсалау мен адамды заңсыз бос бостандығынан айыру» баптарынан кейін оның жазасы 12 жылға жоғарылайды.

Бұл жолы Гүлмира Сатыбалдының ісі сотқа «өз бетінше билік етумен, алдаумен  ұштасқан адамға мүліктік зиян келтіру» айыбы бойынша түскен. Іс бойынша жәбірленуші деп танылған азамат оның  бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов деген азамат. Гүлмира Сатыбалды мен Абай Жүнісов бизнесте әріптес болған. Алматыдан  жеке тұрғын үй кешенін  салған. Құрылысқа қажетті ақшаны банктен, бір бөлігін мемлекеттен алғанға ұқсайды. Кейінірек екіарада не болғанын кім білсін, Гүлмира Сатыбалды күйеу баласына құжаттарға күштеп қол қойдырады. Тіпті айтқанына көнбегені үшін оны алғашқыда 4-5 ай бойы әлдебір үйдің жертөлесінде ұстаған дейді. Не керек, бұл оқиғаның ақыры Жүнісовтің  «ВТБ банкіне» 8 миллиард теңге қарыз болып қалуымен аяқталады. Қаңтар оқиғасынан кейін Жүнісов осы жөнінде құзырлы органдарға арызданады. «Экс-келіннің» әрекетіне осыдан кейін барып назар аударған органдар тергеу амалдарын төрт жыл бойы жүргізген болып тұр ғой.

Сотта Гүлмира Қауасқызы бұл жолы да өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол айыптау қорытындысындағы кейбір сөздерді және  Жүнісовтің банкке қарыз болып қалуына өзінің не қатысы барын түсінбегенін алға тартыпты.  Сот оны тағылған айып бойынша кінәлі деп тапқан. Бірақ алдыңғы 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырған. Есесіне оған 8 миллиард теңгеден астам қаражатты төлеуді міндеттеген. Сот үкімі әлі күшіне енбеген. Сатыбалдыға  апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар. 


«Рейтинг» газеті, 12 тамыз 2026 жыл.


Субсидия үшін сотталғандар. Ал шенеуніктер «судан таза, сүттен ақ» болып шықты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу