Генералдың кадры сотталды. Енді Мұхтар Қожаевтың жауапкершілігі қарала ма?

Oinet.kz 19-08-2026

Screenshot_1.png

Жылқы жылы шымкенттік полицейлер үшін жайсыздау жыл болғаны рас. Жуырда үшінші мегаполисте тағы бір лауазымды полицейге, дәлірегі, Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жеңіс Әуелбековке сот үкімі шықты. Бұл мегаполисте биыл осыменен нешінші полковниктің сотталуы? Санынан өзіміз де жаңылыса бастадық қой.

Бірақ бұған дейін сотталған полковниктер (оның ішінде Тұран аудандық полиция басқармасының басшысы мен әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы бар) бұрынғы басшылықтың кезінде тағайындалып, сол басшылық тұсында ұсталған. Ал Жеңіс Әуелбеков Шымкент полициясына биыл жыл басында «Нұрай ісіне» қатысты Президенттің сынынан кейін бұрынғы басшылықтың  отставкаға кетуінен соң келген генерал Мұхтар Қожаевтың өзі тағайындаған кадры.

Бұл істің басқа істерден басты ерекшелігі осында. Енді генерал мен оның қорғаушылары не деп ақталар екен?

 Жеңіс Әуелбеков үкімде жазылғандай, Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының биылғы 24 сәуірдегі бұйрығымен Шымкент ҚПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған. Орынбасар ретінде оған ішкі тәртіпті қадағалау, оның ішінде қарамағындағы қызметкерлер мен жұмыскерлердің тәртіп пен заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету, ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөнінде шаралар қабылдау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасау фактілеріне жол бермеу, сыбайлас жемқорлықтың кімнен шыққанына қарамастан кез келген көрінісіне қарсы тұру, оларға төзбеушілік таныту және басқа да міндеттер жүктелген. Енді генерал сенім артқан полицейдің мойнына алған міндетін қаншалықты дәрежеде орындағанын қарап көріңіздер.

Жаңа қызметке тағайындалған соң Әуелбеков көп ұзамай аталған басқарма басшысының міндетін атқаруға кіріскен. Оның бұл орынға қай уақытта жайғасқаны белгісіз. Белгілісі, қылмыстық оқиғаның алғашқы эпизоды маусымның басында орын алған.

Сот барысында Әуелбеков өзіне тағылған айыптарды толықтай мойындаған. Сондықтан оқиғаның одан әрі жалғасын оның сотта берген жауабымен сабақтайық.

Сонымен Әуелбековтің айтуынша, ол маусымның 4-5 күндері басқармаға 18 қытай азаматының құжаттарын тапсырып, «шетелдіктерге виза алуға жәрдем беру жөнінде міндеттеме алған» (үкімде солай жазылған Ж.Т.) А. деген азаматшаны кабинетіне шақырған.  Оған визаны тездетуге болатынын және ол үшін ақша беру қажет екенін, әр визаға келісім бергені үшін 30-35 мың теңге көлемінде ақы алынатынын айтқан. А. оның бұл талабымен келіскен. 8 маусымда ол жоғарыда айтылған 18 қытай азаматының құжаттарын рәсімдеу үшін Әуелбековке 600 мың теңге ақша берген. Ақшаны полковник оның үйіне келіп алып кеткен. Әуелбековтің айтуынша, ол Шымкенттегі сауда үйлерінің біріне барып, 600 мың теңгенің бір бөлігін несиелерін өтеуге жұмсап, қалғанын өз қажетіне жаратқан.

Осы аралықта Әуелбеков пен А. арасында тағы үш шетел азаматының құжаттарын рәсімдеуге қатысты келісім жасалған. Екіарадағы қызмет ақыны полковник 100 мың теңгеге бағалаған.

Әуелбеков бұл ақшаны 16 маусымда кешкі уақытта жұмыс орнындағы баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанда А.-дан алған. Бұдан кейін әкімшілік ғимараттан шығып, автокөлігіне қарай бет алған сәтте оны ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері құрықтаған. Үкімде жазылғандай, А. ҰҚК-ға 12 маусымда арызданған.

Сотта полковник кінәсін толық мойындайтынын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіретінін, іс бойынша дәлелдемелерге дау келтірмейтінін және олармен келісетінін айтқан. Сонымен қатар отбасылық және денсаулық жағдайын, үйінің жалғыз асыраушысы екенін ескеріп, соттан айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраған.

Сот   Әуелбековті Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен, яғни бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танып, түпкілікті 23 миллион 531 мың теңге айыппұл жазасын тағайындады. Үкім әлі күшіне енген жоқ. Іс бойынша қысқаша мән-жай осы ғана.

Жалпы, неге екені қайдам, Шымкентте кезекті рет лауазымды полиция қызметкерінің сотталғаны туралы жартымды ақпарат таратылған жоқ. Тек белгілі журналист Михаил Козачков телеграмдағы каналында  Әуелбеков ұсталғаннан кейін Шымкент қалалық полициясында бірқатар басшылардың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазды. Олардың ішінде Өзіндік қауіпсіздік басқармасының лауазымды басшылары болған. Ал департамент басшысының орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза берілген.

Ішкі істер министрлігі осы оқиғадан кейін көші-қон заңнамасына қатысты тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша мегаполистегі аудандық көші-қон бөлімдерінің басшылары қызметтен кеткен. Ал Әуелбековті осы қызметке тағайындаған Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы Мұхтар Қожаевтың жауапкершілігі қаралмай ма? Бұл туалы әзірге ешқандай мәлімет жоқ.

2026 жылғы 1 сәуірде Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері бұрынғы Шымкент қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полковник  Нұрлан Сембаевты ұстаған болатын. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, биыл ақпанда көші-қон полициясы келімсектерге қатысты арнайы іс-шара өткізген. Осы шара барысында Өзбекстаннан келген жұмысшылар еңбек ететін шлакоблок құятын заңсыз орын анықталған. Тәртіп сақшылары жұмысшылардың құжаттарын алып, өздерін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Заңсыз кәсіпорынның қожайынына да қауіп төнген. Тергеу және анықтау жұмыстары наурыз айына дейін созылған. Қысқасы, ақыр соңында полковник мәселені оң шешу үшін 1000 дана шлакоблок алуға келіскен. Оның нарықтық құны шамамен 142 мың теңгені құраған. Кәсіпкер бұл жөнінде ҰҚК-ға арызданған. Ұсталғаннан кейін Сембаев кінәсін толық мойындаған. Сот оны екі жылға бас бостандығынан, полковник шенінен және мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырған.

Бұған дейін, 2024 жылдың сәуірінде осы басқарманың бұрынғы бастығы Сұңғат Түгелбаев та сотталған еді. Ол бірнеше рет пара алғаны үшін жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сот материалдарында көрсетілгендей, Түгелбаев делдал арқылы шетел азаматтарынан Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеп, азаматтық алуға жәрдемдескені үшін ақша алып отырған. Сонымен қатар Түгелбаев полиция полковнигі атағынан айырылып, оған жеті миллион теңге көлемінде айыппұл салынды және мемлекеттік қызметте лауазым атқаруына өмір бойына тыйым салынды.

Әуелбековке шығарылған үкім Шымкент полициясында, оның ішінде  көші-қон қызыметі басқармасында сыбайлас жемқорлықтың қалыптасқан жүйеге айналғанын байқатады. Бәрі айналып келгенде жауапкершілікке барып тіреледі. Ал жауапкершілікті күшейту үшін министрлік, департамент не істеп жатыр? Әдетте мемлекеттік қызметте қарамағындағы қызметкері сыбайластыққа барса, оны қызметке тағайындаған басшы отставкіге арыз береді. Құзырлы органдарда мұндай тәртіп жоқ. Дегенмен бұл мүлдем сұрауы жоқ, жауабы жоқ дегенді білдірмейтін шығар.

Жоғарыдағы сот үкімінен кейін министрлік қандай шара қолданады? Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермес үшін шымкенттік шенділерге, генерал Мұхтар Қожаевқа қандай сабақ береді? Әлде бәрін жылы жауып қоя салады ма?

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 19 тамыз 2026 жыл.

 


Жемқорлықты шымкентше жарылқау
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу