Өзбекәлі Жәнібековтің аты берілсе
19-11-2020
«Түркістан, ондағы Әзірет Сұлтан кесенесі қазақ тарихының ең қасиетті жерінен саналады. Бұл — біздің ең жанды жеріміз. Соған қарамастан, білетіні бар, білмейтіні бар — талай адам араласып, қасиетті Түркістанның тағдырын дұрыс шеше алмай келеді. Қалай дегенде де біз бұл күрделі мәселеге аса сақтықпен қарауымыз керек».
Өзбекәлі Жәнібеков
Өзбекәлі Жәнібеков билік басында жүрсе де еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды түгендеу, зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмысына бейжай қарамағандығы әмбеге аян. Саналы ғұмырын қазақтың жоғын түгендеумен өткізді. Айрықша күмбезі көкпен таласқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің болашағына қатты алаңдағаны да белгілі. Алып кешенді қайта жөндеуден өткізіп, мұражай жасақтауы да екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа еді.
Қабіржапқыштың түпнұсқасы
Қорық-мұражайдың қолды болған тарихи жәдігерлерін қайта топтастыруы да аса қарымдылық танытқан Өзекең еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Соның бірі Қожа Ахмет Ясауи құлпытасы үстіне жабылған ХІV ғасырдан жеткен Қабіржапқыш ӘСММ КП №64 (көне инв. №ТК 655 ҚР ОММ) Қазақстан Республикасы Орталық мұражай қорынан қорық-мұражай қорына қайтаруға қосқан Өзекеңнің үлесін біріміз білсек біріміз біле бермейміз.
1978 жылдың 18 тамызындағы №3 актісі бойынша қорық-мұражай қорына қабылданып КК №64 тіркеу номерін алған. Акт бойынша Қабіржапқыш Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 1978 жылғы 5 сәуірдегі №106 бұйрығы бойынша қорық-мұражай қорына қайтарылған құжаттар әлі сақтаулы.
Қазақстан Республикасы Орталық мұражай ХІV ғасырдан жеткен Қабіржапқышты Орталық мұражай қорына қашан, кім әкеліп тапсырғандықтары туралы мәлімет бере алмаған. 2016 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханада болған сапарымызда «Сирек кездесетін қолжазбалар» секторының меңгерушісі А. мұқабасы өгіз терісінен жасалған алып қолжазба Құран кітабын көрсетті. Кітапты 1951-1952 жж. кесенеден алып келгендігі жөнінде айтты. Бұл біз көзімізбен көрген ғана жәдігерлер. Біз білмейтін қанша жәдігерлер қолды болғандығы бір Аллаға ғана аян.
1970-1975 жылдары Өзбекәлі Жәнібеков Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне алғаш бетбұрыс жасаған тұлғалардың бірі. Көне «Диуани хикмет» кітабының қолжазба, баспадан шыққан нұсқаларын мұражай қорына жинақтауды тапсырып, өз бақылауына алған болатын. Ауылды жерлерді аралап көптеген діни, тарихи кітаптарды қорық-мұражай қорына топтастыруға мұрындық болды.
Өзекеңді алғаш көруім дейді белгілі ақын-сазгер Ә.Манапов «бала кезімде ауылға ұзын бойлы, сұсты, бұйра шашты кісі әкем Манап Көкеновпен үйге келді. Мәке, өзіңіз білесіз қазіргі таңда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жоғалған дүниелерін түгендеп жүрміз. Мұражай құруды жоспарлап отырмыз. Ауылдан көне кітаптар жинап жүрген жағдайымыз бар. Осы жағына көмек қолын созсаңыз деді. Әкем осыдан біраз жыл бұрын тау бөктеріндегі ауыл маңында бір құдықтан көптеген ескі кітаптарды көргендігін айтты. Жас балаша қуанған Өзекең машинаға мініп сол жақа тартты. Араға едәуір уақыт салып келді. Еңселері түсіп кеткен. Таппапты. Өзекең базыналыққа басып; «Мәке, өзің айттың, өзіңнен көр, маған енді, көне кітаптар табасың»-деді әңгімені төтесінен қайырып. Сөйтіп әкем ауылдан біршама көне кітаптарды жинап беруге қолғабыс жасаған болатын»-дейді естелік айтушы Ә.Манапов.
Сондай-ақ 1980 жылдар басында кесене ішінде сақталған құлпытастарды ғалым Әбсаттар қажы Дербісәліге (ол кезде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушысы) оқытып, алғаш болып ғылыми айналымға енгізді. Есім хан кесенесі, Шілдехана діни-ғұрыптық орны, Қылует жерасты мешіті, белгісіз сағаналар, қам кірпіштен тұрғызылған қамал қорғанның шығыс бөлігі қалпына келтірілуіне, Рабия Сұлтан Бегім күмбезінің қайтадан бой көтеруіне септігін тигізді. Бұл тұрғысында «...Тарихымыздың, әсіресе ескерткіштеріміздің білімпаздарының бірі – Өзбекәлі ағамыз еді» – дейді қоғам қайраткері М.Жолдасбеков.
Кесенеге жүргізілген қайтажаңғырту жұмыстарының кейбір тұстарына көңілі толмады. Алматыда жұмыс бөлмесінде отырса да, тұрса да көңілі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізілген жұмыстарға алаңдаушылық танытты. Осы ойды Өзбекәлі Жәнібеков өзінің «Тағдыр тағылымы» еңбегінде одан әрі былай сабақтайды:
- Қолымызды байлай бергені – заттық-техникалық ресурстарды былай қойғанда, «Әзірет Сұлтан» қорығы сияқты аса күрделі сәулет ғимаратын қалпына келтіретіндей озық тәжірибенің жетісе бермейтінінде, маманданған шілеңгерлердің аздығында, әртүрлі себептермен бірін-бірі алмастыра берген шеберхана басшыларының тұрлаусыздығында еді - деп жазды.
Осы орайда Өзекеңе қатысты бір қызықты тарихи деректі келтіруді жөн санадым. 1982 жылдың күзінде «Казмузейреставрация» Түркістан бөлімі мамандары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі күмбезінің ұшына қойылған «құббаны» алу туралы Қазақ ССР Мәдениет министрлігіне хат жазады. Мақсат «құббаны» жаңғыртудан өткізіп орнына қайта қою болатын. Алдымен «құбба» сөзінің мағынасына тоқтала кетсек. Құбба жайында ғылыми әдебиеттерде жазылған материалдар жоқтың қасы десек те болады. «Құбба» арабтың сөзі күмбез дегенді білдіреді. Бұл тұжырымды шығыстанушы тарих ғылымдарының кандидаты А.А.Иванов та растайтындығын ғалым тарих ғылымдарының докторы, М.Қожа өз еңбегінде келтірген. Құбба ғылыми әдебиеттерде күмбездің ұштарына орнататын шошақтарды айтады. Ол көбінесе діни және сәулеттік құрылыстарға тән. Оны керамикадан, ағаштан немесе металдан жасайды. Құбанның іші қуыс, табан жағы кеңейтілген, жоғары жағы шар үстіне орнатылған конус тәріздес. Мойны мен табан бөліктері белдемше-буындарға бөлінген. Отырар ауданындағы Мыңшұңқырға жүргізілген археологиялық қазбадан төрт бүтін құбба және оның бөліктері табылған. Киелі шаһарды алғашқы болып зерттеген ғалым А.К.Кларе құббаларды мола ішінен де көп кездестіргендігін өз еңбектерінде жазып қалдырған.
Ойымызды әрі қарай сабақтасақ құббаның дөрекілеу, соңғы бір екі ғасырда жасалған үлгісін Созақтағы Қара Бура мазарынан да кездестіруге болады.
А.К.Кларе «Древнии Отырар и раскопки, произведенные в развалинах его в 1904 г.» еңбегіндегі жарияланған фотоға қарағанда Отырардан табылған нұсқа осы мыңшұқырлық құббаларға өте жақындығын атап өтеді. Бұл деректерді одан әрі дәлелдеген Массон М.Е., Пугаченкова Г.А., «Гумбез Манаса» атты еңбегінде ортағасырлық Қазақстан мен Орта Азия кесенелерінің күмбездеріне әдетте құбба орнатылып отырғандығын жазған. Әдетте Отырардан табылған алғашқы құббаның биіктігі 33 см болса, екінші бүтін құббаның биіктігі 27 см., табанының диаметрі 14 см., шарының диаметрі 18 см. Шар бетін айналдыра 10 ромб медальон түсірілген.
Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі күмбезінің ұшына қойылған «құбба» қоладан жасалған. Көлемі: биіктігі 79 см., диаметрі 45см құрайды. Пішіні құмыра тәріздес, ұшар басындағы кішкене табақшаның ортасында металл шабақтары айқаса орналасқан да оған жарты ай бейнесі салынған бөлігі бекітілген болу керек. Өкініштісі бұл бөлігі біздің заманымызға дейін жетпеген. Құббаның онан төменгі бөлігі құмыраның ернеуіне ұқсас, бірақ бүтін жұмырланып келген де мойын тұсына айналдыра жартылай дөңгелек тәрізді дөңестелген белдемше жасалған. Бүйірі дөңгелене сыртқа қарай шығып табанына қарай қайта қусырылған. Төменгі бөлігі құмыраның тұғыры іспеттес, яғни күмбездің ұшар басындағы ойыққа кигізіліп қоятын бөлігі болуы керек. Құббаның ғасырын анықтау үшін екі түрлі болжам жасауға болады. Біріншіден, ХІV ғасырдан жеткен жәдігер болуы мүмкін. Себебі күмбез жұмысы аяқталған кезде ғана құбба қойылады. Бұл құрылыс саласының заңдылығы. Құбба ХІV ғасырдан сақталған қола шырағдандарға, қабірхана есігінің оң және сол жақ қабырғасына мозайкалық кірпішпен конус тәріздес салынған бейнеге де өте ұқсас. Екіншіден, 1405 жылы Тұран билеушісі Әмір Темір Көреген дүние салған соң кесене құрылысы тоқтап қалғаны тарихтан мәлім. ХVІ ғасырда Сыр бойында орналасқан қалалар түгелімен Бұқар билеушісі Абдолла ІІ қол астына өтеді. Тарихи дерек бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аяқталмай қалған құрылыстарын осы билеуші тұсында аяқталғандығы айтылады. Мүмкін құбба ХVІ ғасырда жасалып күмбез ұшына қойылған болуы да ықтимал. Кесенеге сый ретінде жасалған тайқазан, шырағдандар, есіктер, лауха тәрізді жәдігерлерде қай жылы, не мақсатпен жасалғандығы жөнінде деректер кездестіруге болады. Ал құббада өкініштісі ешқандай жазулар мен ою-өрнектер кездеспейді. Сондықтан құбба ХVІ ғасырда жасалған жәдігер деген пікірге келіп отырмыз.
Құббаны күмбезден алу сәті
Құбба 1983 ж.
Жаңғыртудан өткен құбба.
Адам қолы жете бермейтін жәдігер талай сын сағаттарды басынан өткерді. 1819 жылы Қоқан ханы Омар (1809-1822 жж.) басып алып, Түркістанаға өз билігін жүргізді. Қоқан хандары Мұхаммед Әлі (1823-1842), Құдиярлар (1844-1858, 1862-1863,1865-1875 жж. билік жүргізді) осы аймаққа өз тәртіптерін орнатты.
1864 жылы полковник Веревкин бастаған орыс әскері Түркістанды қоршауға алып, кесенеге тығылған Қоқан әскерлеріне қарсы 12 дүркін зеңбірекпен оқ атқаны тарихтан мәлім. 1864 жылы12 маусымнан бастап киелі шаһар түбегейлі орыс әскерлерінің қолына өтеді. Кесене маңынан атты әскер, жаяу әскер топтастырған казарма, шаруашылық үйлерін салғызды. Қазіргі таңда кесене аумағында орналасқан «Түркістан тарихы» мұражайының ғимараты орыс әскерлерінің казармасы қызметін атқарған. Түркістандық көнекөз қариялардың айтуынша орыс әскерлері күмбез ұшына орналасқан құббаны сан мәрте винтовкалы мылтықтармен атқандығын айтады. Бұл тарихи шындық. Төрт жерінде оқ тескен іздері кездеседі. 1982 жылдың соңына қарай кесененің жай күйімен танысуға келген Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібековке «Казмузейреставрация» Түркістан бөлімі мамандар құббаны алу қажеттігі жөнінде мәселе көтереді. Кесененің жағдайымен толық танысқан Ө.Жәнібеков көп кешікпей құббаны алуға рұқсат берілетіндігін хабарлап хат жолдайды. Құббаны алудың өзі бір тарихи сәт еді. «Бұл 1983 жылдың қаңтар айы болатын. Жоғары басшылықтан рұқсат берілген соң мамандарды топтастырып ойластық. Құббаны қалай аламыз? Күмбезге қалай шығуға болады? деген сауалдар бірінші кезекте тұрды. Ойласа келе арнайы арқаннан саты жасату қажет деп шештік. 32 мм. арқан тауып, түркістандық шебер А.Шаймерденовтың (2010 жылы 90 жасында дүние салды) үйіне тарттық Мән-жайдың барлығын айтып, арқан сатыны бәрінше мықты жасалыну қажеттігін жеткіздім. Екі апта уақытта шебер арқан сатыны жасап шықты. Күннің суықтығына қарамастан мамандар арқанды күмбезге іліп алып, жан-жағынан мығымдап байлады. Арқаннан жасалған сатыға алдымен өзім шығуға бел будым. Шықтым. Алуға болатындығына көзім жетті. Құббаның тесіктері аздап бітелген. Күмбез ұшына шығып құббаға жақындап барғанымда құлағыма қазақ даласын тербеген Қорқыт қобызының үніндей дыбысты құлағым шалды. Адамға ерекше әсер береді. Қанша күмбезге шығып жүріп мұндай дыбысты алғаш естуім. Бұл Алланың құдіреті шығар дестім. Осы қоңыр үнді әуен әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Сонымен 13 қаңтар күні үш маманымыз құббаны алу жұмысын бастады. Алу оңай болмады. Бес сағатқа созылды. Істі аяқтаған соң Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібековке телефон соғып, барлық мән-жайды хабарладым. Араға үш күн салып Өзекең Түркістанға келді. Құббаға қарап тұрып, ойға шомылғандай әсер қалдырды. Біраз үнсіз тұрып, басын шайқап, рас екен-ау, әттең-ай. Осыдан он жыл бұрын Түркістанға келгенімде Х.Иманжанов қариямен табақтас болдым. Қазыналы қария күмбез ұшына қойылған құббаға орыс әскерлері оқ атқандығы жөнінде айтып еді. Расында сан мәрте мылтық оқтары тиіп, құббаның тесілгендігі «тайға таңба басқандай» болып көрініп тұр. Иә, іске көшелік, құббаны Алматыдағы «Казмузейреставрация» мекемесіне жаңғыртудан өткізуге алып кетемін. Құббаны орап, Өзекеңнің машинасының салып бердік. Арада екі ай өткен соң Өзекең телефон соқты. Мамандар құббаны жаңғыртудан өткізіп жатыр. Менің сендерге тосын сыйым бар. Сөйтіп өзінің бір аптадан кейін Түркістанға келетіндігін жеткізді. Бір аптадан соң Өзекең Түркістанға келді. Бархыт материалына ораған құббаның көшірмесін алюмини материалынан арнайы жасатыпты. Қазіргі таңда қорық-мұражай қорында сақтаулы. Бәрекелді дестік. Тарихи жәдігердің келуін тағатсыздана күткен болатынбыз. Құбба келетін күні түркістандық қариялар бірінен соң бірі кесене маңына ағылды. Өзекең ақсақалдармен амандық саулық сұрасып болған соң құббаны бізге салтанатты түрде табыстады. Құббаны көктем шыға қайта кесене күмбезіне орнаттық» - дейді естелік айтушы Ж.Әлімов. Өкініштісі Ө.Жәнібеков «Тағдыр тағылымы» атты кітабында бұл тарихи сәт жайында «ләм-мим» деп ауыз ашпағаны өкінішті-ақ. Мүмкін өзінің бұл іске де қатысы барлығын егжей-тегжейлі баяндауға табиғи қарапайымдылығы жібермеген болуы да ықтимал. Өзбекәлі Жәнібеков құббаның тарихына қалам тербегенде тарихи жәдігердің бізге беймәлім тұстары сырын ашып, ғылымға жаңа қырынан серпіліс берер ме еді.
Бұл мақала «Өзбекәлітану» ғылымының бір парасы болса, игі деген ізгі оймен қағаз бетіне түсіруді жөн көрдік.
Берік Байболов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі