Жарқанат қалай пайда болды? Филиппин ертегісі

Oinet.kz 13-01-2020 971

image.png

Филиппин ертегісі. Тагал тілінен аударған Р.Л.Рыбкина// Сказки и мифы народов Филиппин. Наука. 1975. Қазақ тіліне тәржімалаған Қарлығаш Әубәкір.

Жарқанат қалай пайда болды?

Ертеде бір мысық құстың балапанын ұстап, жеп қояды. Қанаты қатты болған соң тастай салады да, тағы бір тышқанды ұстап алады. Бірақ, қарны тоқ болған соң: «Кейін, қарным ашқан кезде жермін, әзірге тиіспей-ақ қояйын» – деп, тышқанды басып ұйықтап қалады. Ұйқыға батқан мысықтың уысында тышқан мен әуелде жеген құстың қанаты қалған еді. Біраз уақыттан соң мысықтың ұйқысы оның буын-буынын босатып, уысындағы тышқанды босатып жібереді. Мұны сезген тышқан жүгіре жөнеледі де, сәлден соң арқасына жабысқан қос қанатты көріп, таң қалады. Сөйтсе, тышқанның денесіне мысық жеген құстан қалған қанат жабысып, денесіне бітіп кеткен екен. Тышқан алай жүгіреді, былай жүгіреді, арқасындағы қанатты қағып көріп, таң-тамаша болады. Ендігі мезетте тышқан: «Мен тышқан емеспін. Қанатты құспын. Көк аспанды шарлап ұша аламын» - деп, мәз-мейрам болады. Баяғы үркек мінез аяқ астынан өзгереді. Басқа тышқандарға барып: «Әй, тышқандар! Көрдіңдер ме, менің қанатым бар!.. Мен енді ұша аламын. Сендер маған тең емессіңдер» – дейді асқақ үнмен.

Сөйтеді де, күріш алқабына ұшып кетеді.

Бірақ, қай жерге барса да, қандай құстармен сөйлессе де, бәрі мұның түрін көріп: «Сенің түрің құсқа келмейді. Кейпің тым қорқынышты екен. Бізге жолама. Бар, өзіңнің ататегің тышқандарыңа бар..» – деп азар да безер болады. Мұны естіп, қайғырған қанатты тышқан өзінің тышқандарына барса, олар: «Арқаңа қанат біткенде бізді менсінбей, келеке қылып ең. Енді не бетіңмен келдің? Бізге жолама..» – деп қуып жібереді. Содан бері құсқанатты тышқан өз кеудемсоқтығынан қатты ұялып, жарық күнде ешкімге өзінің түрін көрсетпей, тек қана қараңғы жерді мекен етіп, қара түнекте ғана ұшады екен. Ал, егер жарық сәуле түссе, өзінің ұсқынсыздығынан ұялып, өзін жарға соғады екен. Сондықтан да оны жарқанат деп атаса керек.

PS. Не нәрсе пейілден...

«Мен де қайта туып көрейінші...»
Жақсы күйеу (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу