Сынықшы Сүлеймен

Oinet.kz 10-09-2020 1732

Сүлеймен.jpg

Ойылдың барқын құмдарын көрсем Шалқардың қызыл құмдары еске түседі.

Екі жердің де топырағы қасиетті.Табиғаты бір-біріне ұқсайды. Адамдарында ерекшелік бар.Жалпы,құмға аунап өскен бала қаланы емес, даланы аңсап тұрады екен.

2000-2005 жылдары гостролдік сапармен Ойыл ауданын көп араладық. Құртмай мен балқаймақтың дәмін татқан әртістер осы өңірге құштар болып алды. Жылына екі рет келеміз. Концерт қоямыз.

Әсіресе,ақ тарының  атасы атанған Шығанақ Берсиевтің ауылына бірінші барамыз.

Сол жылы оң аяғымды баса алмай ақсаңдап қалдым.Тізем бүгілсе жазылмайды.Отырған жерімнен біреудің көмегімен әрең тұрамын. Қылжақбас әртістер "Нұрекең көтерем болып қалды"деп, қалжыңдайды. Дәрігердің жазып берген барлық қыздыратын майларын жақтым.Әсер етпеді.Тіземді рентген аппаратына түсірді.Түк таппады.Инемен шанышты.Өзгеріс болмады.Отыздан асқан шақта таяққа сүйеніп қаламын ба,деген бөтен ой мазалай берді.

Кезекті іс-сапармен Қаратал селосына тоқтадық.Мәдениет ошағына театрдың заттарын түсіріп,клуб меңгерушісінің үйіне түстенуге келдік.Үйдің иесі менің аяғымды баса алмай мазасыз күй кешіп отырғанымды байқады. Шәй үстінде ауыл шетінде атақты емші,сынықшы Сүлеймен атаның зираты бар екенін айтты.Тус ауа жаяулатып әулие кісінің басына бардық.Бейіттің ішінде жиде ағашы өсіп тұр.Атаның әруағына сиынып дұға жасадық. Мен алақаныммен Сүлеймен атаның құлыптасын ұстап  аяғымның ауырған жерін сипадым.Барлық кәделерді жасап мәдениет үйіне келдік.Концерт ойдағыдай жақсы өтті. Манағы үйден кешкі ас ішіп жатып қалдық. Таңертең ұйқыдан тұрып жатып оң аяғымның тізе тұсының көкпеңбек болып кеткенін көрдім.Соққы тигендей көгеріп кетіпті. Ол ештеңе емес,аяғым сап-сау.Орнымнан ұшып тұрдым.Қайта отырдым. Ешқандай сырқаттың белгісі жоқ.Таң қалдым. Бұл қалай?

-Нұреке,сенің аяғыңды түнде атаның әруағы келіп емдеп кеткен,көгеріп тұрғаны содан-деді үй иесі.

Ал,сенбей көр.Атақты сынықшы тірі кезінде сүйегі үгітіліп қалған  адамдарды бір сипап сынықты орнына салады екен."Қол-аяғы қирап" алдына барғандар сауығып тұрады.

Бүгінде Сүлеймен ата дүние салса да, ем іздеп келгендерге шипасы әлі жүріп тұр.Қаратал селосында арнайы түнек орны бар.Ұрпақтары осы ауылда тұрады. Немерелері ел басқарып отыр.

Ұлы даланы мекен еткен қазаққа "әу баста" қасиет қонаған ұлт қой...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН


Бір уыс топырақ
Ақтөс неге ұлыды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу