Тесік шелек туралы тәмсіл
Бір байдың үйіне қызметшісі күнде екі шелекпен су таситын. Алайда, оның біреуінің түбі тесік болатын. Бүтін шелекпен суды қожайынның үйіне төкпей-шашпай жеткізсе, тесік шелекке құйылған су жол бойы тамып, жартысы ғана кәдеге жарайтын. Осылайша арада екі жыл сырғып өте шығыпты.
Бір күні әдеттегідей өзен жағасына тағы барғанда, шыдамаған тесік шелек су тасушыға қысыла-қымтырыла: «Сізден кешірім сұрасам деп едім, білсеңіз ылғи алдыңызда ұяттан өртене жаздаймын»,- депті. Таңқалған су тасушы: «Неге?» деп сұрайды. Шелек: «Өйткені, түбім тесік болғандықтан, судың жартысын ғана жеткізіп, өзіме жүктелген міндетті толық орындай алмай жүргеніме іштей қатты қысылам. Менің кесірімнен сіз де тиесілі еңбекақыңызды толықтай ала алмай келесіз» дегенде қызметші: «Оған түк те қайғырма. Одан да қожайынның үйіне баратын жолдың сен жағындағы гүлдеріне бір қарашы», - депті жай ғана.
Шынында да қожайынның үйіне жеткенше жолдың өз жағы жапырағы жайқалған, иісі аңқыған гүлдермен көмкеріліпті. Әдеміліке тамсанған шелек бір сәт аңтарылып тұрып қалғанда, су тасушы:
- Жолдың сен жағына әдейілеп гүлдер ектім. Күн сайын су алып қайтқанда сен оларды суғарып тұрдың. Екі жылдан бері қожайынды осылайша қуантып келдім. Егер сен тесік болмағаныңда, гүлдер болар ма еді?!», - деген екен.
Пенде болған соң тесік шелек секілді әркімнің де өзіне тән кемшіліктері болары сөзсіз. Алайда, одан қуыстанып, қорқа беру де жөн емес. Дегенмен, кемшілігін түзеп, үлгі ала білсе, жақсылыққа қарай ұмтылса, сіздің де біреуге пайдаңыз тиері сөзсіз.