Ағайын тату болғанда. Ағайындылар туралы әңгіме

Oinet.kz 08-09-2020 1737

Ағайындар.jpg

Дүниеден әкенің өткені өте қиын екен. Тас түскен жеріне ауыр демей ме? Ауылда айрандай ұйып отырған бір шаңырақтың әкесі қайтыс болып артында әйелі мен төрт ұлы қалды. Аспан айналып жерге түскендей, биік шынар ағаш құлағандай болып, бір қаза бір жанұяны қатты есеңгіретіп тастады. Төрт ұлдың үлкені естияр болатын. Мынау қаза оны тіпті есейтіп, ақыл тоқтатқызып жіберді. Кітап оқуды, өнер іздеуді жақсы көретін. Қалаға барамын, оқимын, білім қуамын деген армандары бар. Бірақ жалғыз шешесі мен үш бауырын ойлап, балалық армандарынан баз кешіп әке артында қалған он шақты қойдың басын құрап, ауылда қалды. Ауылда қандай қара жұмыс болса, соның басында балалардың ағасы жүреді. Ендігі бар тілегі артынан ерген бауырларын қатардан қалдырмай жетілдіру, оқытып-шоқыту.

Уақыт деген заулап өте береді емес пе? Осылай жүргенде табаны күректей 20 жыл өтіп кетті. Енді ағаның шаштарына да ақ кіре бастапты. Інілеріп ешкімнен кем қылмай өсірем деп жүргенде өзі де бір жақты болып қалғанын байқаған да жоқ, сірә! Адам өзінен бұрын өзгенің жайын ойлағанда осылай болады екен. Тек әйелі ғана анда-санда ауылдағы өмірге наразылығын білдіріп қояды. Сөйтіп жүргенде жалғыз аналарын да мәңгілік сапарға аттандырды. Оның артында да үңірейген орын ғана қалды...

Бір күні қаладағы інілері мен келіндері аға-жеңгесін зиярат жасап келеді екен деген хабар жеткенде, ағаның әйелі қатты оталып кетті. Ішін кернеп бара жатқан  қандай сезім екені белгісіз, әйтеуір, тым ауыр сөздер айтылып кетті:

- Отағасы, інілерім, інілерім деп жиырма жыл бойы ауылда отырдық. Сен екеуміз не қызық көрдік осы. Еш болмаса, аяғыңды артып жүретін жаман көлік те алған жоқпыз. Баспанамыз болса мынау! Келе жатыр, әне, туысқандарың! Еш болмаса, бірнеше күн бұрын хабар айтса қайтеді? Дәл тақап қалғанда, не деп келеді. Олар сен екеумізді сынау үшін келе жатыр. Үйде олардың алдына қоятын жөні түзу тәттіміз де жоқ. Талай рет айттым ғой саған, қалаға көшейік деп, Есі дұрыс елдің бәрі қалада неше түрлі қызық көріп жүргенде, біз отырмыз қу далаға байланып. Осы ма сонда өмір деген?

- Әй, қатын, тоқтатшы сөзіңді! Осыдан 20 жыл бұрын әкем дүниеден қайтқанда, оның артында қара тұман қалғанын білесің бе? Сол қара тұманның ішінде барар жер, басар тауымыз болмай біз қалдық. Жалғыз шешем мен туған бауырларым үшін жалған өмірімді құрбандыққа шалмасам, олардың бүгінгі күйі не болар еді. Қорықпа, осы өмірмен бәрі бітіп қалмайды ғой. Құдайдың бізге арнап қойған сыйы бар шығар...

Осы кезде інілер мен келіндер де кіріп келді. Арқа-жарқа амандасып, құшақтасып дастархан айналасына жайғасты. Қараса, қонақтар құры қол келмеген. Бір сәтте дастарханның үсті жайнап шыға келді. Бұйырған шайды ішіп болған соң, үлкен інісі сөз бастады:

- Айналайын, жан ағам менің, алтын жеңешем! Сіздер біз үшін қалаға көшпей осы ауылда қалып қойдыңыздар. Өздеріңіз ішпей, бізге ішкіздіңіздер. Өздеріңіз жемей бар тәттіні бізге жегіздіңіздер. Мына отырған үшеумізді де оқытып, білім әперіп, аяққа тұрғыздыңыздар. Сол үшін сіздерге басымызды иіп рақмет айтамыз. Бүкіл өмірлеріңізді біз үшін сарп еттіңіздер! Менің енді сіздерге арнаған азғантай сыйым бар еді. Соны қабыл етесіздер ме? Қаланың ортасынан төрт бөлмелі үй алып, бүгін ғана соның құжаттарын ағамның атына аударып келіп отырмын. Міне, соның кілті.

Осы сөздер айтылып жатқанда, ағаның көзіндегі жас тігінен емес, бүкіл көзді шайып көлденең ағып жатты. Жеңгесі де кемсеңдеп отыр екен. Сол кезде екінші інісі сөз алды.

- Алтын ағатайым менің! Мен де сізге жақсы бір көлік аламын деп ақша жинап едім. Мына кіші ініңіз сізге арнап көлік алып қойғанын бүгін біліп отырмын. Сол жинаған ақшамның өзін әкеліп едім. Аз да болса көптей етіп, қабыл етіңіздерші! Сіздерге шын ықыласыммен алғысымды білдіремін.

Осы кезде кіші інісі өзінен кейінгі ағасына ренжігендей болып:

- Ағатай, менің сыйымды айтып қойдыңыз, Қызық болмай қалды ғой енді деді, ағынан жарылып.

Осы кезде аға мен жеңгенің көздерінен ғана емес, жүректерінен де қуаныш жастары төгіле бастады. Бірақ ол дүние-мүлікке бір сәтте кенеліп қалғаннан емес, бауырларының осыншалықты адамшылық қасиетке кенеліп өскенін көргеннен еді. Осы сәтте ағаның соңғы 20 жылда көрген бейнеттері көз алдынан өте бастады. Інілері оқуға түскенде, бір тиындап ақша жинағандары, солардың тамағы аш болмасын деп қалаға ет, айран-сүт, құрт-май жеткізіп тұрғаны кино секілді көз алдынан өтіп жатты. Дауысы дірілдеп отырып:

- Айналайын, бауырларым! Мен сендер үшін еңбек еткенде, ешкімнен де алғыс күткенім жоқ. Не істесем де, шын ниетіммен, жан жүрегіммен жасады. Енді бүгін төбем көкке екі-ақ елі жетпей отыр. Аллаға сансыз шүкір, менің мақсатым бүгін орындалған сияқты..  Аман болыңдар, бауырларым. Маған керегі сендердің амандықтарың ғана! Көп рақмет сендерге.

Осы әңгіме айтылып жатқанда, жеңгенің де, үш келіннің де ойларынан: «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген мәтел өтіп жатты. Шынында да, солай емес пе?

Жер беті осындай бауырларға толса екен деген тілекпен,

Асылбек Әуезханұлы

Қанның құдіреті. Қан туралы мысал
Тесік шелек туралы тәмсіл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу