100 мақал-мәтел (2-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері

Oinet.kz 08-09-2020 1929

Мақал-мәтел.jpg

11. «Ақылды қайғырған жерде,

Ақымақ той қылады»

Қайғы әр түрлі болады, ел қайғысы да болады, ер қайғысы да болады. Яғни, қайғы жалпы да, жеке де болады. Қайғы мен қуаныш бір-біріне антоним сөздер, антоним ұғымдар.  Бір біріне жанаспайтыны да сондықтан.

12. «Әр күннiң өз таңы бар,

Әр жанның өз қамы бар»

Тіршілікте адамдар бір-біріне  жүк артып, міндет қылып жүреді. Жалпы ол дұрыс емес. Әр адам «мен бір-ақ рет айтқанда істей қоймады, келісе қоймады»,– деп ренжіп жатады. Сіз бір рет айтсаңыз, басқа қаншама адамдар да бір рет айтқан болады. Сол себепті де сол адамның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Егер сіз сол жақсылықты, сол істі қиналмай жасайтын болсаңыз, сонда өкпелеңіз. Олай ете алмаған жағдайда, ренжімеңіз. Әр адамда өз тіршілігі, өз қамы бар.

13 .  «Араға ерсең  балдан татарсың,

Қоңызға ерсең  қиға батарсың»

Мына тіршілікте аралардың өмір сүру тәртібі өте ерекше көрінеді. Олардың ортасында жалқау аралар болса, олар оны қатты жазалап, тіптім өлтіріп тастайды екен. Аралар тынбай гүлден нәр тасып, еңбек етеді. «Араға ерсең» дегенде адамның араға ермейтіні – түсінікті. Ара сияқты еңбекқор адаммен бірге жүрсең, бірге еңбек етсең деген мағынада айтылып тұр. Қоңыз да еңбекқор ғой дерсіз. Бірақ қоңыз әрекеті өз қарабасының игілігі үшін. Ол бал арасы сияқты адамдарға тамақ әзірлемейді.

14. «Түйеқұсқа: - Жүк артамын, ­ десе,

– Мен құспын, ­ дептi.

– Ұш, ­ десе,

– Мен түйемiн, ­ дептi»

Түйеқұстың тіл қатып сөйлей алмайтынын бәріміз білеміз. Мұндағы айтылмақ ой біздерге, адамдарға қатысты. Мойны еш жұмысқа жар бермейтін, жалқау адамның сөзі де, сылтауы да көп болады емес пе? Кейде өзіміздің бойымыздан да жалқаулықты көреміз. Егер сол жалқаулық болмаса, біз қаншама істерді атқарар едік, талай биіктерге де көтеріліп қалар едік... Келісесіз бе?

15. Бiр тауды  төңкеретiн де бар, Бiр дәндi зiл көретiн де бар.

Адамдардың адамгершілік қасиеттері еңбекке қатысынан білінеді. Біреулер бар кішкентай шаруа тапсырсаңыз, соны таудай етіп, қабығы түсіп жүріп орындайды. Сондай кескін-келбетін көргенде сол кісіге аз шаруаны тапсырғаныңызға өкінесіз. Ал кейбіреулер аз тапсырмаңызды молынан орындайды. Жоғарыдағы халық даналығы сондай адамдарға айтылған сөз болса керек.

16. Ақылды қасыңнан қорықпа,

Жарымес досыңнан қорық.

Достың да, қастың да жарымес емес, ақылды болғаны жақсы екен-ау.

Досың болса да, ақылы жетпегендіктен жамандық жасауы мүмкін екен.

17. Адамды тұрар адам қып, Ақжүректiлiк пен адалдық.

Адам баласының жақсы қасиеттері көп. Солардың ішінінде  тұғыры биігі-адалдық. Адал адамның бойында игі жақсылықтардың барлығы қамтылған. Өзгеден саралап  тұратын жарқын бейнесі-ақжүректілік. Екеуі гүл мен сабағындай қайталанбас ұғым.

18. Шеге тағаны сақтайды,

Таға тұлпарды сақтайды. Тұлпар ерiн сақтайды, Ер елiн сақтайды.

Ердің елін сақтауының арқасында біздер бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Тарихымызға көз жүгіртіп көріңізші. Қазақ халқының ұлан байтақ жерін жаудан қорғауда ер азамат пен тұлпардың рөлі ерекше болды. Халық даналығы осы бір ауыз сөзбен халқымыздың тарихынан да, тіршілігінен де хабар беретіндей.

19.     Алтыныңа сенгенше, ақылыңа сен.

Адам баласы тек өзіне, өзнің біліміне, ақылына, күшіне сену керек. Біреулерден жақсылық болса, ол – жақсы. Бірақ соған сеніп кетіп, өзіңді жетілдірмей, еңбек етуге ерінсең, нәтижесінде түксіз қаласың.

20. Жаманға сөз қатпағанның өзi ­ жауап.

Жалпы адамды «жақсы», «жаман» деп бөлуге болмайды. Жаман деген түсінік – парықсыз, сөздің мәнін түсінбейтін, сөз сөйлей білмейтін. т. б. ұнамсыз қасиеттері көп адам туралы айтылған болу керек. Жоғарыдағы мақал сондай адамммен сөйлесіп, пікірлесіп, түсінісу қиын болғандықтан шыққан.

100 мақал-мәтел(3-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері
100 мақал-мәтел(1-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу