100 мақал-мәтел(1-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері

Oinet.kz 08-09-2020 2039

Мақал-мәтел.jpg

1. Сөз қадiрiн  бiлмеген өз қадiрiн бiлмейдi.

Сөзді дұрыс сөйлеу де, сөзді дұрыс түсіну де өте маңызды. Адамдардың қарым-қатынасының баянды болмағы, бір-бірін түсінуі, жұмыстың алға басуы – сөзге байланысты. Орынсыз сөзді айтып, адам жанын қатты жаралап алу да оңай. Орынды айтылған сөз, біріншіден, өзіңіздің беделіңізді арттырады, екіншіден басқа адамдардың ар-намысына тимей, олармен жақсы қарым-қатынастың негізін салуға көмектеседі.

2. Халқын сүйген – салтын да сүйедi.

Әр халықтың өзінің салт-дәстүрі, сенім-нанымы болады.  Ол  – халықтың көне тарихымен бірге жасасып, озығы қалып, тозығы ескіріп ұмытылып жатады. Салт-дәстүрі жоқ ел болмайды. Қандай ел болмасын өз  халқының салт-дәстүрін сыйлайды, құрметтейді. Халық арасында мынадай аңыз бар: Ертеде, біздің дәуірімізге дейінгі заманда біздің ата-бабаларымызды жау шауып ала алмапты. Әскери дағдылары дамығаны сонша жау әскері ортаға келгенше тиіспей тұрады екен де, олар ортаға келгенде жан-жағынан шабуылдайтын көрінеді. Сонда түріктердің салт-дәстүрін жақсы білетін бір азғын, жаудың әскер басына: «Түріктер ата-бабаларының  аруақтарын қатты қадірлейді, егер ата-бабаларының бейітін талқандасаңыз, бүкіл түрік сонда жиналады. Сол кезде соғыса аласыз» депті.

3. «Үйдiң жылы, суығын

Қыс түскенде бiлерсiң.

Кiмнiң алыс-жақынын

Iс түскенде бiлерсiң»

Халқымыз «Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз» демекші, адам баласының басынан небір күндер, әр түрлі жағдайлар өтеді. Жақсы күнде жаныңнан табылатын жақындарды, басыңа қиындық түскен кезде іздеп таппай қаласың. Ал қиындықта қасыңыздан табылған, қол ұшын беріп көмектескен адам – сіздің адал досыңыз. Сондай достарыңыздан айырылып қалып жүрмеңіз. Халық даналығы қарапайым үйіңіздің жылы болғанын да, адамдарды тани білуді де үйретеді.

4. «Ата ­ асқар тау,

Ана ­ бауырындағы бұлақ,

Бала ­ жағасындағы құрақ»

Біздің халық көбінде ер азаматты асқар тауға балайды. Ол – ер азаматқа деген сенім, құрмет. Осы мақалда да сол ойды меңзеп тұрғаны анық. Ананы суға, бұлаққа теңеуде де үлкен мән бар. Сусыз тіршілік бола ма? Құраққа теңеген бала асқар таудың етегінде болса, бұлақтан нәр алса, ол тамаша болып өспей ме? Ақылды, берекелі ата-ананың балалары да өз әкешешесіндей ақылды, көргенді, адамгершілігі, кісілігі мол болады.

5. «Тозбасты ұста соқпайды,  Өлместі Құдай  жаратпайды»

Өмірдің өтпелі екенін ұқтыратын осындай қанатты сөздерді атабабаларымыз ежелден-ақ білетін болған. Сөзбен қайғылыны тоқтатып, басу айтқан, жұбатқан. Ал біздің халық қашаннан да сөзге тоқтаған. Сондықтан да бір жағдай болғанда, қимас заттыңды жоғалтып, сындырып алғанда қатты ренжімеу керек. Зат болған соң ол сынады, тозады. Ал қайғы келгенде де қарсы тұра білу керек. Абайдың сөзі бар емес пе: «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме» деген.

6. «Кешегi күннен алыс жоқ, Ертеңгi күннен жақын жоқ»

Халық даналығы ұрпағына қандай асыл сөзді, тәрбиені осы бір мақал арқылы қалдырғанын түсінейік. Тоқсан ауыз сөз айтуға болатын еді. Өткенге өкінбеуді, оның ешбір пайдасы жоқ екенін, ертеңгі күннің, мейлі ол 20,30,40 жыл болса да, оның жақын екенін тобықтай түйінмен жеткізіп тұрған жоқ па?

Сондықтан да,  өткенге өкіне берудің қажеті жоқ. Бүгінгі күнмен өмір сүру керек. Ал болашақтағы жақсылықтың іргесін ереңге қалдырмай, бүгін қалаған дұрыс.

7. «Айрылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа»

* «Қайырылмастай сөз» деген –ауыр сөз. Жүректі жаралайтын сөз. Достық дегенді мінсіздікпен шатастыруға болмайды. Адам – пенде. Пенденің әрекетінің дұрысы да, кей-кейде бұрысы да бола береді. Досыңа өз басың өте адал бол. Ал дұшпандықпен біреулер араларыңызға сына  қақса, ауыр сөз айтпас бұрын, ойланыңыз. Уақыт – емші. Өзіңізді сабырға шақырыңыз.  Мінсіз адам болмайтынын ойлап, достық қарым-қатынасыңызды сақтап қалуға тырысыңыз.

8.      « Бiлiмдiмен дос болсаң,

Сасқанда ақылын айтар. Бiлiмсiзбен дос  болсаң,

Топ iшiнде бетiң қайтар»

Білімді тар ұғымда, білімі бар адам деп, ал кең мағынада көргенді, ақыл-парасаты мол, білімді, жақсы мінезді адам деп білеміз. Бұл мақалдағы «білімді» осы екіншіге дәл келеді. Сондай адаммен дос болған адамдар өздерін бақыттымын десе болады. Ал «білімсіз» дегендер білімдіге қарамақарсы адамдар. Адамгершілігі, кісілігі төмен адамды білімсіз адам дейді. Абай: «... білімсізге қылған жақсылық өзі адамды бұзады» дейді емес пе?

9.  «Ұясын ұнатпаған  құс – оңбас»

Қазақ халқы тұрақтылықты, адалдықты жақсы көреді. Құсқа байланысты да олардың қалыптасқан пікірлері бар: Сауысқанды бірлігі жоқ деп ұнатпайды, қарғаны тілеуі жаман деп ұнатпайды, көкекті өз атын өзі шақырады дейді, қарлығаш құстың еңбекқорлығын, адалдығын ұнатады, қараторғайды, бозторғайды  әнге қосады, бұлбұлды, қыранды үкіні қатты бағалайды. Құс тіршілігін бақылаған бабаларымыз, адамдардың жөнсіз, өз үйінен безген жаман әрекетін бетіне айтпай, құстың жаман қасиетін айту арқылы түсіндіреді.

10.    « Жақсы жолдас ерттiм дегенше,

Жарты жолдан өттiм де»

Адамның жас күнінде жолдастары көп болады. Бірге ойнаған да жолдас, бірге жүрген де жолдас. Егер баланың сол жолдастары жақсы болса, талапты, мәдениетті болса, бала соларға еліктеп, өзі де жақсы болуға тырысады. Ал егер керісінше тәртіпсіз, бұзақы болса, ол қиын жағдайға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан әр ата-ана баласының жанындағы жолдастарын танып, біліп жүргені абзал. Жора-жолдастары жақсы болса, көмектессе, қиындықты жеңуге болды. Мақалдың бізге айтпағы да мүмкін сол шығар.


100 мақал-мәтел (2-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері
Ырыс. Ырыс, береке туралы шығарма
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу