Кілемше ұрлаған қайыршы
Әулие Мәулана Руми бірде намаз оқып жатқанда, үйіне қайыршы бас сұғыпты. Мәулананың намазға қатты тұңғиықтап кеткенін көрген қайыршы дереу бір кілемшені ұрлап шығып кетсе керек. Бұны байқап қалған көршісі ол ұрыны базарда әлгі кілемшені сатып жібермек болып тұрған жерінен ұстап алып, ұрып-соғып Мәуланаға алып келіпті. Сонда әлгі ұрының кейпіне жаны ашыған Мәулана «Алса, бәлкім, керек болғаннан кейін алған шығар, соған бола бұл байғұсты ұрып-соқпай, қолынан сатып-ақ ала салсаң болмас па еді»,- деп аяушылық танытса керек. Пайғамбарымыз үйреткен кешірімділік пен жұмсақмінезділікті бойына осыншалықты сіңірген жандарға не деуге болады! Өзіне жамандық жасап тұрған адамның өзін кешіріп, жанашырлықпен қарай білу, оған қайта жақсылық жасау - ислам тағылымын терең меңгерген жандарда ғана кездесетін асыл қасиет болса керек! (Шамсаддин Ахмад әл-Афақи, Манақиб ул Арифин, Тахсин Языжы (Анкара: Түрік Тарих куруму басымеви, 1959), том І, 405).
Мұнайдар Балмолданың фб парақшасынан алынды