Сағыныш туралы өлең. Саған деген сағынышым сарқылмас

Oinet.kz 08-09-2020 2456

Күз мезгілі.jpg

Саған деген сағынышым сарқылмас,

Күз сияқты тарқатылған алтын шаш.

Көзім жұмсам көз алдымнан кетпейсің,

Алтын ерін, алтын кірпік, алтын қас.

Саған деген сағынышым бітпейді,

Іздеп барам күтпе мейлің, күт мейлі.

Жүрегіме бағынбайтын бір сезім,

Дәл осындай ауыр міндет жүктейді.

Іздеп барам сен тұратын шаһарға,

Алып қала қоспаса да қатарға.

Сені іздеймін көшелер мен бақтардан,

О, Жаратқан, жар бол осы сапарға!

Сен жүретін жермен жүрсем болғаны,

Өзен, көлі, тау мен тасы, орманы.

Бәрін сүйем, бәрі қымбат мен үшін,

Қаңғыбас ит жүрсе де сол

жол маңы.

Сен көретін көрсем деймін аспанды,

Шашыңды іліп, еркелейтін жас талды.

Адамдарды саған ұшырасатын,

Табаныңа тиген сүйем тастарды.

Самал жел де жүзіңді өбіп үп еткен,

Қара жер де қадамыңды із еткен.

Сыбырласын құлағыма, шырағым,

Бұл арадан жаңа сұлу қыз өткен.

Десе екен, содан асқан үн бар ма,

Айналады сен жүрген жер гүл маңға!

Жұпарыңа мас боламын ажарлым,

Қайтер едім назарыңды бұрғанда?!

Жанып, жоқ боп кетер ме екем мен байғұс,

Махаббатта кім ойлаған мұндай күш

Болады деп, мен - мен емес, Өлеңмін,

Өлең жүрек, өлең тілек, самғай түс!

Бір сәт сәулем, көріп қалсам сыртыңнан,

Жан жүрегім жанартаудай бұлқынған.

Қайтер екен, кетер ме еді жарылып,

Жарық күнге жанып мүлде ұмтылған!

Саған деген сағынышым мәңгілік,

Мәңгілікті әуелетем ән қылып.

Сағынышпен таңым атып, күн батса,

Өмір бойы өтем өстіп қаңғырып.

Саған деген сағынышым - сары күз,

Таңдайыма тамған тәтті бал уыз.

Саған деген сағынышым болмаса,

Мен де өмірде болмас едім ару қыз.

Мұнайдар Балмолда

17.09.2020 жыл.

Мықты еркек қатаң ұстанатын 5 заң
Кілемше ұрлаған қайыршы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу