ҚАҢҒЫРЫП КЕТЕР ЕДІМ. Қуаныш Мұқтай

Oinet.kz 08-09-2020 1113

Мұң.jpg

(Элегия)

Не шықты,

Ақыр сені сүйгенімнен,

Отында махаббаттың күйгенімнен?

Ішімде қоздап жатқан мұң алауы,

Қасиет бірге кетер сүйегіммен.

Білесің,

Берген серттен айнымадым,

Сен едің менің бақыт-шадыманым!

Жаутаңдап,

Қимай мені кеткеніңде...

Ақырғы кездесу деп ойламадым.

Мен сені өзім көріп еркеледім,

Сен мені еркелетіп «Еркем» дедің.

Бейнеңді уақыт өте жатсынғаным,

Өзімнен өзім соған жеркенемін.

Зымырап,

Айлар өтті,

Жылдар өтті,

Қоштасып жазыменен қаздар кетті.

Қалғаным бер жағында дарияның,

«Қайтем, – деп әлі ерте, арғы бетті?»

Өрт шыққан су ішінен жалғанымда,

Қолқаны қара түтін алғанында,

Апыр-ай күш-қуатым қайда менің,

Бүрісіп,

Бір уыс боп қалғаным ба?

Сарғайып кеткенін-ай гүл даланың,

Көремін сары уайым мұң алауын.

Қалқатай,

Тыным бермес тірлігімсің

Кездесу арғы бетте сол алаңым...

Жобалап,

Тыңнан тартып,

Салдым қалам,

Шабытым оянсаңшы,

Жан сал маған!

Қаңғырып кетер едім,

Айдалаға

Ұйыған не береді дел-сал далам?

Қуаныш МҰҚТАЙ

Халық ақыны, қоғам қайраткері

10.09.20 жыл.

Кілемше ұрлаған қайыршы
Қырсықтық. Жұптар арасында түсініспеушілікке алып келетін себептер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу