Қос құмалақшы жайлы хикая
«Ойпырмай» дедім алғашқыда мұны естіп. «Оригинал» адамның бәрі бұрынырақта өмір сүрген бе деймін де кейде. Бұл жалғанда құмалақшы дегенге онша илана қоймайтын өз басым, мұны естігенде бірталай жайсыз күйге түскенім бар. Бұл енді ілгеріректе болған оқиға. Сондықтан суретті көріп, «лайк» басып, міндетімнен құтылдым деп өтіп кетпей, оқып өтіңіз, құрметті оқырманым!)))
Бұрынырақта аузы дуалы, айтқаны тура келетін бір құмалақшы болыпты. Сол кісі алыс ауылдан өз еліне қайтып келе жатыр екен. Астында аты, сосын аттың жемі салған дорбадан өзге дымы жоқ сол көкеміз жолай демалғысы келеді ғой. Тіпті алдым кеш, бір жыңғыл түбіне жата сап, ертемен қозғалармын деп те ойлайды. Содан ағамыз аттан түсіп, қандай шайтан иектегенін кім білсін, әлде, іші пысты ма, онысы өзіне аян, отыра қалып өз-өзіне құмалақ ашыпты. Құмалақты шашып жіберіп, қарап отырып, салған құмалағынан өзі шошиды ғой баяғы. Сондағы құмалақтың «айтқаны» мынау бопты: «Егер осыдан тоқтамай үйге барсаң, қатының өледі. Жолда тоқтасаң атың өледі. Ал осында қонсаң, өзің өлесің.» Құмалақ солай сөйлеген. Бұл қайтерін білмей сасады сол жерде. Не істерін білмей, дағдарған сол құмалақшыға анадайдан шаң көрініп, бір атты тура салып келеді екен. Түрі бұзылған құмалақшы жайын естіп, әрі жерде салынған құмалақты көріп әлгі ғайыптан келген атты былай депті.
-Ана мінген атыңның үстіндегі дорбада не бар?
-Аттың жолай жейтін арпасы бар.
-Онда соның аузын буып, үстін езгілей басыңыз.
-Қазір,-дейді де, бұл көкем сасқанынан бейтаныстың айтқанын заматта орындайды. Әбден мыжылған дорбаны төксе, сусылдаған қара жылан аударылып түсіпті. Міне, ғажап! Әлгі бейтаныс тағы былай дейді.
-Егер сен осында түнесең, мына ат жемдейтін дорба түбінде жатқан жылан түнде өзіңнің ажалың болып келер еді. Ал жолда қалмас үшін, тоқтап, атыңа дорба кигізіп, жем беретінің ақиқат. Онда ат мерт болатын еді. Ал тоқтамай үйге жеткенде, «күйеуім не әкелді екен» деп қызыққұмарлықпен дорбаңды қараған қатыныңды мына жылан ана дүниеге аттандыратын еді. Сіз қырық құмалақты сөйлеткенде, мен қырық бірінші құмалақты сөйлеттім...
Сөйтсе, мынау келген ана құмалақшыдан да зор біреу болып шығады. Міне, қос құмалақшы хикаясы осымен тәмәм.
Ал сізге қай құмалақшы кезігіп жүр? Аталарымыз айтатын «шын» құмалақшыға ма, әлде «жын» құмалақшыға сеніп жүрсіз бе? Ой қосыңыз...
Білсе, қазақ білсін деген ниет қой біздікі...
Ержан Қожас