Туған жер, отан туралы тақпақ. Туған жерім - тамырым

Oinet.kz 07-09-2020 2099

Туған жер.jpg

Туған жер көркін сыңсыған

Көзіммен көрдім сүйсініп.

Тентектеу жел де тыншыған,

Далаға байтақ нұр сіңіп.


Жыл құсы — көктем жеткен

Өзгерткен өңін жер түлеп.

Төпелеп нөсер өткенде,

Тозаңды кеткен жел күреп.


Көтерді таулар еңсесін,

Қож бетін бұлтқа сүйгізіп.

Қарағай, шырша өкшесін

Қадайды тасқа тигізіп.


Найзағай жар сап шатырлап,

Керілсе кемпірқосағы,

Нөсерге құйған сатырлап,

Кең дала жонын тосады.


Бұлақтар пісіп күбісін,

Сапырып жатыр қымызын.

Моншақтай шашып күмісін,

Оқиды жырын күнұзын.


Сай-сайға жылға жамырап,

Шіренді өзен кемері.

Орманда құстар ән құрап,

Түрленді ғажап жер өңі.


Жер беті нұрға оранып,

Бусанды бойы елжіреп.

Сыланды дала таранып,

Үкісін өбіп жел жібек.


Боз сағым құрып шымылдық,

Тау бетін жапты жасырып.

Өріне шыңның шұғыл тік

Ақша бұлт қапты асылып.


Тай, құлын шапса тасырлап,

Толады дала дүбірге.

Құлпырып тұрған  жасыл бақ,

Думан-жыр болар іңірде.


Қандырып көңіл құмарын,

Серуендеп жұттым таң нұрын.

Сүйеу ғып зәулім шынарын,

Сіңірдім бойға жаңбырын.


Тәңірім алғаш сыйлаған

Күніндей көктем — тағдырым.

Топырақ нәрін жинаған

Туған жер — түлер тамырым.

Отан туралы өлең. Мен сүйемін елімді
Қазақ туралы өлең. Мен қазақ боп туғаныма мақтанамын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу