Ауыл туралы өлең. Шөбі сирек, құмы ирек жер еді
АУЫЛ
Шөбі сирек, құмы ирек жер еді,
Қызы сұлу, жігіттері өр еді.
Сол ауылда еркелеу боп ер жеттім,
Мен əжемнің баласы едім себебі.
Бақытты еді Жылтырдағы балалық,
Жүруші едік қыста ғана ағарып.
Үш-ақ арна көрсететін ауылда,
Кітапхана кітабы еді бар азық.
Қой айырып жарығымен іңірдің,
Бұйра құмда жалаң аяқ жүгірдім.
Тəрбиені əжем берді,
Рухыма
Қажеттіні топырақтан сіңірдім.
Жаны жайсаң жандар еді тұратын,
Ақсақалы айтқаныңды ұғатын.
Ортаға алып Сəрсенбайдың құдығын,
Келіншектер мəслихат құратын.
Сонда қалды қозғаған қыз сезімді,
(Сағындым ба бүгін бала кезімді?)
Сол ауылға барған сайын көшеден,
Құмда ойнаған көріп қайтам өзімді.
Авторы Сәтжан Дәрібай